Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жанымыздағы жақсы жан

Жанымыздағы жақсы жан

Zhubanov University Кәсіподақ төрайымы Ольга Сұлтанғалиеваның айтуынша қазір еңбек демалысында 300 зейнеткер бар. «Бұл зейнет жасында жүріп, еңбек етуін жалғастырып жатқандардан бөлек, біз оларды ылғи назарымызда ұстап, мерекелерде құттықтап, әлеуметтік-рухани қолдап отырамыз»,- дейді Ольга Қашымқызы. Кәсіподақ ұйымы өкілдері жақында университет ардагері Ақния Бижанованы​ 75 жасқа толуымен құттықтап барды. Ақния Байзаққызының құрметті демалысқа шыққанына 13 жыл толыпты.
Ұстаздың жоғары білім беру ісіне сіңірген еңбегі жайлы естелігін есіне алған әріптесінің құттықтауы.

Өмір жолыңда кездескен жақсы жандар — ырыс-берекеңнің жартысы. Олай болатын себебі: жақсы жандар аппақ, адал ниетімен сенің ойыңды жақсылықтың жібек жібімен жалғайды, жылы сөздерімен жаныңды семіртеді, көтерген бастамаңның игілігіне көздері жетсе, жан-тәнімен беріле қолдайды, сол жолдағы қиындығыңды жеңілдетуге, жақсылығыңды еселеуге сеп болады. Осылайша өміріңнің белгілі бір белесіңде сенімен иық тіресе отырып, жақсы істерді бірге атқарып, көңіліңе жақсылықтың дәнін сеуіп, оның гүлденуіне ықпал етеді. Бүгінгі күн биігінен қарап тұрып жақсы жандарды жолықтырған тағдырға шүкірлік етесің. Осындай жақсы жанның бірі де бірегейі, асыл ұстаз, ардақты да адал әріптес, кішіге қамқор болудың, үлкенге ізет көрсетудің нағыз үлгісі — Ақния Байзаққызы Бижанова!

Ақния Байзаққызымен жақын таныстығымыз 2000 жылдан басталды. Сол жылы орыс топтарында оқылатын Қазақ тілі пәнін жүргізетін профессор-оқытушыларды бөлек кафедра етіп бөліп шығарды. Мен, жас та болсам, сол кафедраның меңгерушісі ретінде тағайындалдым.

Кафедра құрамында өзіме педагогикалық институт қабырғасында орыс тілі пәнінен сабақ берген, марқұм София Өксікбайқызы, талай жыл кафедра басқарған, марқұм Зоя Төлегенқызы, ардагер ұстаз Әлпеш Әбдіқадырқызы, Несібелі Тұрғалиқызы және өзге де әріптестеріміз болды. Олар жас кафедраның тәй-тәй басқан қадамының нығаюына, бойын тез тіктеуіне елеулі үлес қосты. Солардың бел ортасында Ақния Байзаққызы өзінің ең үздік идеяларымен және оны жоғары деңгейде жүзеге асыруымен үнемі ерекшеленетін. Кафедра профессор-оқытушыларының кәсіби құзыреттілігін онан әрі арттыру, ғылыми-әдістемелік, теориялық деңгейін жетілдіре түсу мақсатында оқытудың жаңа технологияларын сипаттаған кітаптарды оқып талқылап, соның нәтижесінде әр оқытушының өзі таңдаған оқыту технологиясын 1 семестр бойы оқу үдерісіне енгізу тәжірибесі қолға алынды. Сол істе Ақния Байзаққызы өз тәжірибесіне оқытудың жобалау технологиясын енгізді.

Экономика факультетінің орыс тобының студенттерімен «Ақтөбе қаласындағы көше атаулары тарихынан» тақырыбында жобалау технологиясымен сабақ жүргізді. Ұзақ мерзімді жобалау технологиясымен жүргізілген сабақтарда орыс тобының студенттері мұрағат пен мұражайдағы мәліметтерді жинақтап, олардың орыс тіліндегісін қазақ тіліне аударып, қазақ тіліндегісін түсініп, зерделеп, сол материалдар негізінде таныстырымдар өткізіп, іскерлік ойын түріндегі ашық сабақтар көрсетіп, тынымсыз еңбек етті. Еңбек далаға кетпеді, ақталды.​

Білгір ұстаз ұйымдастырған жобалау технологиясымен жүргізілген сабақтар студенттердің қазақша сөз сөйлеуін толық қалыптастырды, жетілдірді. Ал кафедра ұжымының ғылыми-әдістемелік, ғылыми-теориялық әлеуетін арттыруға мол септігін тигізді. Соның қорытындысы «Қазақ тілі сабақтарында оқытудың инновациялық технологияларын қолдану» тақырыбындағы университет деңгейінде ұйымдастырылған семинарда ортаға салынып, өзге әріптестермен тәжірибе алмастық. Алғашқы семинар қатысушылар тарапынан түрліше қабылданды. Қорытындыда сөз алған әріптестердің бірі мақтаса, енді бірі практикалық тұрғыдан да, теориялық тұрғыдан да сын айтты. Бірақ кафедра ұжымы өз алған бетінен қайтпадық, мақтауды да, сынды да біркісідей көтердік. Бірлігіміз арта түсті. Оның себебі — тағы да өз кәсібін бағалайтын, өз ісіне адал, жанындағы әріптестерін ортақ іске жұмылдыруда жігерлендіріп жүретін Ақния Байзақовадай әріптестеріміздің болуы.

Ақния Байзаққызы — дос бола білудің де жарқын үлгісін көрсетті. Марқұм София Өксікбайқызымен адал достығының куәсі болдық. Олар қатарласып, әңгімелері жарасып, бірін-бірі сәл көрмесе сағынысып табысатынын көргенде, көңіл жылылыққа толып қалатын. Кафедраға бірге енгенде жастардың жанарында қуаныш ұялайтын. Олар шынайы достықтың үлгісі болған жандарды шын ниетпен құрметтеді, әлі де құрметтей бермек. Сол күндерде студент болған, қазір еліміздің түпкір-түпкірінде халыққа қызмет етіп жүрген жандардың Ақния Байзаққызына, аяулы ұстазына білдірген ыстық ықыласының да куәсі болып жүрміз.

Ақния Байзаққызы мықты маман болудың, құрметті әріптес болудың, адал достықтың үлгісін ғана көрсетіп қойған жоқ, ол анасын аялай білудің де нағыз үлгісін танытты. Анасына деген​ ​ ыстық ықыласы мен жұмыс барысында анасына асығатын сәтінің талай куәсі болдық.
Бүгінде 75 жастың биігіне көтерілген Ақния Байзаққызын әріптестері атынан шын жүректен
құттықтаймын! Деніңізге саулық, ет жақындарыңызға амандық тілейміз!​ ​
​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​
Құрметпен,
Күлзат САДИРОВА,​
филология ғылымдарының докторы, профессор,
«Жоғары оқу орны үздік оқытушысы-2012» грантының,
«Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісінің
иегері

Zhubanov University облыстық газеті,

№9(489), қыркүйек, 2023 жыл.