Среда, Май 1, 2024
Басты > Білім > Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық мұрасы ұлықталды

Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық мұрасы ұлықталды

Бүгін Жұбанов университетінде Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған  «М.Жұмабаевтың педагогикалық мұралары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға Нигерия, Сербия, Ресей, Беларусь елдерінен және Қазақстанның бірқатар қалаларынан жоғары оқу орындарының ғалымдары, жас зерттеушілер және білім алушылар, қаладағы мектеп мұғалімдері мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері қатысты.

Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров конференция жұмысына сәттілік тілеп, қазақ халқының ұлы ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың бай мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңыздылығын атап өтті.

Жиынның пленарлық мәжілісінде Нигерияның Ибадан университеті даму психологиясы саласының философия докторы Кехинд Лоуренс Клемент, Сербиядан ҮЕҰ «Aкадемиялық белсенділік қауымдастығының» атқарушы директоры Бибігүл Васич, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының бас маманы Анар Тәңірбергенова, Жұбанов университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ару Таганова, сонымен бірге, Ақтөбе қаласындағы № 49 «Думан» бөбекжай-балабақшасының басшысы Дина Жаулыбаева тағы басқа да ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады.

Қазақтың ұлы тұлғасының педагогикалық мұрасын жан-жақты ғылыми тұрғыда зерттеуді мақсат еткен басқосуда баяндамашылар ақынның педагогикалық көзқарасын, өзектілігін, шығармаларының ғылыми-теориялық негіздерін талқылады.

Конференция жұмысы секцияларда жалғасты.