Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Лаура Қарабасова: “Халықаралық Heriot-Watt филиалының алғашқы студенттері ретінде университет тарихында сіздердің орындарыңыз айырықша” 

Лаура Қарабасова: “Халықаралық Heriot-Watt филиалының алғашқы студенттері ретінде университет тарихында сіздердің орындарыңыз айырықша” 

Бүгін университет ректоры Лаура Қарабасова халықаралық Heriot-Watt факультетінің студенттерімен кездесу өткізді.

Ректор студенттерді бірінші семестрді сәтті аяқтауымен құттықтап, алдағы уақыттағы оқу процесі барысымен, екінші семестрде арнайы пәндерден дәріс беретін білікті профессорлар құрамымен таныстырды.

— Халықаралық Heriot-Watt филиалының алғашқы студенттері ретінде университет тарихында сіздердің орындарыңыз айырықша. Өздеріңізге мәлім, Heriot-Watt — Ұлыбританияда көш бастап тұрған ең көне техникалық университеттерінің бірі. Эдинбург, Дубай, Малайзия, Ақтөбеде болсын барлық филиалдардың ресурстары мен жоғары сапалы стандартқа сай оқыту бағдарламалары бірдей. Сіздерден талап етілетіні тек оқу, еңбектену, іздену, — деді оқу орнының басшысы. Лаура Қарабасова Хериот-Уатт университетінің филиалын ашуда ұжымның үлкен еңбегі жатқанын айтты. Сондықтан бұл жобаның сәтті жүзеге асуы өте маңызды екеніне тоқталды.

— Бұл филиал Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған жоба. Еліміз үшін де ең бірінші түлектер ретінде алатын орындарыңыз ерекше болмақ. Сондықтан осы жолға жетулеріңіз маңызды. Әрине, оқу оңай емес, оның ішінде екі диплом алудың өзіндік қиындықтары бар. Ағылшын тілінде оқу сіздерге қосымша жүк артады. Бірақ сіздерге қолдау танытуға әркез дайынбыз, — деді ол.

Сондай-ақ кездесуде университет ректоры оқу орнының оң имиджінің қалыптастыруда студенттердің рөлі жоғары екенін айтты. Білім алушыларды жауапкершілікті сезінуге, эмоционалдық интеллект, қарым-қатынасты қалыптастыруға, эмоцияны басқара білуге шақырды. Егер де шешімін таппай жүрген мәселе болса “Денсаулық және салауаттылық” орталығының мамандарына жолығуға кеңес берді. Студенттердің қауіпсіздігі, қолайлы ортада білім алуы оқу ордасының басымдықтарының бірі екенін айтып өтті.

Ашық микрофон алаңында студенттер университет басшылығына көкейде жүрген сұрақтарын, ұсыныстарын жолдады.