Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жастар саясаты > Алдымда жақсы мүмкіндіктер күтіп тұрғанына сенімдімін

Алдымда жақсы мүмкіндіктер күтіп тұрғанына сенімдімін

Амина КУВАШ

Zhubanov University «Есеп және аудит» мамандығын бітіруші, «Үздік диплом» иегері

Амина, Үздік дипломыңыз құтты болсын! Бұл үлкен еңбектің нәтижесі. Негізі өте еңбекқор екеніңіз байқалады. Оқумен қалай ұштастыра білдіңіз?

-Көп-көп рақмет! Мектеп кезінен бастап қоғамдық өмірге араласа бастағасын болар университет қабырғасында да белсенді болуыма жақсы мүмкіндіктер көрдім. Жастарға әрдайым қолдау білдіретін университет ректоры Лаура Чапайқызы, факультеттің профессор-оқытушылар қауымы жігерлендірді. Уақытымды тиімді пайдалану үшін тайм-менеджмент әдісін пайдаланамын. Әр күнім алдын ала жоспарланып,​ кейбір әрекеттерге жұмсалатын уақытымды бақылаймын, басқарамын, сондықтан​ оқуым мен қоғамдық өмірді ұштастыра білдім.

Өңірдегі студент-жастардың лидері болған екенсіз. Ортақ мәселелерді жоғары мінбеден айтуға мүмкіндік болған шығар?. Қандай сұрақтар шешімін тапты?

-Иә, лидер ретінде өзімді сынап көрген болатынмын. Студент-жастардың қызығушылығына, алаңдататын мәселелеріне байланысты бірнеше жобаларды іске асырып көрдім. Ең алдымен, “Қазақстан студенттері Альянсы” Ақтөбе облысы бойынша төрағасы қызметін 2021-2022 жылдар аралығында атқардым. Бұл ұйымның мақсаты — студент- жастардың құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық мәселелерін шешумен айналысу, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның дамып, өркендеуіне жастардың белсенді қатысуына шақырып, мотивация беру.​ Жоба аясында Ақтөбе облысының барлық жоғары оқу орындарымен, студент-жастарымен тығыз байланыста болдық. ЖОО-дың және жатақханаларының жағдайын білу мақсатында әр 3 ай сайын мониторингтер, студенттермен кездесулер, арнайы брифингтер, бос жұмыс орын жәрмеңкелерін ұйымдастырып, студенттердің біліктілігін арттыру мақсатында “Жазғы көшбасшылар мектебін” жүргіздік. Осындай нақты іс-шаралар арқылы​ студент-жастардың мәселелері көтеріліп, жақсы жағдайлар жасалынуына жолдар ашылды деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы волонтерлерге ылғи қолдау көрсетеді. Жақында волонтерлермен кездесуінде олардың қандай болуы керектігіне сипаттама берді. Сіз де волонтерлікке біраз үлес қосыпсыз. Бұл өмірлік ұстанымнан ба, әлде көпшілік шұғылданатын болғасын қызығушылықтан ба?

-Әрине қазіргі қоғамды алып қарасақ, еріктілік қызметпен айналысатын жастар өте көп. Ол мені қуантады. Өзім ерікті болып жүргеніме биыл 6-шы жыл және де бұл өмірлік ұстанымым деп айтсам да болады. Барлығымызға мәлім, еріктілік қызмет ақысыз, өз еркіңмен көмек беру, қоғамдық істермен айналысу болып табылады. Осындай ерікті, белсенді жастарға қаржылай болмаса да, бір мүмкіндіктерді беру мақсатында мемлекеттік тапсырыс аясында, Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасынан “Өңірдегі еріктілік қызметті дамыту және Ақтөбе облыстық фронт-офисті құру” жобасына грант жеңіп алдық. Жоба аясында еріктілік қызметтің 7 бағыты бойынша 30-ға жуық іс-шаралар өткізіледі және жыл соңында белсенді болған еріктілерге экипировка беріліп, санаторийге демалуға, жыл сайын өтетін Республикалық еріктілер форумына жолдама берілетін болады. Бұл еріктілік қызметте жүрген студенттер үшін үлкен мүмкіндік деп санаймын.

Студенттік өміріңіз өте интенсивті өткен тәрізді. Ең табысты жылдары еді деп қай мезгілін айтар едіңіз?

-Ең табысты жылдар деп 3- курста оқып жатқан кезімді айта аламын. Себебі іске асырған, асырып жатқан жобаларымыз өз қолдауын тапты.​ Басқарма төрағасы — Ректор Л.Ч.Қарабасованың бұйрығымен «Жыл үздігі — 2021» номинациясының иесі атандық, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Б.О.Елеусінова облыстық Жастар сыйлығының «Үздік шығармашыл топ» номинациясы бойынша Қазақстан студенттерінің Альянсы Ақтөбе облыстық филиалын марапаттады.

Қаржыгер-маман болдыңыз. Еліміздегі қаржы саласы қалай дамуда деп ойлайсыз?

-Қаржы саласы мемлекет дамуында ерекше рөлге ие екені айтпаса да түсінікті. Себебі ол экономиканың құрамдас бөлігі, ал экономика елдің дамуын айшықтайды. Осы орайда бухгалтерлік мамандықты 4 жыл бұрын таңдап, оқуға түскен болатынмын. Мамандықтан қателеспедім деп ойлаймын және алдымда жақсы мүмкіндіктер күтіп тұрғанына сенімдімін. Бір қуантатыны жақсы оқуымның арқасында қазір туған университетімде мамандығым бойынша тәжірибеден өтіп жатырмын, соның нәтижесінде осында жұмысқа орналассам ба​ деп отырмын.

Алдыңызға тағы қандай міндет қойып отырсыз?

-Жас кезде барлығын көріп, білу керек деп ойлаймын. Соған байланысты екінші жоғары білім алу мен магистратураға түсу, тағылымдама ретінде шетелге шығып, жұмыс жасау да ойда бар.

Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, № 6(486), маусым, 2023 ж.