Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Елге пайдалы әріптестік

Елге пайдалы әріптестік

Жаңа өкілдік

Ақтөбеде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының өкілдігі ашылды. Оның өңірлік өкілі болып Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті Асхат Кеңесов тағайындалды.

Институт директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша,  бұл — елімізде өңірлер бойынша бірінші өкілдік. Мұндай орталық тек Астана мен Алматы қалаларында ғана бар.

1993 жылы ашылған Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  өңірлік университеті жанынан құрылған өкілдік облыс тұрғындарының саяси әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы пікірін саралап отырады. Өзекті мәселелерді облыс басшылығына жеткізеді.

— Біздің елімізде ірі сараптама, талдау орталықтары Алматы, Астана қалаларында орналасқан. Дегенмен саяси күрделі мәселелерді зерттеп отыру үшін өңірлік деңгейдегі мәліметтер өте қажет. Бұл жергілікті зерттеушілердің де потенциалын көтереді. Университеттің ғалымдарын да үлкен сараптамалық алаңға тарта аламыз. Зерттеушілерімізге әдістемелік көмек болады. Алдағы уақытта біздің магистранттарымыз бен доктарантарымыз тағлымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Өңірді дамыту үшін жан-жақты дәлелдемелер керек. Әлеумет, саясат және демография бағыттарында халықтың әл-әуқатын жақсарту мақсатындағы мәліметтерді біздің мамандарымыз институттың мамандарымен бірлесе жинайды, — деді аталған жоғарғы оқу орнының  ректоры Лаура Қарабасова.

Қазақстан стратегиялық зерттеу институының тарихында өңірлер бойынша алғаш рет ашылып отырған  өкілдіктің маңызы зор. Аймақтарда көптеген саяси-қоғамдық оқиғалар орын алып жатады. Бұл орталық жергілікті халықтың пікірін біліп, түсінуге, сараптауға бағытталған.

— Біз тек университетпен ғана шектелмей, қоғамдық ұйымдармен саяси партиялармен бірлесе отырып, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық көңіл- күйін анықтап, мониториг жасап отырамыз. Мұның әдістері көп. Жұмыс жоспары талқыланып, меморондумға қол қойылды, — дейді Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының Ақтөбедегі өкілі Асхат Кеңесов.

Шара  аясында «КИСИ GPS. Gylym. Pikir. Sayasat» сараптама алаңының «Аймақтық зерттеу: ҚСЗИ және университет ынтымақтастығы» атты тақырыпта кезекті отырысы өтті.

Самат НАРЕГЕЕВ.

//aqtobegazeti.kz/