Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұлт сапалы болса, мемлекет мықты болады

Ұлт сапалы болса, мемлекет мықты болады

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,
философия ғылымдарының кандидаты,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің
кафедра меңгерушісі.

Адамның ғасырлар бойы зерттеген дүниелерінің бірі — уақыт, уақытты бөлу, есептеу болды. Ғылым табиғаттағы физикалық құбылыстарға қатысты заңдарды ашқаннан кейін соңғы ғасырларда адам механикалық сағатты ойлап тапты. Қазір әлем бір уақытпен жүреді. Жыл, ай, күн, сағат біздің өмірімізбен байланысты. Бұның барлығы адамға бұрыннан таныс нәрселер. Ерте кездің өзінде уақытты адам «ең ақылды нәрсе» деп атаған. Қазақ даналығында «уақыт — сыншы», «уақыт — емші» деген сөздер бар. Шынымен, уақыт біздің ісімізді, мінезімізді, ойлау деңгейімізді сынайды, оның дұрысы мен кемшілігін қоғам алдына шығарып отырады. Адам өмірі — осы уақыт пен кеңістіктің аясында өтетін өлшемге толы нәрсе. Уақыттың шексіздігін зерделеген қазақ даналығы адам өмірін «қамшының сабындай» дейді. Біздің бабаларымыз әлеуметтік уақытты терең деңгейде түсініп, кеңістікті игеруде өзінің тәжірибесін тарихта қалдырып отырған. Атқа міну мәдениеті — осының айғағы.
Қазір біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Әлемде кейбір алпауыт елдер арасында түрлі бағытта текетірес күшею үстінде. Бір-біріне қарайласып өмір сүретін әлемді көріп отырғанымыз жоқ. Әркімнің ойлағаны өз пайдасы. «Осындай уақытта мінез, ой-өріс, көзқарас қалай өзеруі керек? Біз не істейміз?» деген сұрақ туындайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізілген құрылтай осындай ірі мәселелерді зерделеуге бағытталғандығын атап өткім келеді. Себебі құрылтайда әңгіме ұлт болашағына қатысты мәселе төңірегінде болды. «Біз ел, халық ретінде неге көңіл бөліп, қандай нәрселерді ескеруіміз керек?» деген сұраққа Мемлекет басшысы өзінің ойын айтты. Президенттің баяндамаларындағы аталған мәселелерге зер салсақ, мықты мемлекет болуы үшін алдымен халық күшті халыққа, қоғам мықты қоғамға айналуы керек. Ал мықты халықты, іргесі берік қоғамды күш-жігері мол адамдар ғана қалыптастыра алады. Президент тарапынан айтылған мәселенің шындығы осында жатыр.

Қазір ұзын арқан, кең тұсауды айтып арқаны кеңге салып жүретін кез емес. Басқаға тамсанып, еліктеудің де керегі жоқ. Өзіміздегі бар нәрсені ұқсатып, өткеннен ғана емес, қазіргі әлемнен сабақ алумыз керек. Алаш зиялылары айтқандай, әр адамның көкірегінде болатын жақсылық ең әуелі ұлтын уландырмайтын, ертеңгі ұрпақты толғандырмайтын нәрселерге ауысып отыруға тиіс. Бұның астарында әр адам мемлекеттің болашағын ойлап, оған тікелей өзінің жауапты екендігін сезінуі керек деген мағына жатыр. Яғни мемлекет, билік және халық болып ұрпақтың болашағына қатысты мәселелерді бірлесіп шешетін уақыт жетті. Бұны бүгінгі қоғам тегістей білуге тиіс. Әркім әр жаққа тартса, ел түгіл, жеке адам өзі тілегіне жете алмайды. Тілекке сүйеу болып, ойды алға жетелейтін, мақсатты іске асыратын — ауызбіршілік. Президент айтқандай, «елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды насихаттай түсуіміз керек».

Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрселер деп нені айтамыз? Бұл — ең әуелі жалқаулық, өзіңдегі кемшіліктің себебін өзгеден іздеу. Екінші — жемқорлық, уақытша нәрселерге қызығу, жершілдік. Қоғам жемқорлық пен жалқаулықтан арылмаса, басқасын түгендеп, орнына келтіру қиын. Бұған ел болып жұмыла кірісу керек. Абай данамыз айтқан бес асыл іс — елдің құты. Осыны ескеріп жүрміз бе? Талап болмаса, оған тірек болатын еңбек, бас болатын терең ой, асыл мінез болмаса, жеке адам түгіл, қоғам болашақ үшін не істей алады? Бұл да бүгінгі қоғам тарапынан ескерілуі керек дүние. Ал Абай айтқан бес асыл іске қарсы тұратын керітартпа әдет түрлерін, елдің дамуына кедергі келтіретін нәрсе екенін естен шығармау керек. Өйткені аға буыннан кіші буын жақсы қасиеттерді, игі істерді күтеді.
Мемлекет басшысы айтқандай, «Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ». Тарихтан да, бүгінгі уақыттан да белгілі ұлттың сапасы ең әуелі адамның сапасына тәуелді. Абайдың «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деуі сондықтан. Бұл ойшылдың әр адамға, әр буынға қарата айтқан сөзі болатын. Мемлекетті халықтың өмір сүретін ортақ үйі деп қарайтын болсақ, оның өмірі ең әуелі кірпішінің беріктігіне байланысты. Ел де солай. Адамы күшті болса, оның болашағы да жарқын. Ақылды адам, білімді әрі өнерлі ұрпақ, бірлігі күшті қоғам, елдігін жоғалтпаған халық тәуелсіздігін күшейтіп, мемлекетінің тарихтағы орнын сақтап қала алады. Бұның барлығы — бүгінгі ұлттың көкейінде жатқан мәселе. Ұлттың сапасы, мемлекеттің болашағына қатысты айтылған ойлар тарихта өткен бабалардың да арманы еді. Ертеңгі ұрпақтың бізден күтетіні де осы. Келешекке біздің не ішіп, нені кигеніміз керек емес. Бізде бар нәрсе оларда да болады. Олардың бізден күтетіні — рухани тағылым.

Бүгінгі біздің алдымызда ел, халық болып бірлесіп атқаратын жұмыс көп. Тәуелсіздікке қайта қол жеткіздік деп айналаға бейжай қарап отыратын уақыт емес. Бұндай түсінік артта қалып бара жатыр. Оның үстіне қазіргі адамзат қоғамындағы өзгерістер оң нәтижемен көрінгенімен, қоғамдық санаға оның әсер ететін тұстары қатты білінуде. «Бүгінгі қоғамға адамзат үшін адамның мінезі өзгеруі керек пе, әлде білімі өзгере ме?» деген мәселені шешу керек. Сонда ғана қазіргі жаңа нәрсенің санаға қалай әсер етіп жатқанын көруге, алдын алуға болады. Бұны ең әуелі ата-ана да білуге тиіс. Тәрби берудегі ұлттың тәжірибесі ығысып қалмауы керек. Мемлекет басшысының осы тәрбиеге қатысты айтқан сөздерінен көп нәрсе есімізге түседі. Бала кезімізде өзімнің әжем, ауылдағы кісілер болсын үлкен ата-әжелер тыным көрмейтін. Үйлерінде оларға қарап тұрған жұмыс болмаса да уақытты бос өткізбейтін. Денсаулығы қатты сыр бермесе, ұсақ-түйек ауруды да елемей, бір іспен шұғылданатын. Дым таба алмаса, қолдарына ұршығын алып жіп иіріп отыратын. Соларды көрген бала еңбектің, пайданың не екенін түсініп өскені анық. Осындай қариялар қазір бар ма? Бұндай кісілер күннен- күнге азайып бара жатыр. Олардың баласына айтқаны үйдегі шаруашылық, еңбек, кәсіп жөнінде болатын. Бүгін қоғамға осы дәстүр жетпей жатыр. Президент айтқан өскелең жастың сана-сезімін тәрбиелеп, ой-өрісін қалыптастыратын аға буын екенін ұмытып бара жатқандаймыз. Әр адам «бұл маған қажет емес» деген көзқараста өмір сүрсе, болашақта қайда барып, кімнен үлгі алады? Бұны да ескеру керек.

Мемлекет, болашақ қоғамдағы барлық адамға ортақ, барлығына бірдей қажет. Жерде бір сынық таяқ жатса, оны адам жүретін жолдан алып тастау — кез келген адамға міндет. Қазіргі өміріміз де сол сияқты. Қоғамыңа жасаған жақсылық түбі қайтады, оның жемісін көретін — ұрпақ. Бұл — өркениетті қоғамды жасайтын адамның нағыз сана-сезіміне тән нәрсе. Мемлекет басшысы айтқандай, ел халық- болып бірігіп, әр азаматтың сана-сезімін жаңғырту керек. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, пиғыл өзгермей ештеңе де өзгермейді. Мәселен, көне дәуірде өмір сүрген ойшыл Сократ «Игілік дегеніміз не нәрсе?» деген. Ойшылдың бір ғана сөзі әлі күнге дейін өзінің мәнін жойған емес. Осы көзқараста қазіргі біздің қоғам үшін не нәрсе игілік деп өзімізге сұрақ қойсақ, Президенттің айтып отырған мәселесіне келіп тірелеміз. Адал еңбек, дұрыс білім, үлгілі өнер, шынайы кәсіп, іскерлік — бұның барлығы қоғам үшін игілік. Соның ішінде игіліктің арқауы қашанда адалдық, рухани тазалық болған. Абай айтқан ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл — қоғамның игілігіне тірек болатын қасиеттер. Бұдан айналып өткен адам да, қоғам да көп нәрсені қайта басынан бастауға мәжбүр болады. Құрылтайда айтылған ұсыныстар қоғам тарапынан ескеріліп, жүзеге асырылуы керек. Бүгін бұның барлығы ескеріліп, жасалмаса, мемлекетке төнетін қауіп көп. Ал болашақты күні бұрын ойлап, қауіпті нәрселердің алдын алу — біздің міндетіміз. Ең әуелі адам өзінің сапасына көңіл бөлуге тиіс. Адамы күшті болса, ол мемлекет қалған нәрсені жасай алады. Еліміз тәуелсіздік жылдарында көптеген тарихи бастамаларды қолға алды. Соның барлығы жалғасуда.

Мемлекет басшысының Құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлт болашағына қатысты көптеген мәселенің қозғалғаны белгілі. Бір мақала көлемінде бұның барлығын шолып шығу мүмкін емес. Менің айтып отырғаным — Президент көтеріп отырған мәселенің бірі ғана. Тәрбиеден бастап ғылымға дейінгі мәселенің барлығы Президенттің баяндамасында тегістей айтылған. Бұны жүзеге асыруда ғалымдардың да алдында үлкен міндеттердің тұрғанын айтқым келеді.

 

//aqtobegazeti.kz/