Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Менің факультетім – менің өмірім

Менің факультетім – менің өмірім

Экономика және құқықтану саласында жоғары білікті мамандарды даярлау деңгейін арттыру, жоғары кәсіби білім беруді дамыту мақсатында Zhubanov University өңірлік университетінде 1992 жылы «Экономика факультеті» құрылды. 2014 жылдың 1 қыркүйегіндегі ректордың № 348 бұйрығы бойынша экономика және құқық факультеттерінің біріктірілуі нәтижесінде «Экономика және құқық» институты құрылған болатын. 2017 жылдың мамыр айынан бастап «Экономика және құқық» факультеті атанды. Профессор Жунусов Бауыржан Арыстанұлы Қ.Жұбанов атындағы Экономика және құқық факультетінің негізін қалаушылардың бірі. Бүгінде ардагер ұстаз өзінің ұзақ жылдық ғылыми-педагогикалық және өмірлік тәжірибесімен жас мамандармен және білім алушылармен, еңбегін жалғастыруда.
Есімі елеулі, қадірі зор азаматпен сұқбат жүргізген Гүлнара Қараша.

Бауыржан Арыстанұлы, қызмет жолыңыз өткен факультеттің құрылғанына 30 жыл толыпты. Құрылуына өзіңіз тікелей қатысқан екенсіз. Үлкен істің бастауын бір сәт еске алсаңыз.

— Экономика факультетін құру идеясын 1992 жылы сол кездегі педагогикалық институттың ректоры Мұхтар Арынов ұсынған болатын. «Саяси экономия» кафедрасының ашық отырысын ректор Мұхтар Ғалиұлы өзі өткізіп, оқу министрлігінің ұсынған «Нарық теориясы» және «Экономика және менеджмент» мамандықтарының біреуін таңдап, кадр дайындау мәселесін қойды. Мұхтар Арынов «Экономика және менеджмент» мамандығын ашуға дауыс беруге шақырып, оның жаңа мамандық ашу идеясын «Саяси экономия» кафедрасының оқытушылары бірауыздан қолдады.

Экономика факультеті 1992 жылдың 1 қыркүйегінде алғашқы 43 талапкерді оқуға қабылдады. Экономика факультетін құру бастауында менен өзге Ү.С.Байжомартов, Ү.Е.Мәмбетов, Н.В. Ювица тұрды. Ұжым алдына жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрамын құру, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру және оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету және т.б.  өте күрделі міндеттер қойылды.

Экономика факультеті үшін профессорлық-оқытушылық кадрларды даярлау ең алдымен аспирантура арқылы жүзеге асырылады. Бірінші жылдан бастап-ақ институт әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің аспирантурасына екі оқытушыны жіберді. 1992 жылы озық тәжірибені зерттеу, экономикалық кадрларды даярлау мақсатында еліміздің және Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарына Ү.С.Байжомартовты — Мәскеу, мені — Алматы, Н.В. Ювицаны — Челябинск қалаларына жіберді. Біз ЖОО-ның нарық жағдайында экономикалық пәндерді оқытудың жаңа әдіснамасын зерттеп, соның арқасында экономика факультетіне оқу-процесінің мән-мағынасына байланысты пайдалы ақпараттарды жинадық. 1994 жылы авторлық бірлестікте «Нарықтық экономика негіздері» атты оқу құралы «Республикалық баспа кабинеті» арқылы қазақ тілінде жарыққа шықты. Бұл басылым «Ноу-хау» ғылыми фирмасының қаржыландыруымен Қазақстанның барлық оқу орындарына таратылады.

Еліміз нарықтық экономикаға көшкен жылдары экономика саласы мамандықтарына сұраныстың күрт артқанын білеміз. Тіпті кейін бітірген мамандарға жұмыс орны жетіспей жатты. Факультетке де сол жылдары талапкер қабылдау  көп болған болар?

— Факультет құрылғаннан бері  30 жыл өтіпті. Жыл сайын оқуға  түсушілер  саны  артып  келеді. Былтыр  пандемияға байланысты әлемдік  дағдарысының қиындығына  қарамастан 173 студент әр түрлі  экономикалық мамандықтарға қабылданып отыр. Жалпы экономикалық мамандықтар бойынша 862 студент білім алуда. Әр жылғы қабылданған студенттердің өз ерекшеліктері бар. Бір курстың басқа курсқа ұқсауы сирек, сондықтан да, барлық студенттерге бір өлшеммен қарауға болмайды. Әр адамның мектептегі дайындығы, білім деңгейі, алған тәрбиесі, психологиясы өзгеше емес пе? Біздің кезімізде тек оқысаң адам боласың деген ой миымызға сіңіп қалған болатын. Мамандықтың жаманы жоқ, тілін таба білсең мамандықтың бәрі жақсы демекпін. Бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек.

Экономика саласы мамандықтарының өзіндік ерекшелігін айта кетсеңіз. Есепке жүйрік болу шарты бар екенін білеміз.

— Экономикалық мамандықтарға әртүрлі бағыттар жатады. Мамандықтар тізімінде бухгалтерлер, аудиторлар, банк және қаржы мамандары, экономистер, тіпті оқу орындарындағы бейіндік бағыттардың оқытушылары бар. Кәсіпкерлер де экономикалық санатқа жатады, бірақ жалдамалы еңбекпен айналыспайтындықтан ерекше орын алады. Экономикалық мамандықтар аналитикалық ақыл-ойы бар, көптеген ақпараттармен жұмыс істей алатын адамдарға жарайды.

Экономист болу үшін нақты ғылымдарды (математика, информатика) білу, сондай-ақ әлемдік экономикада болып жатқан өзекті оқиғаларға қызығушылық қажет. Мысалы, бухгалтер мен банк маманы салық және еңбек заңнамасы туралы терең білімді болуы қажет, ал маркетологқа нарықты зерттеу әдістерін белгілі бір бизнеске және нарық жағдайына бейімдеу мүмкіндігі керек. Статистика мамандығы мұқияттылық пен зейіннің шоғырлануын, ал кәсіпкер — көпшіл және стандартты емес мәселелерді шешуге дайын болуды қажет етеді. Экономикалық мамандықтардың кемшіліктері бар десекте болады, бірақ оларды теріс ұғынуға болмайды, керісінше, ол  тұрақты оқу қажеттілігі, университетті бітіріп, бірден әлемдік экономиканы шолу мүмкін емес, күнделікті болып жатқан оқиғаларға мониторинг пен талдау жасау, зерттеудің жаңа әдістерін игеру, білім деңгейін арттыруды қажет етеді.

Атақты Нархоз университетінен білім алыпсыз. Әлі күнге жоғары білім беруде алдыңғы позициядағы ЖОО. Мансаптық өсу мүмкіндігі бола тұра әсем Алматыны арайлы Ақтөбеге алмастыруыңыздың себебі бар шығар…

— Алматы қаласында 15 жылдай тұрдым, Нархоз университетінде 12 жыл өмірімді, яғни осы оқу орнында студент, тәлімгер-зерттеуші, кіші ғылыми қызметкер, аспирант, оқытушы сатыларынан өтіппін. Алматы халық шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, белгілі профессор Тарбай Шәукенбаевтың «ғылыми өнімімін», ол кісінің ең соңғы аспирантымын, 74 жасында қайтыс болды. «Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» — деген мақал бар емес пе? Өзімнің қорғаған ғылыми жұмысым Ақтөбе өңірінің экономикасына арналған еді. 1988 жылдың ақпан айында «Қазақстандағы шағын және орта қалалардың дамуын жоспарлауды жетілдіру» (Ақтөбе қаласы бойынша) тақырыбында кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Одан соң, 1988 жылдың қыркүйек айынан бастап, ҚазССР-ның жоғары және орта арнайы білім беру Министрлігінің жолдамасы бойынша, Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Мұхтар Арыновтың шақыруымен Алматыдан Ақтөбеге қоныс аударып, «КОКП тарихы және саясиэкономия» кафедрасына аға оқытушысы қызметіне қабылдандым.
Ғылым шыңының бел ортасына шыққасын бұл дүниеде әрбір нәрсені жұп жұбымен жаратқанын байқайдым. Соның ішінде сана сезімі берілген адам баласының жұпсыз болып жүруі оған ерсі нәрсе болып көрінеді екен. Осы олқылықтың орнын тез арада толтыру мақсатында, енді өзіме лайықты жар іздеу мәселесіне кірістім. Бұл өмірдің мәні де, сәні де, берекесі де сүйікті жарыңа байланысты екенін түсіндім. Сондықтан 1988 жылдың шілде айында алматылық Лазира деген ару қызды көндіріп, Ақтөбеге алып келіп, отбасын құрдық.

Жүріс-тұрысыңыз жеңіл, елгезек жансыз, сондықтан зейнетке шыққаныңызды сезбей де қалдық. Өткеніңізге шолу жасаған да не нәрсеге қуанып, не нәрсеге өкінесіз?

— Әр адамның әр түрлi хоббиі, яғни сүйiктi iсi болады. Менiң хоббиім —  кітапханаға барып газет-журналдар оқу, жаңа әдебиеттерді қарау, оқулықтар мен ғылыми-публицистикалық сипаттағы мақалалар жазу, ардагер-ұстаздар мен ғалымдармен араласып, өмірлік тәжірбиесімен бөлісіп, олардың кітапхана қорымен танысу. Енді жаңа экономикалық мамандықтар ашуда және кадрларды дайындауда бұрынғы ректорлар: Мұхтар Арын, Кенжеғали Кенжебаев, профессорлар: Үкітай Байжомартов, Жақсылық Тасмамбетов, Халел Кусаинов, доценттер: Үбайдолла Мәмбетов, Раушан Түсіпбекова, аға оқытушы Күлпаш Дүйсенбаева және т.б. ғалымдардың қосқан үлестері зор екенін атап өтейін. Өз ісіне берілген осындай жандармен бірге еңбек еткеніме қуанамын.

Өкінетін тұсым да бар, жас шағымда аз қыдырып, аз демалдым, бос өткізген уақыттарым болды.

Қазір қуанатыным — білімді жастар көбейіп келеді. Білімді жастар — еліміздің тірегі, болашағы. Жастардың сапалы білім алып, саналы азамат болуы үшін де қазіргі заманда білім, ғылым және мәдениетке аса көп назар аударатыны, ғылыми прогресті дамыту үшін көп қызмет атқарып, бұл еліміздің экономикасының қарыштап дамуындағы бірден-бір оң өзгеріс екені баршамызға айқын. Факультеттің ең үлкен мақтанышы – түлектері. Экономика мамандықтары бойынша бес мыңнан астам жоғары білікті мамандар даярланды. Көптеген түлектер ғылыми-педагогикалық қызметте өз орындарын тауып, белгілі нәтижелерге жетті. Біздің түлектеріміз Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегерлері атанды және магистратура мен докторантураның толық курстарын Ресей, Қытай және Еуропаның ең жақсы жоғары оқу орындарында өтті. Факультеттің ең жақсы студенттерінің есімдері университет шегінен тыс жерлерде де белгілі болды.

Адамның тағдырына ықпал ететін жан әркімде бар. Менің ұғуымша, сізге әжеңіздің берген бағыты дұрыс болған-ау.

— Мені нағашы әжем бауырына басып алған, ол ХIХ ғасырдың адамы, 1897 жылы дүниеге келген, атам болса Ұлы Отан соғысында қайтыс болған. Өзім Қобда ауданы, Бестау (Пятигорка) ауылында мұғалім отбасында дүниеге келдім. Әжемнің өмірлік ұстанымы: «Таспен ұрғанды аспен ұр», — дейтін, яғни мейірімді, кешірімді бол деп  айтушы еді. Бүгінде бұл қағидатты ұстанамын, адамдардың бәрімен жақсы қарым-қатынастамын. Мектепте оқып жүргенде оқу бөлімінің меңгерушісі, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Өмірбаева Күләш апай сабақтан тыс уақытында 5-8 сынып оқушылары арасында үйірме жұмыстарын ұйымдастыратын. Сол үйірменің белсенді мүшесі мен де болатынмын. 1969-1970-ші оқу жылында класс жетекшісі болып Қайтбаева Бөбен апай тағайындалды. Осы жылдары, яғни бесінші сыныптан бастап, сегіз жылдық орта мектепті бітіргенше дейін өлең шумақтарын екі дәптерге толтырып жазыппын. Жақсы өлеңдерімді газетке жіберіп отырдым. Мысалы, 1971 жылдың қаңтар айында «Қазақстан пионері» газетінің «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі Ескен Елубаевтан мынадай хат келеді: «Біздің  газетте «Талабың таудай болсын!» рубрикасымен оқушылардың тәyip деген өлең-әңгімелерін анда-санда  беріп тұрады. Оны өзің де оқып жүрсің. Ал үнемі оқушылардың хатын жариялап отыруға мүмкіндіктеріміз жоқ. Талпынғаның жақсы, шығармаң басылмады деп ренжіме. Ең бастысы күнделікті сабағыңды жақсы оқы, бұл басты міндет». Осы хат мені жігерлендіріп, шабытыма шабыт қосып, өлең шумақтарын боратып жаза бастадым, ауыл балаларының арасында мен туралы «ақын, жазушы» деген лақап та тарап кетті. 1973 жылы Қаратал сегіз жылдық мектебін бітіріп, 9-10 класты Алматы қаласындағы №12 орта мектепте оқыдым. Менің өлең шығарудағы бір ерекшелігім таңертең үйілген шөптің үстіне шығып өлең жазатынмын, Алматы үлкен қала, ондай мүмкіндік болмады, шабытым келмеді, бірақ жазушылық қабілетім сақталып қалды. Ал бірнеше жылдан кейін  болашақ экономистерге оқулықтар жазамын деп ойлаған жоқ едім.

Менің факультетім — менің өмірім деуіңізге болады. Факультеттің даму жолының куәгерісіз. Алдағы жұмысына қандай тілегіңіз бар?

— Менің факультетім — «Менің туындым», егер сөзбе — сөз айтсақ, бұл «Менің балам» сияқты естіледі. Осы экономика факультеті құрылғанан бері жұмыс істегеніме биыл 30 жылдан асыпты. Ұжымның ірге тасын қалаушылардың бірі, атасы — профессор Үкітай Байжомартов пен доцент Үбайдулла Мәмбетов, екеуі де  бұл дүниеден өтіп кетті. Ұлағатты ұстаздардың жас ұрпаққа көрсететін үлгісі ретінде екеуіне де оқу-әдістемелік кабинет ашылды. Оқу-әдістемелік кабинеттерде білім алатын жас экономистер мен болашақ ғалымдар үшін олардың өмір жолы үлгі.
ХХІ-ші ғасыр жаңа технологиялар, жаңа ақпараттар, жаңа мүмкіндіктер заманы. Нарықтық қатынастар кез келген саладағы маманнан қатаң бәсекелестік жағдайында тез жол таба білу, күнделікті болып жатқан жаңа да күрделі өзгерістерге тез биімделе білетін кәсіби шебер мамандарды қажет етеді. Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында жастардың білім алуына, бәсекеге қабілетті маман болуына ерекше көңіл бөледі. Білімді жастар — мемлекеттің ұлы қазынасы болып табылады. 30 жыл тарихы бар біздің факультет осы мақсатты іске асыруда өз үлесін қосып келеді. Біздің университет алыс және жақын шетелдердің атақты жоғары оқу орындарымен ғылыми байланыста жұмыс жасайды, білім алушылардың ғылыми жұмыстарына ерекше мән береді. Осы бағытта әр түрлі деңгейде өткізілетін ғылыми форумдар студенттердің дүниежүзілік білім жүйесіне араласуына мүмкіндік береді, олардың дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырады. Алдына айқын мақсат қоя алатын, жігерлі, дарынды, білімді, тәрбиелі жастар — еліміздің берік негізі болып табылады. Білім арқылы өздеріңізді, қоршаған ортаны өзгертуге болады демекпін.

Zhubanov University облыстық газеті, №3(483)