Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > “Волонтерлер мектебі — 2023” жобасы бастау алды

“Волонтерлер мектебі — 2023” жобасы бастау алды

Жоба аясында волонтерлік қозғалыстың қазіргі таңдағы маңызы, еріктілердің мәртебесі мен беделін арттыру, волонтерліктің салалары туралы талқыланады.

Жұбанов университетінде өтіп жатқан семинар үш күнге жалғасады. Алғашқы күні қатысушыларға әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Нарқозы Қартжан «Волонтерлік – әлеуметтік саты», педагогика және білім берудегі менеджмент факультетінің оқытушысы Райбек Сағадатов «Адамдардың жаңа болмыстарына бағытталған волонтерлік дағдылар мен қабілет» тақырыбында дәріс оқыды.

«Волонтерлер қозғалысы қазіргі таңда Қазақстанда қарқынды дамып келеді. 2016 жылы волонтерлер қызметі туралы арнайы заң қабылданып, елімізде бұл саланың жүйелі дамуына негіз болды. Волонтерлер – бұл қоршаған ортаға, өңірдің дамуына, өзге адамның тағдырына немқұрайлы қарамайтын жандар. Яғни, әркез қоғамға қол ұшын беруге дайын, өз елін жақсы жаққа қарай өзгертуге тырысатын қайырымды азаматтар десек болады. Біздің университетте «Zhubanov zhyluy» волонтерлер клубы бар. Ерікті студенттеріміздің әркез қайырымдылық және қоғамдық іс-шаралардың басы-қасында жүретіні қуантады. Бүгінгі шараға мектеп оқушылары да қатысып жатыр. Волонтерлік қызметті жастарымыздың арасында насихаттайтын мұндай шаралардың маңызы үлкен, — дейді әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Нарқозы Қартжан.

Айта кетейік, алдағы екі күнде спикерлер «Волонтерлік –адамға риясыз қызмет ету», «Волонтерлік: құндылық және өзін-өзі басқару», «Көшбасшылық», «Волонтерлік – өмір стилі», «Әлеуметтік саладағы волонтерлік», «Медициналық волонтерлік» тақырыптарында тренинг өткізеді.