Четверг, Май 2, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғыртуымыз керек

Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғыртуымыз керек

Әлібек АМАН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
тарих факультетінің деканы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени мәселелері айтылған. Білім беру саласының маманы, тарихшы ретінде сұхбаттың ел тарихына, тарихи тұлғаларына қатысты айтылған тұсына ерекше мән бердім. Мұның тәлім-тәрбиелік, рухани маңызы, мәдени, идеологиялық мәні өте зор екендігі белгілі.

Бұл ретте ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық-демократиялық Алаш қозғалысы өкілдерінің есімдерін қайта жаңғыртып, бірқатарының мерейтойларын атап өтуіміз қажет секілді. Осы тұрғыдан алғанда жергілікті алаш қайраткерлерінің де есімдері назардан тыс қалмау керек деп есептеймін. Мәселен, былтыр жергілікті алаш өкілдерінің бірі Әбдіхамит Жүндібаевтың туғанына 130 жыл толды. Сол сияқты Омар Есенқұлов, Жанқожа Мергенов, Сағындық Досжановтардың (қазақ қыздарынан шыққан алғашқы жоғары білімді дәрігер Аққағаз Досжанованың ағасы) есімдері ұлықтауға лайық. Олар — Алашорданың батыс бөлімінің белсенді қайраткерлері. Бұл осыған дейін үш жыл мерзімде (2021-2023 жж.) жүзеге асқан қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысымен өз үндестігін табар еді. Сонымен қатар ақпан төңкерісінен кейінгі қазақ даласында құрылған бірден-бір заңды үкімет — Алашорданың және оның батыс бөлімінің құрылуының 110 жылдығы жақындағанын да атап өтуге болады. «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді», — деді Президент өз сұхбатында. Бұл орайда біз осындай арғы-бергі тарихымыздың көкейкесті мәселелері зерттеліп, түгенделсе, өскелең ұрпаққа насихатталса дейміз.

//aqtobegazeti.kz/