Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті мен Ақтөберентген зауыты келісімшартқа қол қойды

Жұбанов университеті мен Ақтөберентген зауыты келісімшартқа қол қойды

Осы жылдың сәуір айында Жұбанов университетінің магистранттары Ақтөберентген зауыты базасында ғылыми тағылымдамадан өткен болатын. Зауытта магистранттар зерттеу саласын кеңейтуге және магистрлік диссертация тақырыбы бойынша материалдарды жүйелеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологиялармен және өндірістің жаңа түрлерімен танысты. Тағылымдама қорытындысы бойынша магистранттарға тиісті сертификаттар табысталды.

Ғылым айының қорытынды шарасында Жұбанов университеті мен Ақтөберентген зауыты бір миллион теңгеден астам сомаға жоғары вольтты генераторды басқарудың микроконтролері үшін басқарушы бағдарламаны әзірлеуге келісімшартқа қол қойды. Бұл жоба «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамының бақылауында болады.

Сондай-ақ кафедрада рентгендік кескіндерді талдау үшін машиналық оқыту әдістері негізінде инновациялық бағдарламалық қамтамасыз ету әзірленуде. Стендтік тестілеуден және кәсіпорынның техникалық комиссиясының мақұлдауынан өткеннен кейін бағдарламалық кешеннің кәсіби нұсқасы әзірленетін болады.