Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жастар саясаты > Мұғалім болып, оқушыларымды ғылымға баулығым келеді

Мұғалім болып, оқушыларымды ғылымға баулығым келеді

Толғанай ЖАҢАЖЫЛҚЫЗЫ

Zhubanov University «Қос дипломды білім беру» («Қазақ тілі мен әдебиеті», «Цифрлық лингвистика») бағдарламасы бойынша Үздік диплом иегері

-Толғанай, мектепті «Алтын белгімен» бітірген екенсіз,  осыдан төрт жыл бұрын Білім алаңында университетке түскен «Алтын белгі» иелерінің дефилесі өткен еді. Қатысқан боларсыз? Жаңа ортамен алғашқы таныстық сол сәтте басталды деп ойлаймын.

-Қайырлы күн!  Жоқ, менде басқаша болды. Университетке 2018 жылы «Филология» мамандығына ақылы бөлімге түстім. Бірақ, келесі жылы қайта тестке дайындалып, бар күшім мен білімімді жинап, Кешенді тестілеу (КТА) тапсырдым. Жолым болып, өзімнің факультетіме қайтадан грант негізінде 1-курсқа қабылдандым. Жаңа орта мен үшін ол кезде жаңа группаластарым еді. Алғашында оларды  достарым, құрбыларым бола алады деп ойламадым. Жай ғана группалас болып араласамыз деген ой болды. Себебі, әлі де болса алдында 1 жыл бірге оқыған группаластарымды қимай жүрдім. Ал қазір группаластарым туғандарыма айналды, бауырмалдық, адалдық, шыншылдық, сыйластық бізді бір арнаға біріктірді.
Енді міне үлкен өмірге бірге қадам басқалы отырмыз. Барлық замандастарыма, достарыма сәттілік тілеймін. Еліміздің гүлденуіне бірге үлес қосайық!

Адамның мінезі — оның тағдыры деп жатады ғой психолог-мамандар. Табысты болудың сыры осы тұжырымға сәйкес сияқты көрінеді маған. Қалай ойлайсыз?

— Менің ойымша адамның мінезі көп жерде оған әсер етеді. Мінез туа бітті қалыптасады дегенмен, өзгертуге болады. Адам өмірде өз орнын, атқаруы тиіс міндетін таппаса, табысты болуы қиын. Өз өмірінің лайықты бағытын дұрыс таңдаған жанға табысты  болу түк қиын емес. Сонымен қатар табысты болу үшін адамға көп энергия керек деп ойлаймын. Энергиямен бірге қабілет те керек. Мәселен, ұйымдастырушылық, келісімге келе алу, сондай-ақ атқарар ісіне жүрек қалауының сәйкестігі, осының бәрі табысқа бастайды.

“Қос дипломды білім беру” бағдарламасы бойынша оқыған екенсіз. “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы түсінікті. Ал «Цифрлық лингвистика» жайлы хабарым аз екен. Түсіндіріп жіберсеңіз.

-Оқуға түскен жылдары «Қос диплом» білім беру бағдарламасымен танысқан болатынмын. Кураторымыз Әлия Жолдасқалиқызы Ұлықпанованың нұсқауымен «Цифрлық лингвистика» мамандығы жайлы білдік. Біздің факультетте алғаш ашылып жатқан мамандық біз үшін қызықты болды. «Цифрлық лингвистика» саласы қазақ тілінде әлі даму үстінде. Шет елдерде дамыған, бірақ бізде енді басталды. Бұл саланың маманының міндеті қазақ тілін компьютерге енгізу, әрі қарай дамыту. Көп жерлерде қазақ тілінде ақпараттар аз, тіпті жоқ болып жатады. Қарапайым онлайн кітапханадан қазақ тілінде қажетті кітаптарды таппай жатамыз. Көп қолданатын ғаламтор желілерінде (Яндекс, Siri, Opera)  қазақ тілінде ақпарат алу қиындық тудырып жатады. Міне, осы бағытта қазақ тілінде сайттар жасауға, программалар шығаруға үйрететін сала.

Университеттен кейін магистратураға баратыныңызды біліп отырмын. Ғылыммен айналысыпсыз, жақсы нәтижесі болыпты. Ғылыми жұмыстарыңыздың тақырыптық бағыты ұнады. Көпшілікке де айта отырайық.

— Қазіргі таңда қоғам арасында жастар ғылымға қызықпайды деген қате пікір қалыптасқан. Ғылыммен айналысып, облыстық, республикалық деңгейде жетістік көрсеткен университетіміздің студенттері жетерлік. Университетке түсіп, студент атанған жастың алдында екі таңдау тұратын секілді. Бірі — ғылыммен айналысып, сол жолда жұмыстану, екіншісі — белсенді студент болып, қоғамдық-мәдени ортада жүру.  Екеуі де жетістікке апарады.
Біздің университет Қазақстан бойынша ең үздік университеттердің қатарында. Ғылыммен айналысамын деген жасқа университетімізде бар жағдай жасалған. Тек мүмкіндікті жан-жақты пайдалана білу керек.
Ғылыми жұмыстарға маған жол сілтеген, бағдаршам болған Зухра Мирамбековна Молдабаеваға алғысымды білдіргім келеді. Ғылыми жұмыс жазған кезде жетекшінің рөлі өте зор. Ғылыми жұмыстарымның тақырыбы туған жерге, Т.Шонанұлы шығармашылығына арналды. Барлық жазған ғылыми жұмыстарым бағасы жоқ бір гауһартас  іспетті. Әр жұмыстың барысында көп тәжірибе жинап, шыңдалып отырдым. Соңғы жылдары жастардың ғылым жолына бет бұра бастауына  мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар жігерлендіреді. Жылдан-жылға жас ғалымдардың мүмкіндіктері көбейіп, қаржыландыру, грант, шет елдерде тәжірибе алмасу, біліміңді арттыру мүмкіндіктері жасалынып жатыр.
Ғылымдағы жетістік ол қол жеткен нәтиже. 2020 жылы
Елордада өткен  Республикалық «Жылдың жүз үздік ғылыми жобасы» байқауында «Үздік ғылыми жоба» Дипломымымен және төсбелгімен марапатталдым, жинаққа жұмысым енді. Қарағандыда өткен «Исаев оқулары-2022» республикалық жас ғалымдар конференциясының мақалалар жинағына «Қазақ тілі біліміндегі жаңа бағыттар» секциясында баяндаған мақалам енді.  Осы жылы Башқұртстан Республикасында өткен «ХV Киекбаевские чтения» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатыстым, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталдым. Сондай-ақ биыл Ақтөбеде өткен «Жастар, ғылым, инновация» атты халықаралық ғылыми конференцияда 2-орын алдым.
Әзірше түбегейлі ғылыммен айналыспасам да, мұғалім болып, оқушыларымды ғылымға баулығым келеді.

-Алдағы мақсат-мұраттарыңызға барар жолыңыз ашық болсын дейміз!

Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, № 6(486), маусым, 2023 ж.