Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Арман мақсатқа айналса орындалады

Арман мақсатқа айналса орындалады

Буранкулова Эльмира Темирбаевнаның Zhubanov University Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі қызметіндегі екінші оқу жылы . Ph.D., аға оқытушының жоғары білім беру саласында еңбек етіп келе жатқанына 20 жыл. Ол арман мақсатқа айналса орындалатынына кәміл сенеді. Өйткені өз тәжірибесінен куә.

Ортақ әңгімеміз кафедраның бүгінгі тынысы, келешек міндеті туралы. Сұрақ қойған Гүлнара Қараша.

Эльмира Темирбаевна, жаңа жыл алдындағы көңіл-күйіңіз қалай, сізге 2023 жылдың сыйлаған қуанышы бар екенін білеміз.

— Қайырлы күн, Гүлнара ханым! Ия, 2023 жыл мен үшін өте табысты әрі өте қуанышты жыл болды. 27 сәуірде​ филология ғылымдарының докторы, профессор Шоқым Гүлжан Тыныштықбайқының жетекшілігімен «6D020500-Филология» мамандығы бойынша Ph.D. докторлық диссертациямды қорғадым. Диссертациялық кеңеске филология ғылымдарының докторы,​ профессор Пангереев Абат Шамұлы төрағалық етті.​ 30 маусымда Ғылыми Кеңесте «6D020500-Филология» мамандығы бойынша Ph.D. (философия докторы) ғылыми дәрежелік дипломымды университет ректоры Қарабасова Лаура Чапаевна ресми түрде​ табыстады. Бұл менің ғылым жолындағы үлкен жетістігім деп санаймын.​ Сонымен қатар өзім басқаратын Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы ұжымы үшін де табысты жыл болды деп айта аламын. 2023 жылы бакалавриат бойынша 3 білім бағдарламасы (6В02302-Аударма ісі, 6В02303-Шетел филологиясы, 6В01707-Ағылшын тілі және информатика), магистратура бойынша 1 білім бағдарламасы (7М02302-Аударма ісі), докторантура бойынша (8D02303-Шетел филологиясы) 1 білім бағдарламасы аккредитациядан 5 және 3 жылға сәтті өтті.​ Сәуір айында «6В01707-Ағылшын тілі және информатика» білім бағдарламасының 3 курс студенті Әбутәлі Мәулен Алматы қаласы, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық және Әлем тілдері университетінде өткен республикалық тілдік олимпиададан 2-ші жүлделі орынды иеленді. Ph.D., қауымдастырылған профессор Керимбаева Б.Т. АҚШ елінен, Вашингтон университетінен «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1 жылдық ғылыми тағылымдамадан өтті. Кафедра доценті, Ph.D. Садыкова С.А. Минессотта университетіне (АҚШ) 6 айға «Болашақ» бағдарламасымен ғылыми тағылымадан өтуге жолдама алды. Кафедра доценті, Ph.D. «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегері Бекжанова Ж.Е. халықаралық жобаларды жеңіп алды.
Ал жалпы кафедрамыздың​ ең елеулі жетістіктері — бакалавриат (6В02303-Шетел филологиясы, 6В01707-Ағылшын тілі және информатика), магистратура (6В02302-Аударма ісі, 6В02303-Шетел филологиясы), докторантура (8D02303-Шетел филологиясы) бойынша жаңа білім бағдарламаларының ашылуы. Осы білім бағдарламаларының ашылуына ат салысқан кафедра ұжымына және кафедраның ғалымдарына (білім бағдарламаларын ашуға ат салысқан ғалымдар: филология ғылымдарының кандидаты, доцент Кушкарова Г.К., филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сарбасова А.Е., филология ғылымдарының кандидаты, доцент Искиндирова С.К., филология ғылымдарының кандидаты,​ доцент Ержанова Г.А., Ph.D., доцент Садыкова С.А.) алғысым шексіз. Ұжымның бірлігі – бұл үлкен іс деп айта аламын. Сонымен қатар, жас мамандарымыздың докторантураға түсіп, ғылым жолына бағытталуы да жақсы бетбұрыс.​

Гуманитарлық ғылымдар бакалавры дәрежесін алып шығатын «Аударма ісі» мамандығына оқытасыздар. Маған аудармашы-референттің, гид-аудармашының жұмысы өте ұнайды. Бұл мамандыққа талапкерлердің де көп қызығатыны белгілі. Тағы өзге сипаттамасын тарқатып айтсаңыз.

-«Аударма ісі» мамандығы өте қызықты әрі сұранысқа ие мамандық. Батыс өңірі, өзіміздің Ақтөбе облысы мұнай өндіретін аймаққа кіргендіктен аудармашы мамандар өте қажет. Университет жанында және факультет, кафедра деңгейінде «Аударма ісі» білім бағдарламасына дайындау барысында білім алушыларды синхронды кабинетте, 3-4 курстан бастап ауызша және жазбаша, сонымен қатар синхронды және ілеспе аударма жасауға дайындаймыз. Үздік маман болу үшін мамандықтың көптеген қыр-сырын білу керек. Осыған білікті кәсіби аудармашылар құрастырған шығармаларды оқуы керек. Кейбіреулер келешектегі жұмысы үшін шет тілін үйрену жеткілікті деп ойлайды. Бірақ бұл әрекет бірінші көзқараста көрінетіндей қарапайым емес. Келіссөздердің сәтті болуы, маңызды мәміленің жасалуы кейде маманның кәсіби қасиеттеріне байланысты. Жазбаша аудармашылар мәтіндерді, көркем әдебиетті және басқа шығармаларды, құжаттарды аударады. Ауызша аударма дәйекті және синхронды болып екіге бөлінеді.Тізбекті аударма көбінесе сөйлеуші үлкен аудиториямен сөйлесетін жағдайларда қолданылады. Бұл жағдайда ол белгілі бір тіркестен кейін үзіліс жасайды, ал аудармашы басқа тілде айтылғанды қайталайды. Келіссөздерде дәйекті аударма да жиі қолданылады. Синхронды аударма сөйлеушінің сөйлеу барысында жүзеге асатындығымен ерекшеленеді. Ол әлдеқайда күрделі және келесі қасиеттерді талап етеді: зейін, сауаттылық, тілді жақсы меңгеру. Бұл жағдайда аудармашы әдетте арнайы кабинада отырады. Жұмыс үлкен психологиялық стресс жағдайында өтеді,​ сондықтан мамандар бір сағаттық үзіліспен, 20-30 минуттық ауысыммен жұмыс істейді.

Соңғы кезде «Ағылшын тілі және информатика» мамандығы ашылды. Бұл кәсіпті игергендер әрі қарай қай салада еңбек етеді?

-Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасында «6В01707-Ағылшын тілі және информатика» білім бағдарлмасы 2021 жылы ашылған болатын. Бұл мамандыққа сұраныс өте жоғары. Бұл мамандық тек қана біздің университетте  оқытылады. Бағыты — педагогикалық мамандық. Бұл мамандықтың ерекшелігі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде, «Білім-инновация» лицейінде, «Кемел-Білім» лицейінде информатика пәнін ағылшын тілінде жүргізетіндігінде. Сондықтан бұл мамандық тек ағылшын тілін ғана емес, информатика мамандығын да меңгеріп шығатындығы біз үшін де, болашақ мамандарды да қуантатыны рас. Қазіргі таңда жаратылыстану және техникалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдерге сұраныс өте жоғары.

— Кафедраның материалдық-техникалық базасы, ПОҚ жайында да таныстыра отырсаңыз.

-Кафедраның материалдық-техникалық базасы жоспар бойынша жаңаланып жатыр. Қазіргі таңда барлығы мемлекеттік сатылыммен жүретінін бәріміз білеміз. Сондықтан әр оқу жылы сайын біз жоспар беріп отырамыз. Біздің оқитын жеріміз Гришин, 7А көшесінде 6 Б ғимаратында орналасқан. Оқытушылар сабақ барысында интерактивті тақтаны, планшет тақтаны дәріс, практикалық және видео сабақтарда жиі қолданады. Дәріс оқитын 2 аудиториямыз бар, сыйымдылығы 110 және 80 орыннан тұрады. Әрине қазіргі таңда білім алушылар саны көбейіп келе жатқандықтан А және Б ғимараттарында оқиды. Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасында ПОҚ құрамы штаттағы 19 оқытушыны құрайды, сонымен қатар 11 штаттан тыс оқытушылармыз бар. Олар практик-мамандар мен шетелдік ғалымдар. Практик- мамандар мен шетелдік ғалымдар білім алушыларға дәріс жүргізеді және шетелдік кеңесшілік міндет атқарады. Кафедрада 1 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты, 4 Ph.D., 6 доцент, 14 магистр, 10 аға оқытушы, 3 практик-оқытушы бар. Кафедра оқытушылары Кузясова А.М., Ержанова Г.А., Садыкова С.А., Турлан Ж.С., Саркулова Ж.К., Бостекова А.Р., Магзымова Ж.С., Толегенова Г.Ғ., Кущанова А.Н., Жетесова Ж.А. TOEFL/ITP және IELTS тілдік деңгейді анықтайтын тестті сәтті тапсырып, халықаралық сертификаттарға ие. Ең жақсы бір көрсеткіш, кафедрада Түркия, Токат университетінің (Газиосманпаша) профессоры, PhD Угур Ада және Польша Республикасы, Ольштын қаласы, Вармин-Мазур университетінің Журналистика және әлеуметтік коммуникация институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы, шетелдік ғылыми кеңесші​ Киклевич А.К. дәріс оқиды және ғылыми онлайн-халықаралық семинарларға белсенді қатысады. Кафедраның ғылыми дәрежесі 52,6 %  құрайды. Қазір  кафедраның 4 докторанты (Кущанова А.Н., Жетесова Ж.А., Тухтарова А.С., Қартжан Н.) білім алып жатыр, алдағы уақытта кафедраның ғылыми дәрежесі тағы да өсетініне біз қатты қуанамыз.​ ​ ​

Кафедрада магистратура, докторантура бойынша ғылыми ізденушілердің білімін көтеруге мүмкіндік бар. Сол жайында кеңірек баяндасаңыз.

-Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасында 8D-Шетел филологиясы ББ бойынша докторантура және 7М02302-Аударма ісі, 7М02303-Шетел филологиясы ББ бойынша магистратура бар. Аталған білім бағдарламалары бойынша магистранттар мен докторанттар ғылыми тағылымдамадан өтуге үлкен мүмкіндіктері бар. Олар сондай-ақ​ шетелдік ЖОО-да академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша және ғылыми тағылымдама бойынша өз ғылыми білімдерін көтере алады. Жалпы университетіміздің Түркия, Польша, Қытай елдерімен келісім шарты бар. Осы аталған елдердің университеттеріне барып магистранттар мен докторанттарымыз ғылыми тағыламададан өтеді. Биылғы оқу жылында екі магистрантымыз Қорбанов Ә.Б. және Сламбекова Г.Б. академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Польша Республикасы, Слупск қаласына 1 семестрге жолдама алды. Екі докторантымыз Жолмурзаева Р.Б. және Қуандықова Г.С. Польша Республикасы, Ольштын қаласына Вармин-Мазур университетінің журналистика және әлеуметтік коммуникация институтында ғылыми тағылымдамадан өтуге жолдама алды. Сонымен қатар, шетелде оқып жатқан, шетелде жұмыс жасап жатқан, беделді жоғары орындарында, үлкен мекемелерде жұмыс жасап жатқан түлектеріміз өте көп. Соның бір дәлелі, 6В02303-Шетел филологиясы мамандығын тәмамдаған түлегіміз Мукатов Меирбек​  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде  Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директорының орынбасары қызметін 2018 жылдан бері атқарып келеді.

Бірде менің шетелдік ғалыммен сұқбатыма аудармашы-референт болғаныңыз есімде. Бұл тәжірибені жиі пайдаланасыз ба? Студент кезінен осындай жауапкершілікті алып жүре алатын білім алушылар бар шығар?​ Жалпы білім алушылар келешек кәсібін жақсы игеруі үшін қандай практикалық әдістерді білім жүйесіне енгіздіңіздер?

-Бұл сұрақ мен үшін өте қызық. Мен ағылшын тіліне 5-ші класта пән оқытыла бастаған кезден қызықтым. Сүйікті пәнім болды. Сол кезден өзімді аудармашы ролінде елестетіп,​ ​ армандай бастадым. Әкем аудармашы боламын деген бала арманыма қолдау білдіріп, қуанып отыратын. Арман мақсатқа айналса орындалады.
Тәжірибе туралы айтар болсам, біздің университетімізге көптеген шетелдік ғалымдар келеді ғой. Олар біздің факультетке келсе, аудармашы қажет емес екенін білесіз, бәрі білікті мамандар. Мен көбіне басқа факультеттерге арнайы бағдарламамен дәріс оқуға келген шетелдік ғалымдарға аудармашы боламын. Биыл қыркүйек айында​ Heriot-Watt University филиалының ресми ашылуында кафедраның аға оқытушысы Әбдіғалиева Ж.С. және мен синхронды аударма жасадық. Бұл тәжірибе мен үшін үлкен мүмкіндік болды.
Біздің кафедра бойынша осындай аудармашы қызметін жауапкершілікпен алып жүрген студенттеріміз өте көп. Мысалы 4 курс орыс, қазақ бөлімдерінің студенттері дайын синхронды аудармашы деп айта аламын. Соның ішінде 6В02302-Аударма ісі мамандығының 4 курс студенті Қызылова Ляззат (кураторы: Бостекова А.Р.)​ жиі аудармашы қызметке қатысып жүр. Синхронды аударма пәндерін жүргізетін тәжірибелі оқытушылар мен практик-мамандарымыз бар. Әбдіғалиева Ж.С., Фурман О.В., Сисекенова А.С. синхронды аударма жүргізудің нағыз кәсіби мамандары. Сонымен қатар, кәсіби мұнай-газ терминологиясын оқып, үйретудегі ең тәжірибелі оқытушыларымыз Кузясова А.М., Тухтарова А.С. айтуға болады.​ ​
Жалпы білім алушылар келешек кәсібін жақсы игеруі үшін синхронды аударма пәнін енгізу, практик-мамандардың, жұмыс берушілердің ұсынысы бойынша аудио-визуалды курсты пайдалану, практикалық әдістерді білім жүйесіне қолдану өте маңызды. Айта кететін бір маңызды нәрсе біздің студенттеріміз 2 курстан бастап 3 апта, 3 курста 5 апта, 4 курста 15 апталық өндірістік практикадан өткен соң практикалық тәжірибені жақсы игеріп келеді. Облыс аймағында кафедраның 11 филалы ашылды. Кафедра филиалдары өндіріс орындары, аударма бюросы, колледж, білім беру орталықтары және мұнай компанияларында орналасқан.​ 2023 жылы практикадан өткен екі студентімізді мұнай өндіретін компания «OilTools Service» ЖШС​ практикадан соң жұмысқа алып қалды. Жулдыбекова Мирамгуль (кураторы аға оқытушы, магистр Турлан Ж.С.) және Қошқарбек Марлен (кураторы аға оқытушы, магистр Магзымова Ж.С.) осы компанияда​ аудармашы және техникалық қауіпсіздік инженері болып жұмыс жасап жатыр. Осы компанияда филиал ашуға өзім бірден-бір себепші болдым. Компания биылғы оқу жылында, 29-шы қарашадан бастап, 4 курстың екі студентін өндірістік практикаға шақырып отыр. Бұл біздің кафедра үшін және білім бағдарламасы үшін өте үлкен мақтаныш.

Zhubanov University облыстық газеті,

№12(492), желтоқсан, 2023 жыл.