Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жастар саясаты > Университетті студенттер өздері басқарды

Университетті студенттер өздері басқарды

Бүгін Жұбанов университетінде студенттердің өзін-өзі басқару шарасы өтті.

Бір күн бойы оқу орнының 21 белсенді студенті университет ректоры, проректоры, декандардың орнына отырып, өздеріне әртүрлі лауазымдық қызмет пен жауапкершілік алды.
Олар студенттермен ортақ тіл табысып, қазіргі кездегі өзекті мәселелерді шешудің жолын іздеді.
Студенттер өзін-өзі басқару оңайға түспегенін, дегенмен бүгінгі шарадан көптеген тәжірибе жинағандықтарын айтты.

Стратегиялық даму жөніндегі проректор қызметін атқарған Анжела Мухитовна: «Бүгінгі күн мен үшін өте пайдалы болды. Бүгін ректор, проректорлармен бірге алғашқы жиналысқа қатысып, университетпен етене таныстық. Мысалы, мен өзім жаңа жобамен жұмыс істеген кезде стратегиялық даму туралы көп заттарды білдім. Оның бағыттары туралы, ғылым, білім туралы оқып, таныстық. Сонымен қатар студент ретінде өз ұсыныстарымызды білдірдік. Осындай шаралар университеттің де студенттердің де болашағына зор пайдасын тигізеді»,-деп ойымен бөлісті.

Ал, ректор көмекшісінің қызметін атқарған Алима Измағанбетова: — Бүгін көп тәжірибе жинадым. Университетіміздің жоғарғы лауазымды қызметін атқаратын ректор, проректорлармен жиналыста бас қосып, олардың жұмыс барысымен, атқаратын қызметтері мен алдағы уақытта жасалатын жобалар туралы ақылдастық. Сонымен қатар оны студенттерге өздерінің тілінде жеткізіп, түсіндіруді ойластырдық. Болашақта осындай лауазымда қызмет атқарғысы келетін студенттерге бұл зор мүмкіндік,-дейді.