Среда, Май 1, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ардагер ұстаз — чемпион

Ардагер ұстаз — чемпион

Ақтөбелік танымал найза лақтырушы, Zhubanov University ардагер ұстазы Молдабай Әбдіхалықұлы Байтурин Филиппин мемлекетінің Кларк қаласында өткен XXII-ші Азия Чемпионатынан елге чемпион болып оралды. Ол халықаралық жарыс барысында азиялық спортшы-ардагерлер арасында найза лақтырудан ең жоғары көрсеткіш беріп,​ l-орынға ие болды. Сондай-ақ ол осы чемпионатта ядро итеруден — l-орын,​ диск лақтырудан​ — lll орын алды. XXII-ші Азия чемпионатына 22 елден 2000 атлет қатысты.

Молдабай Байтурин Zhubanov University университетін 1978 жылы (ол кездегі атауы Ақтөбе​ педагогикалық институты) «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіріп, оқытушылық қызметке қалған.​ Содан үзбей 40 жыл ұстаздық еткен ол 2018 жылы​ зейнеткерлікке шықты.

Қазір ардагер-ұстаз оқытушылық жұмысын жалғастыруда. 2021 жылы Молдабай Байтуринге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасы тапсырылды. Ардагер-спортшының өңірдің дене шынықтыру және спорт саласына маман дайындау ісінде сіңірген еңбегі орасан. Молдабай Байтурин жастарға жеке спорттық жетістіктерімен де үлгі. Ол ҚР құрметті спорт қайраткері,​ ҚР БҒМ​ «Құрмет грамотасымен» марапатталған (2006 ж), Бүкіләлемдік ардагерлер ойынының күміс жүлдегері (2009 ж, Сидней, Австралия), жеңіл атлетикадан​ үш дүркін Азия чемпионы ( 2009, 2012, 2016 жж),​ жеңіл атлетикадан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2016 ж).

Ардагер-спортшының жасы 72-де, белсенді спортпен​ 50 жылдан астам уақыт шұғылданып келеді.
Спортқа құмарлығы оқушы кезінен қалыптасқан. Алға қаласында туып-өскен ол жастайынан жасөспірімдер спорт мектебіне барып шыныққан.

9-сыныпта найзаны 37 метрден жоғары, 10-сыныпта 46 метр 48 сантиметрге лақтырып, биік нәтижелерімен көзге түсе бастаған.
Молдабай Байтурин Бразилия, Жапония, Австралия, Франция, Польша, Малайзия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Үндістан елдеріндегі және жақында Филиппин​ мемлекетіндегі халықаралық спорттық додаларға қатысып, әрқашан жүлдеге қол жеткізіп келеді.

70-жылдары Қазақ КСР-дегі ең мықты он найзашының бірі болған. Ол «Диапазон» басылымына берген сұқбатының бірінде спорттық жолға түскен жастарға жеңістер үшін спортшының ​ психологиялық дайындығының аса қажет екенін айтады. «Осыған орай, физикалық дайындығы жеткілікті болса да, көбі жеңіліске ұшырайды», — дейді ол. – Ең бастысы, жарыс алдында спортшы бойында қорқыныш пен күмән болмауы керек. Әрине, жарыс болғасын оның алдында қобалжу болуы заңды, бірақ қорқыныштан арылу, жеңіске сенім өте маңызды».

Молдабай Байтурин 2019 жылы Польшаның Тарум қаласында өткен ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатының найза лақтыру бойынша күміс жүлдегері. Бұл жеңіс өте маңызды. Өйткені жеңістерінің жеңісі. «Спортпен адам кез-келген жасында шұғылдана алады. Алдымен жүруден, сосын жүгіруден бастаған дұрыс. Қарт адамдарға жүзу өте пайдалы»,- дейді ардагер-ұстаз белсенді өмірінің бір сырымен бөлісіп.

Гүлнара Қараша

Zhubanov University облыстық газеті,

№11 (491), қараша, 2023 жыл.