Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталыны еске алды

Жұбанов университеті белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталыны еске алды

Жұбанов университетінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыны еске алуға арналған бірнеше іс-шаралар өтті.

«Профессор А.Айталының ғылыми педагогикалық мұрасы және қазіргі Қазақстандағы руханият мәселелері» тақырыбындағы республикалық — ғылыми конференцияға ғалымның әріптестері мен шәкірттері, отандық ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары, университет басшылығы мен профессор-оқытушылар қатысты.

Пленарлық мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Ораққызы, Қазақстанның мемлекет қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, ақын, журналист Ханбибі Есенқарақызы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Абылай Мухамеджан, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Семей филиалының директоры Бауыржан Ердембеков сөз сөйлеп, Амангелді Айталының өмір жолы, артында қалған мол ғылыми мұрасы жайында айтты.

— Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Амангелді Айталының өмірден өткеніне бір жыл. Біріңізге замандас, дос, қамқор аға, біріңізге ғылыми жетекші ретінде жол сілтеген тұлғаның жарқын бейнесі жадымызда сақталады. Амангелді ағаның ұлттық мүдденің дамуына қосқан үлесі ерекше. Өмірден өткенімен ел үшін, жоғары білім және ғылым үшін жасаған ғылыми еңбектері уақыт өткен сайын өзектілігі арта түседі, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Айта кетейік, конференциядан бөлек профессордың өмірі мен ғылыми мұрасына арналған “Естелік кітаптың” тұсаукесері, Айталы Амангелді Әбдірахманұлы атындағы ғылыми оқу залының ашылу салтанатты шарасы өткізілді.