Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғұмырнамалық эссе оқырманға жол тартты

Ғұмырнамалық эссе оқырманға жол тартты

Бүгін Жұбанов университетінде белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, университет түлегі Елеусін Сағындықовтың «Шынның жүзі» кітабының тұсаукесері өтті.

Бұл кітапта Елеусін Наурызбайұлының қиын да қызықты ғұмыр жолы баяндалған. Шығармадан қарапайым ауыл баласының еліне елеулі тұлғаға айналу жолын ғана емес, сонау зұлматты соғыстан кейінгі туған бүкіл бір ұрпақтың басынан кешкен ғұмыры мен тәуелсіздік алған Қазақстанның қалыптасу жолдарын және тұтас бір дәуірді көруге болады.

Іс-шараға университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, профессор-оқытушылар, ғалымның достары мен туыстары қатысты.

Кездесу барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдуллаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров және ғалымның бірге оқыған достары аталмыш еңбек туралы пікірлерін ортаға салды. Пікір білдірушілер ғұмырнамалық эссені жоғары бағалап, автор бойындағы табандылық пен еңбек, қайсар рух шығарманың негізгі арқау екенін атап өтті.

Елеусін Сағындықов бұдан бөлек 80-нен астам монография, ғылыми мақалалар мен еңбектер жазған. «Өңірдің еңбек әлеуетін қалыптастыру және әлеуметтік саланы дамытуды жоспарлау стратегиясы», «Жалпы экономикалық теория», «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын басқару» және «Менеджмент негіздері» еңбектерінің авторы. Сондай-ақ «Мемлекеттік стратегиялық жоспарлау және болжау» деп аталатын оқу-әдістемелік құралы Ресей Жаратылыстану Академиясының Алтын қорында.

Айта кетейік, жаңа кітап университеттің ғылыми кітапханасында қолжетімді. Бұл еңбек тұлға болып қалыптасу жолындағы ізденімпаз оқырмандарға арналған.