Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Британдық университеттің серіктесі

Британдық университеттің серіктесі

Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы уни­верситеттің базасында әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі Heriot-Watt оқу орнының филиалы ашылады. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім беру жүйесін эконо­миканың сұраныстарына сай қайта форматтау жөніндегі тапсыр­масын орындау аясында, оның ішін­де же­тек­ші шетелдік жоғары оқу орын­да­ры­ның филиалдарын ашу жолымен іске аспақ.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Heriot-Watt университетінің басшыларымен кездесті. Кездесу аясында британдық жоғары оқу орнының Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен серіктестігі талқыланды. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Келісім бойынша Heriot-Watt университеті Жұбанов университетінің базасында үш бакалавриат – «Мұнай-газ ісі», «Электронергетика», «Компьютерлік инженерия» деңгейіндегі білім беру бағдарламасын, сондай-ақ «Өнеркәсіп менеджменті» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын ашады. Бұл мамандықтар өңірдің сұранысына қарай таңдалып отыр.

«Жоғары оқу орындарының арасындағы серіктестік отандық техникалық және IT мамандарды бірлесе даярлауға бағытталған. Оқуды аяқтаған студенттерге Heriot-Watt университеті мен Жұбанов университетінің қос дипломы беріледі. Бұл мамандықтар ұлыбританиялық стандарт бойынша оқы­тылып, Heriot-Watt университеті бақы­лайды. Талапкерлерді қабыл­дау келесі оқу жылында басталады», деді С.Нұрбек.

Британдық университеттің өкілі Жұба­нов университетімен ынтымақ­тастықты дамыту туралы жоспарларымен бөлісті. Екі оқу орны арасында академиялық ұтқырлық бағдарламалары белсенді дамымақ.

Heriot-Watt университеті – 1821 жылы негізі қаланған әлемдегі жетекші зерттеу универ­ситеттердің бірі. Математика, химия инженериясы, құрылыс, электр техникасы және мұнай-газ ісі пәндері бойынша әлемдік QS рейтингінде үздік 300 университеттің қатарына кіреді.

 

/egemen.kz/