Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жыл қорытындысы: жетістіктер мен нәтижелер

Жыл қорытындысы: жетістіктер мен нәтижелер

Бүгін Жұбанов университетінде 2023 жылдың қорытынды есебіне арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиынға университет ұжымымен қатар, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, өңірге белгілі қоғам қайраткерлері, серіктес ұйымдардың бірінші басшылары мен студенттер қатысты. Есептік кездесу офлайн және онлайн форматта өтті.

Басқарма Төрағасы–Ректор Лаура Қарабасова оқу орнының білім беру және ғылыми зерттеу жұмысы, инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелері туралы баяндады. 2023-2024 оқу жылындағы негізгі нәтижелерді талдап, батыс өңіріндегі ең ірі университеттің келер жылдағы даму жоспарымен таныстырды.
— Жұбанов университетінің басты құндылығы — академиялық адалдықты қамтамасыз ету, теңдік пен инклюзивтілік және академиялық үстемдікке ұмтылу, — деді университет ректоры.

Айта кетейік, Жұбанов университеті 2023 жылы еліміздегі ЖОО арасында берілген мемлекеттік грант саны бойынша алғашқы ондықтың қатарынан табылды. Сондай-ақ баяндама барысында университет басшысы атқарылған бірқатар істерді атап өтті:
— Білім сапасын арттыру мақсатында өндіріс орындарынан 67 тәжірибелі маман техникалық білім бағдарламалары бойынша сабақ береді.
— Жұбанов университетінің базасында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстандағы филиалы ашылды.
— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға бағытталған шараларда университет тарихшылары зерттеу жүргізді.
— Студенттердің білім алуымен қатар қоғамдық өмірге белсене араласуы жастар саясатының жүйелі түрде іске асуының дәлелі деп айтуға болады, — деді.

2023-2024 оқу жылында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жұбанов университеті базасында британдық Heriot-Watt университетінің филиалы ашылды. Халықаралық факультетте 300-ге жуық студент мемлекеттік грант негізінде 3 білім бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Мұндағы студенттердің 35%-ы ауыл мектебінің түлегі және 42%-ы қолдауға мұқтаж түрлі әлеуметтік категориялардан. Грант жеңіп алған талапкерлердің арасында тек ақтөбеліктер ғана емес, Батыс-Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола, Атырау, Жетісу облыстары, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларының түлектері бар.
— Биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облысына сапары барысында Жұбанов университетіне арнайы келуі. Университет ғалымдарының зерттеу жұмыстарымен, халықаралық Хериот-Уатт университеті филиалының жұмысымен танысып, оң бағасын берді, -деді ректор.

Сонымен қатар, университет басшысы профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға арналған жобалардың нәтижесімен бөлісті:
— 2022 жылы «оқытушыларға арналған ағылшын тілі» жобасы бастау алған еді. Биылғы жылы жалғасын тапқан жобамыз да жемісін беруде. Алғаш рет Жұбанов университетінің тарихында 13 оқытушы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Қазір оқытушыларымыз Ұлыбритания мен АҚШ-тың беделді оқу орындарында тағылымдамадан өтіп, білім алуда. Сонымен қатар биылғы жылы 12 адам докторантураға оқуға түсті. Бұдан бөлек үздіксіз білім беру тұжырымдамасы аясында «Күміс университет» жобасы жүзеге асты. 80-нен астам егде жастағы қызметкерлер біліктілігін арттырды.
2023 жыл – университет ұжымы мен студенттер үшін табысты жыл болды. Жоғарыда атқарылған шаралардан бөлек:
— студенттердің қолайлы ортада білім алуы үшін заманауи жабдықталған кабинеттер ашылды;
— 339 студент оқу ақысына 25%-дан 100%-ға дейінгі жеңілдіктер алды.
— жатақханаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтары жаңартылды;
— академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында биылғы оқу жылында 76 студент шетелде білім алып жатыр;
— 2021 жылдан бері қызметкерлердің жалақысы 35 %-ға өсті;
— шетелдік ғалымдар студенттер мен оқытушыларға дәріс оқыды;
— кітапхана трансформациясы жүзеге асты;

Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова:
— Келер жылы атқаратын маңызды істерге тыңғылықты дайындық үстіндеміз. Докторантура бойынша білім бағдарламаларын кеңейту, ғылыми жобаларды коммерцияландыру, қосымша диссертациялық кеңестер ашу, Heriot-Watt университетімен бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу және халықаралық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда, — деп сөзін қорытындылады.

Жиын соңында университет басшысы Жұбанов университетінің қызметкерлерін жаңа жылымен құттықтап, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, Ақтөбе облысы әкімдігінің, университет басшылығының атынан алғыс хаттарымен марапаттады.