Суббота, Октябрь 1, 2022
Басты > Ел жаңалықтары > Құрметті ақтөбеліктер, қадірменді жерлестер!

Құрметті ақтөбеліктер, қадірменді жерлестер!

Күн мен түнді теңестіріп Ұлыстың ұлы күні — Наурыз да келді. Шүкір, қалың қыстан да аман шықтық. Қардың көбесі сөгіле бастады, күннің шуақты сәулесімен ылғал жерге терең сіңіп, ырыс пен берекенің бастауы болар деп үміттенеміз. Лайым солай болғай!

Наурыз мейрамы — ежелден келе жатқан жыл бастауы, жаңару мерекесі. Тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз қай кезде де елдіктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі.

Жаңа жылдан, жаңа күннен жақсылық күтетін болсақ, ол жақсылықтар жайдан-жай келмейтінін білуіміз керек. Бүгіннен бастап елдің болашағына қажет тиімді істерге барынша көңіл бөлінуі тиіс. Жайлы тұрмыс — тек нақты іс пен тиімді әрекеттердің нәтижесі. Өзгеріс өзімізден басталады десек, ол үшін санамызды өзгертіп, сөзден іске көшу керектігі өте маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы дамудың жаңа кезеңінде бетпе-бет келген сын-қатерлерге берілген нақты жауап болды. Онда еліміздің алдағы уақыттағы жаңару мен жаңғыру жолындағы батыл қадамдар атап көрсетілген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізді одан әрі демократияландыру бағдары жалғаса беретініне назар аударып, қоғамдық-саяси саладағы ауқымды және жүйелі реформалар топтамасын ұсынды. Бұл жаңа бастамалар еліміздің қазіргі саяси жүйесін түбегейлі қайта жаңғыртып, оның ашықтығын, есептілігін және тиімділігін арттыра түседі.

Мемлекет басшысының алдымызға қойған басымдықтары мен қоғамымыздың жаңаруы Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз мерекесімен жалғасып жатыр. Бұл Жаңа Қазақстанның алғышарттарының заңды жалғасы деп білгеніміз жөн.

Жолдау жүктеген ауқымды міндеттерді сапалы әрі нәтижелі орындау үшін баршамыз ауызбіршілікпен тізе қосып әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана өскелең ұрпаққа тек ілкімді ісімізбен ғана үлгі боламыз. Келген Жаңа жылымыз осындай игі істердің бастауы әрі жалғасы болғай!

Ұлтымыздың ұлылығын паш етер Наурыз мерекесі құтты болсын! Елімізге, әрбір отбасына ырыс пен молшылық әкелсін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Отанымыз береке мен бірліктің ордасы болғай! Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!

 

Оңдасын ОРАЗАЛИН,

Ақтөбе облысының әкімі.

 

/aqtobegazeti.kz/