Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Үш орталықтың жұмысы

Үш орталықтың жұмысы

Дөңгелек үстел

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің №2 дәрісханасында профессорлық-оқытушылар құрамына арналған «Зәбір көрсетуші мен зәбір көрушінің психологиялық портреті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Елімізде 25 қарашадан бері «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясының өтіп жатқаны белгілі. Аталған шара осы акция аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел барысында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Еркін Шүкірова  жиналғандар алдында акцияның мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрін жою туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Конвенциясының ережесіне сәйкес жыл сайын 25 қарашада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні атап өтіледі. «Акцияның мақсаты — әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау. Жаһандық науқанның ресми түсі — қызғылт сары. «Әлемді қызғылт сарыға айналдыр». Мұндай ұранды Біріккен Ұлттар Ұйымы зорлық-зомбылыққа қарсы идеяларды ілгерілету үшін қолданады», — деп ол мойнына таққан қызғылт сары түсті шәлінің мәнін осылай түсіндірді.

Ол өз сөзінде аймақта тұрмыста зорлық-зомбылықтың құрбанына айналғандарға қолдау көрсетуге қатысты нақты атқарылып жатқан іс-шараларға да тоқталды. Қазірдің өзінде Ақтөбеде осындай жағдайға тап болғандар үшін үш орталық жұмыс жасайды. Онда ана мен балаға барлық жағдай жасалған. Белгілі мерзімде әйелдердің жұмыс жасауына мүмкіндік қарастырылады. Еркін Шүкірова шарасыз күйде орталыққа келген кейбір жандардың басындағы жағдайды да айтып берді.

Дөңгелек үстел барысында Ақтөбе қаласындағы денсаулық және салауаттылық орталығының психолог маманы Бақытгүл Өміртаева, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің мектепке дейінгі және бастауыш оқыту кафедрасының меңгерушісі Гүлшат Бақтиярова тақырыпқа байланысты тұшымды ойларын ортаға салып, жаһандық науқанға қатысты жиналғандардың көзқарасын білді.

Арайлым НҰРБАЕВА.