Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Экологиялық акция басталды

Экологиялық акция басталды

Кеше екі айлық сенбілік жұмыстарына сәйкес облыстық жастар ресурстық орталығы «Таза қала — болашақ кепілі» атты экологиялық акция ұйымдастырды. Оған өңіріміздегі жоғары оқу орындарының студенттері, қалалық және облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.

Студенттердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылған экологиялық акцияға 100-ден астам ерікті жас жұмылдырылды.

— Сенбілікке қала жастары белсенді қатысып жатыр. Мәселен, өткен сенбіде Алматы ауданы бойынша 2000 адам сенбілікке шықты. Тазалық жұмыстарына бес «камАЗ бен екі тиегіш техникалары жұмылдырылып, 100 тоннадан астам қоқыс шығарылды,  — деді Алматы ауданының әкімі Медет Ысқақов.

Экологиялық таза қала акциясына қатысқандар қатарында волонтерлер де бар:

— Сенбілікке жиі қатысамын. Қала тазалығына бейжай қарай алмаймын. Тазалық сақталса, түрлі аллергиялық аурулардың алдын ала аламыз. Барша қала тұрғындарын сенбілікке қатысып, тазалыққа немқұрайды қарамауға шақырамын, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Әлия Файзолла.

Ауқымды шара аясында Ақжар ауданындағы қоғамдық орындардан бөлек, арықтар мен автобус аялдамалары қураған шөптерден тазартылды. Ағаштардың қураған бұталары кесіліп, қоқыс контейнерлері қойылған алаңдар мен жол белгілері ретке келтірілді.

 Біз әрқашан арнайы бекітілген кестеге сәйкес тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Сенбіліктің дүйсенбіде өткеніне қарамастан, студенттердің белсенділігі жоғары. Ендігі кезекте қаламызды абатандыру жұмыстарына өз үлесімізді қосамыз, —  деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Мусин.

Оның айтуынша, екі айлық сенбілік жұмыстары мамыр айының аяғына дейін жалғасады. «Таза қала — таза жағалау» деген акция аясында да су жағалаулары тазартылады.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

//aqtobegazeti.kz/