Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеде Heriot-Watt филиалы ашылады – Үкімет қаулысының жобасы

Ақтөбеде Heriot-Watt филиалы ашылады – Үкімет қаулысының жобасы

Филиалда студенттер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ашық НҚА порталында Ақтөбеде Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Heriot-Watt университетінің филиалын құру туралы Үкімет қаулысының жобасын жариялады.
Heriot-Watt филиалы Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында жұмыс істейді.

Қаулы жобасына сәйкес, филиалда студенттер Heriot-Watt университеті мен Жұбанов университетінің аккредиттелген білім беру бағдарламалары негізінде білім алады. Оқу процесі мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерінде ұйымдастырылады.

«Шетелдік профессорлық-оқытушылық құрамның филиалдың жалпы профессорлық-оқытушылық құрамындағы үлесі 30 пайызды құрайды. Филиалды қаржыландыру Қазақстанның мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде алынған қаражат және Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады», – делінген құжатта.

Еске салайық, бұған дейін Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова 2023-2024 оқу жылына мемлекеттік грант негізінде 300 студент Heriot-Watt университетінің филиалына келесі мамандықтар бойынша қабылданатынын хабарлаған болатын:

Электр энергетикасы (ҰБТ-дағы бейіндік пәндері – математика-физика);
Геоинженерия (бейіндік пәндер – математика-физика);
Компьютерлік инженерия (бейіндік пәндер – математика-информатика).

//informburo.kz/