Среда, Май 1, 2024
Басты > Жастар саясаты > Ең тиімді мамандық

Ең тиімді мамандық

Орнай Жарасханова Экономика және құқық факультетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын игеріп жатыр. Биыл 4 курста оқиды. Университетте білім ала жүріп, ғылыммен белсенді шұғылданатын студенттің бұл салада жетістігі көп. Ең маңызды жетістігі деп Орнай Ресейдің Орынбор мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен XІІ Халықаралық студенттер ғылыми олимпиадасында «Өңірдің еңбек нарығы және еңбек әлеуеті: жаңа трендтер» бағыты бойынша ғылыми-зерттеу жобалары байқауындағы алған 1- орынды, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің XIV Республикалық студенттік пәндік олимпиадасындағы 3-орынды, Өскемен қаласында «INN Science Asia» ғылыми білім беру орталығы ұйымдастырған «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша ЖОО студенттері арасында өткізілген ІV Республикалық қашықтық олимпиадасындағы​ 2-орынды, Астана қаласында ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстан: Әділетті қоғам» семинар-тренингіндегі үздік жобалық жұмысы үшін алған Алғыс хатын санайды.
Орнай Жарасханова сонымен қатар ана тілінен өзге орыс және ағылшын тілдерін меңгерген заман тынысына бейімді жас. Сұрақтарға жауаптары нық, нақты.

Әңгімелескен Гүлнара Дауылбайқызы

Орнай, оқып жатқан мамандығыңызға ұйымдастырушылық талант, бастамашылық және коммуникабельділік дағдылары қажет екенін білемін. Бұл дағдылар бойыңызда қаншалықты қалыптасқан?

-Университет қабырғасында білім алу барысында өз бойымдағы коммуникабельділік дағдысын өте жақсы дамытып, белсенді студенттердің бірі атандым. Әр түрлі конференцияларға, олимпиадаларға, жобаларға қатысу барысында көптеген адамдармен таныстым, олармен ой бөлісіп, бұрын білмеген ақпараттарды игердім. Ұйымдастырушылық талант пен бастамашылдық қабілет туралы айтар болсам, талант мен үшін бір адамға туа біте даритын қасиет секілді көрінді. Бірақ, қазіргі уақытта адам шын ниетімен қаласа, оның ала алмайтын белесі жоқ екеніне көзім жетті. Болашақ мемлекеттік қызметкер ретінде де, күнделікті өмірде осы атап өткен дағдыларды бойымда шыңдай түсу өте маңызды деп ойлаймын және сол бағытта алдағы уақытта көп еңбектенетін боламын.

Осыған дейін колледж аяқтапсыз, бітірген мамандығыңыз «Туризм менеджері» деген заманға лайық кәсіп түрі екен, университеттен соң осы бағытта еңбек етесіз бе?

-Жоғары оқу орнына осы мамандыққа түсуімнің негізгі себептерінің бірі — осы.​ Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы мен тәмамдаған туризм менеджері кәсібіне классификациясы келетін мамандықтардың бірі болып табылады. Әрине, болашақты болжау өте қиын, бірақ сәтін салса университетті сәтті аяқтап, туризм менеджері және мемлекеттік жергілікті басқару мамандықтарын ұштастырып, Ақтөбе облысы әкімдігіне жұмысқа тұру жоспарымда бар. Болашақта өңіріміздің тек туризм жағынан емес, сонымен қатар әр қырынан көркейтетін жоғары білікті, кәсіби мамандар қатарынан табылатыныма сенімдімін.

Студенттік өмірдің қай қыры сіз үшін қызықты өтуде?

-Қазір 4 курс студенті болғандықтан студенттік өмірімнің дәл осы кезі өте қызық әрі мәнді өтіп жатқанын айта аламын. 1 курсқа түскенде әрине, іштей қорқыныш болды, себебі жаңа орта, жаңа адамдар. Тобымдағы студенттермен тез тіл табыса білдім, ортақ қызығушылықтарымыздың мол екені бірден аңғарылды. Сабақ уақытында топтық тапсырмаларды көп орындаймыз, әрбір сабақты қызықты етіп өткізуге тырысамыз. Сабақтан тыс уақытта университет ұйымдастыратын әр түрлі жобаларға қатысып, жаңа ортаға бейімделеміз.​ ​ ​

Бірге білім алып жатқан құрбы-құрдастарыңыздың арасында өзіңіз үлгі тұтатындары бар ма?

-Иә, ондай құрбы-құрдастарым көп деп айта аламын. Солардың бірі ретінде өз тобымның студенті Ханиев Аманжолды атап өткім келеді. Аманжол «Заман біздікі» ИЭО президенті,​ университет өміріне өте белсенді қатысатын білім алушылардың бірі. Өзінің сөйлеу мәнерімен, өзін-өзі ұстай алу қабілетімен ерекшеленеді.​ Сонымен қатар оқуда озат студент болғаны үшін Аманжолды үлгі тұтарлық жан деп білемін.

Егер сізден оқып жатқан мамандығыңызға қызығушылық тудыратын жарнама жасауға өтініш түссе қалай​ қызықтырар едіңіз?

-Менің ойымша, мемлекеттік қызмет жауапкершілікті, ұстамдылықты, адалдықты қажет ететін өте беделді мамандықтардың бірі. Сонымен қатар, халыққа қызмет ету үлкен төзімді қажет етеді. Саналы түрде осы мамандыққа түскен білім алушылар, оқу барысында жоғарыда аталған барлық қасиеттерді өз бойына дарыту мүмкіндіктеріне ие болады. Қазіргі уақытта елімізге жоғары білікті, кәсіби мамандар өте қажет. Сол себепті мемлекеттік қызметкерлерге де қойылатын талаптар күшеюде, сонымен қатар мемлекеттік қызметкердің жылдан-жылға мәртебесі де жоғарылап келеді. Болашақта тек мемлекеттік қызметте емес, сонымен қатар жеке бизнесте, ұлттық компанияларда​ қызмет еткісі келетін адамдар үшін ең тиімді мамандық деп ойлаймын.

Zhubanov University облыстық газеті,

№9(489), қыркүйек, 2023 жыл.