Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ардагер ұстазға құрмет көрсетілді

Ардагер ұстазға құрмет көрсетілді

Бүгін Жұбанов университетінде «Қазіргі бастауыш мектепте оқу мен еңбек әрекеті: әдіснамасы және технологиясы» тақырыбында аймақтық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Ғылыми іс-шара бірегей ғалым  педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сембай Қаңтарбайдың 80 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Ардагер ұстаз еңбек жолында Ойыл  аудандық оқу бөлімінің инспекторы, мектеп мұғалімі, «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, Ақтөбе педагогикалық училищесінің педагогика және психология пәнінің мұғалімі, мектеп бөлімінің меңгерушісі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Жұбанов университетінің кафедра меңгерушісі және декан  қызметін атқарған. Қазір оқу орнының «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасында профессор-оқытушы  болып жұмыс істеп, білім және ғылым саласына еңбегін сіңіруді жалғастырып келеді.

Университет ректоры Лаура Қарабасова ғалымды мерейтойымен құттықтады.

«Ғылымда өз жолын салып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа тәрбиелік тағылымы, өнегесі, құрметімен абыройлы азаматтарымыз бар. Солардың бірі — Сембай Ерғалиұлы. Ағайдың ғалым ретіндегі рөлінен басқа,  кішіпейілдігі өз алдына бөлек. «Таудай бол!» деген батасы шуағын шашып жүретін үлкен жүректі азамат екенін көрсетеді. Әрбір оқу орнының өзіндік естелігі бар. Сол естелікте, санамызда ағайымыздың үлкен орын алатыны анық»,- деді университет басшысы.

Мерейтой иесіне кәсіподақ ұйымы атынан гүл шоқтары табыс етіліп, иығына шапан жабылды. Сонымен бірге Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы емделу шипажайына тегін жолдама берді.

Кездесуге қатысушылар бастауыш сыныптағы білім беруге байланысты бірқатар мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салды. Педагогика, психология және бастауыш оқыту кафедрасының меңгерушісі Гүлшат Бахтиярова ғалымның өмір жолы туралы мазмұнды баяндама жасады.