Среда, Май 1, 2024
Басты > Жаңалықтар > Heriot-Watt университетінің делегациясы Ақтөбеде

Heriot-Watt университетінің делегациясы Ақтөбеде

Жұбанов университетінің ұжымы Heriot-Watt университетінің ректоры Марк Биггс бастаған профессорлармен кездесті. Кездесу барысында қос тарап серіктестікті нығайтуға арналған бірқатар стратегиялық жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, күн тәртібінде тұрған академиялық сұрақтардың шешімін бірлесе тауып, профессор-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру және бірлескен ғылыми жобалар дайындау.

Сонымен қатар, Heriot-Watt халықаралық факультетінің студенттері үшін университет кітапханасын ғылыми-әдістемелік құралдармен толықтыру, «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғалымдардың тағылымдамадан өтуі, сондай-ақ студенттерді жұмыспен қамту мәселесі талқыланды.

Кездесуде айтылған ең басты мәселе – халықаралық рекрутинг. Жұбанов университетінің Heriot-Watt халықаралық факультеті келесі оқу жылында шетелдік студенттерді қабылдауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта шотландиялық университеттің Эдинбург, Куала-Лумпур қалаларындағы филиалдарының профессорлары Ақтөбеде сабақ беретін болады.

Кездесуден кейін Heriot-Watt университетінің халықаралық даму бөлімінің бастығы Джаред Филиппи, профессор Джасерн Панг пен Heriot-Watt университетінің ақпараттық директоры Павел Драбкова мектеп оқушыларымен кездесіп, филиалдың мүмкіндіктері туралы айтты. Сонымен қатар шетелдік профессорлар Жұбанов университетінің студенттеріне дәріс оқыды.

Еске сала кетейік, биылғы оқу жылында ашылған Heriot-Watt халықаралық факультетінде 300-ге жуық студент білім алып жатыр.