Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Спортшы студент-биолог

Спортшы студент-биолог

Әділ Исатай Zhubanov University «Биология» мамандығының 3-курс студенті, «Zhubanov Volleyball league» студенттік клубының төрағасы және бас төрешісі. «Үздік студент —2021» төсбелгісінің,  «ТМД  үздік студенті — 2021» төсбелгісінің, «Rector’s cup — 2021» баскетбол турнирінде «Үздік ойыншы» номинациясының, Волейболдан студенттер арасында өткен «Rector’s cup — 2021» турнирінің 2-орын,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде 2021 жылы өткен ҚР жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы «Биология» мамандығы бойынша ХIII Республикалық студенттік пәндік олимпиадасының 3-орын,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде осы жылы өткізілген  ЖОО арасындағы «Биология» ББ бойынша өткен Республикалық олимпиаданың 2-орын иегері.
Бұл спортшы студент-биолог Әділ Исатайдың 3 жыл ішінде үздік оқу үлгерімімен қатар қол жеткізген жетістіктерінің бір қатары ғана. Оқу жылын табысты аяқтаған  үлгілі жастың қуанышын бөлісе, келешекке ойы мен тұжырымын тыңдап алған едік.

3-курсты аяқтап жатыр екенсіз, студенттік шақтың алтын ортасы деп саналушы еді біздің заманымызда, қазір де солай ма? Қандай оқу жылы болды? Ризасыз ба?

— Қазір де 3-курс студенттік кездің алтын уақыты. Мен осы оқу жылында көптеген жетістіктерге жеттім. Және оқу жылы мен үшін өте жемісті болды.

Университеттегі жетістіктеріңіздің көбі спорттық көрсеткіштеріңізге байланысты екенін байқадым. Сабаққа зияны жоқ па?

-Университетке ең алғаш келгенде жаратылыстану факультетінің атынан түрлі-түрлі спорттық  іс-шараларға қатыса бастадым. Мен өзім бала күнімнен спортпен, оның ішінде волейбол, баскетбол,  футбол, үстел теннисімен шұғылданамын.  Себебі спорт адамды жауапкершілікке, төзімділікке, өз-өзіңе сенімді болуға тәрбиелейді.  Спортпен шұғылданамын деген студентке университетте мүмкіндіктер өте көп. Спорт саласы бойынша түрлі студенттік клубтар бар. Соларың бірі «Zhubanov volleyball league» студенттік клубы. Бұл студенттік клуб Жаратылыстану факультетінің бастамасымен 2021 жылы ашылды. Клуб ашылған уақыттан бері мен «Zhubanov volleyball league» студенттік клубының төрағасы болып келемін. Спорттық шараларға қатысқаным сабаққа еш зиянын тигізген емес. Әлі күнге дейін спорттық
шаралармен қатар, ғылыми олимпиадаларға да қатысып келемін, өзім мемлекеттік грант иегерімін және оқу үлгерімім де өте жақсы.

Ия, игеріп жатқан мамандығыңызға қатысты да біраз табысыңыздың барын білеміз. Енді сол жайында әңгімелеп берсеңіз.

-Мамандық таңдаудан қателеспедім деп айта аламын. Жаратылыстану факультетінің «6В01505-Биология» ББ білім алудамын, болашақ мамандығым – Биология пәнінің мұғалімі. Болашақ мамандығым өзіме қатты ұнайды. Алғашқы күндерден бастап факультеттің профессор-оқытушыларының алдында өз білімімді, мамандыққа деген қызығушылығымды, қабілетімді көрсете білдім. Алғашқы курста оқып жүрген уақыттан бастап ҚР жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Биология» ББ бойынша республикалық студенттік пәндік олимпиадаларға қатыса бастадым. Білім жарысында алға озу жеңіл емес. Жыл сайын қатысып, тәжірибе жинақтап, білімімді жетілдіріп, оқытушылардың бағыт-бағдарының арқасында осы оқу жылында жүлделі орындарға ие болдым. Алдағы уақыттарда да өз мамандығым бойынша пәндік олимпиадаларға қатысып, білімімді шыңдай бермекпін.

Спорттың волейбол, баскетбол сияқты түрлері бойдың ұзындығын талап етеді. Сондықтан бұл спортқа бойшаңдарды іріктеп, үгіттейді. Сізде де солай болды ма?

— Негізі волейбол мен баскетболға бойшаңдарды алады. Бірақ осы аталған спорт түрлеріне адамның қабілеті болса, бойшаңдығына қарамайды. Мені де осы спорт түрлеріне қабілетім мен бойшаң болғаным үшін және әрине спортқа деген қызығушылығым үшін алды. Негізгі спорттың қандай да бір түрімен шұғылдану, салауатты өмір салтын ұстану, тән саулығын қалыпта ұстау үшін кәсіби спортшы болу міндетті емес.

Бойшаңдықтың сыры негізі генетикада деп жатады. Алайда, бойды  арнайы жаттығулармен де өсіреді дейді. Бойыңыздың ұзындығы сізде қанша? Бойшаңдықты армандайтын құрбы-құрдастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

-Біздің әулетімізде атамнан басқа бойшаң адам болмады. Генетикадан болса атама тартқанмын. Менің бойымның ұзындығы 189 см, 190 десекте болады. Бойшаң болуды армандап жүргендерге айтар кеңесім бойшаңдыққа ықпал ететін спортпен шұғылданыңыздар және турникке тартылыңыздар дер едім.

Енді туған жер жайлы сырласайық..
Университетте оқитын ауылдастарыңыз көп пе?

-Мен Қазақстанның негізгі көмірсутек аймағы, мұнай мен газды өндіру бойынша ең ірі орталық- Атырау қаласының Геолог деген поселкасынан боламын. Жалпы университетте Атырау қаласынан жерлестерім бар, бірақ мен туып өскен жерден көп деп айта алмаймын. Университетте барлық аймақтан келген студенттермен өзім жақын араласамын, өз арамызда өңірге бөлінген емеспіз.

Білім алып, игеріп жатқан «Биология» мамандығы туралы айтыңызшы. Осы мамандықты өмірлікке таңдауға ең басты үш себепті атай алар ма едіңіз?

-Мен бұл мамандықты неге таңдадым?.. Көпшілігіңіз білетін «Қазақ-түрік» лицейі,  қазіргі  атауы «Білім-инновация» лицейі болып өзгертілді ғой. Мен Атырау қаласындағы сол «Білім-инновация» лицейінің түлегі болып келемін. Сол мектепте осы мамандықты таңдауға ең басты үлесін қосқан мұғалім болды. Ол өз пәнін өте жоғары деңгейде меңгерген білікті маман болатын және оқушыларға сабақты жақсы түсіндіретін еді. Сол мұғалім маған үлгі болды десем болады. Негізі өзіме оқушылармен жақын араласып, тығыз қарым-қатынаста болу, оларға сабақ беру өте қатты ұнайды. Осы мамандықты таңдауға ең басты үш  себепке келсек: 1-шіден үлгілі ұстаз болу, 2-шіден оқушыларға жақсы тәрбие мен сапалы білім беру, 3-шіден еліміздің білім саласының дамуына өз үлесімді қосу.

Бұйырса, келесі жылы осы уақытта университетті аяқтап жатасыз. Болашаққа нақты жоспар құрып та қойған шығарсыз?

-Иә, алдағы мақсатым өзім бітірген «Білім-инновация» лицейінде ұстаз болу және  білімімді одан әрі жетілдіру үшін магистратураға түсуді жоспарлап отырмын. Болашақта білім мен ғылымды қатар игерген, заман талабына лайық, білім саласының үздік маманы боламын деген ойдамын.

Күмәнім жоқ. Сәттілік!

Гүлнара Дауылбайқызы