Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жастар саясаты > Пікірсайыспен шұғылдану болашақ мамандығыма пайдасын тигізетініне сенімдімін

Пікірсайыспен шұғылдану болашақ мамандығыма пайдасын тигізетініне сенімдімін

Аманжол Ханиев резюмесіндегі өзі туралы пікірінде 2020 жылы Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектепті үздік аяқтап, Алтын белгі иегері атанғанын, адамдармен тез тіл табысатынын, бойында қалыптасқан сенімділік, мақсатқа жету білу,​ оптимизм, командамен жұмыс жасай алу, креативті ой-сана дағдыларын бағалайтынын баяндаған. Ол пікірсайыс ойынына қызыққан жастарға бағыт беретін ізгі көшбасшы да.

Zhubanov University «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітіруші 4 курста оқитын Аманжол Ханиев 2023 жылда университет мерейін көтерген үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ол жетістіктердің бәрі оқудан бос уақытын тиімді ұйымдастыра алатын студенттің жаны сүйетін дебат ойындарына қатысты.​

Сәуір айында Алматы қаласы, Нархоз университеті, Таңдаулы Экономистер Одағы жоғары пікірсайыс мектебі ұйымдастыруымен өткен «ТЭО CUP-XII» дәстүрлі республикалық пікірсайыс турнирінің, Beta лигасы бойынша 2 орын иегері атанды. Қазан айында​ Шымкент қаласы, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің ұйымдастыруымен өткен республикалық пікірсайыс турнирінде 3 орын, қараша айында ​ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Инновациялық институының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық гранд пікірсайыс турнирінде 2 орын,​ желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай студенттер мен магистранттар арасында өткізілген республикалық пікірсайыс турнирінде 2 орын алды. Өткен оқу жылы аяғында «Қ.Жұбанов атындағы АӨУ» ҚеАҚ Ғылыми кеңестің 2023 жылғы 18 мамырдағы шешімімен «Үздік студент» төсбелгісімен марапатталды. Республикалық деңгейде «Қаржылық сауаттылық» бағыты бойынша сертификатталған ментор. Ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Бұл жазылғандар Аманжолдың бір қыры ғана. Үздік пікірсайысшымен пікір алысқан журналист Гүлнара Қараша.

Аманжол, дебат сөзі французша екен [ фр. debats — талқылау], яғни қандай да бір жиылыста, мәжілісте пікірталасу, жарыссөз, айтыс деген мағынада. Бұл ойынның түпкі тарихы қай елден басталған?

-Дебат, яғни пікірсайыстың тарихы өте тереңде. Ең алғаш пікірсайыстың құрылымы, ойындары ежелгі Грекияда өте бастады. Пікірсайыста біз пікірсайшылар бірнеше форматтар бойынша пікірталас ойындарын жүргіземіз. Мысалы АПФ немесе Американдық парламенттік формат. Аты айтып тұрғандай ең алғаш, 20 ғасырдың 30-ыншы жылдары АҚШ-та өте бастады, БПФ форматы-Британдық парламенттік формат тарихы Ұлыбритания елінен басталған болса, ЛД деген форматы бар немесе Линкольн-Дуглас дебат форматы — атақты Авраам Линкольн мен Стивен Дугластың арасында болған дебаттың құрметіне аталған екі адамдық дебат форматы.​ Негізі пікірсайыс шынайы өмірден алынған, қоғамның негізгі қозғаушы күші бола алатын құрал.

Дебат ойыны неге ұнайды?

-Пікірсайыс ойындары маған не үшін ұнайды? Бұл сұраққа жауап беру үшін шынымен ұзақ ойлану керек секілді, себебі мен осы қара шаңырақ — білім ордамызға 1 курс студенті болып түскен сәтте, менің пікірсайысқа келген мотивтерім мен миссиям басқаша еді, ал қазір мүлдем басқаша. Ең алғаш келген сәтте мен үшін университет қабырғасында оқу ақысына жеңілдік алу, кубоктар мен дипломдардан коллекция жинау, Қазақстанның түкпір-түкпіріне саяхат жасау маңызды болған болса, қазір мен осы пікірсайыс арқылы қоғамның дамуына өзімнің кішкентай болсын үлесімді қосқым келеді, нақтырақ айтсам қоғамдағы көптеген мәселелердің дұрыс шешілуіне ықпал жасағым келеді (зорлық-зомбылық, лудомания және т.б.).​ Пікірсайыс бұл саяси, интеллектуалды ойын болғандықтан, мен осы құралды пайдалана отырып, еліміздің, қоғамның дамуына осылай, осы форматта өз үлесімді қосқым келеді. Бұл ойын арқылы осы уақытқа дейін де көп мәселелердің шешімі табылған болатын, қажет уақытында әлемдік көшбасшылар, еліміздегі партиялардың өкілдері де халық алдында өз кейстерін қорғап, көрсетіп жүр. Осы тұста​ пікірсайысшылардың үніне қоғамның 100 пайыз болмаса да, белгілі бір деңгейде құлақ асатынын байқай аламыз. Сонымен қатар пікірсайыс — ол шетте қалған қарапайым, момын, үндемейтін қара баладан қара тасты қақ жарар нағыз ораторды, жаһанданудың жағасына жармасқан жалынды жасты қалыптастырып бере алатын интеллектуалды ойын. Бұл ойын арқылы кез-келген адам өз бойында ораторлық шеберлікті, сыни ойлау және коммуникация сынды көптеген қасиеттерді қалыптастыра, әрі қарай дамыта алады. Маған осындай қасиеттері немесе мүмкіндіктері үшін ұнайды

Дебат жарыстарына демеушілік жасайтын меценаттар көп. Жүлделері де қомақты. Дебатер жақсы ойнаса біраз табыс табатын да сияқты..

-Иә, пікірсайыста ұтымды идея мен озық ойларды сарапқа салып, үздік болатын болсаңыз жеңімпаздардың қатарынан табылып, кубок пен дипломнан бөлек, ақшалай немесе арнайы материалдық сыйлықтарға да ие болуға болады. Мен Қазақстанның түкпір-түкпіріне республикалық пікірсайыс турнирлеріне қатысып, барлық жерде үздіктердің үздігі болатын пікірсайысшыларға арнайы ақшалай сыйлықтардың болатынына көзім жетті. Былайша айтқанда сіз 2 күн бойы өзіңіздің үздік идеяларыңызды, ойыныңызды ортаға салып, дәлелдей алсаңыз, 300, 500, тіпті 1 млн теңгелік ақшалай сыйлықтарға ие бола аласыз. Қазақстанның пікірсайысының тарихында ең керемет жүлде қоры 1-ші орынға 1 бөлмелі үй тігілген турнир болатын.
Ал меценаттарға келетін болсақ, ашығын айтқанда пікірсайыс ойындарына демеушілік етемін дейтін адамдар өкінішке қарай өте аз. Мен осы уақытқа дейін университет жанынан құрылған «Заман біздікі» Интеллектуалды Элиталар Одағының президенті болып қызмет атқарған кезімде өткізген Республикалық пікірсайыс турнирлерімнің де, мен өзім барып қатысқан республикалық турнирлерімнің де негізгі демеушісі университет. Осы үшін де жастардың дамуына үлкен мүмкіндік беріп отырған университет басшылығына бітіруші түлек-студент ретінде басымды иіп алғыс айтамын. Әсіресе Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің бас мамандары,​ Айгүл Қожбан апайым мен Арай Бисенова апайыма ерекше рақмет, ең алғаш бастаған сәттен ерекше қолдау білдірді.

Үздік спикер ретінде дебаттың қай түрлерінде ойнауды ұнатасыз?

-Маған АПФ форматы көбірек​ ұнайды. Себебі дәл осы формат саяси құндылықтарға негізделген. Жоғарыда атап өткендей қоғамдағы көптеген мәселелердің нақты шешімін, механизмін осы форматта толық қамтуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар болашақ мемлекеттік қызметкер ретінде​ бойыма қажет болып табылатын барлық қасиеттерді осы формат негізінде қалыптастыра алдым.

-Қандай тақырыптар көтеріп жүрсіздер?

-Пікірсайыста нақты негізделіп, бекітілген тақырыптар жоқ. Қазіргі уақытта қандай проблемалар актуалды болып жатса, сол тақырыптар төңірегінде пікір сайыс ойындары жүреді. Мысалы желтоқсан айының 9-10 күндері өткізген республикалық пікірсайыс турниріміздің талқыланған негізгі тақырыптары лудомания, қаржылық пирамида, қаржылық сауаттылық төңірегенде өткен болатын. Міне осы үшін де пікірсайыс қоғамның негізгі қозғаушы күштерінің бірі.
Пікірсайыспен шұғылдану болашақ мамандығыма пайдасын тигізетініне сенімдімін. Мен қазіргі таңда Экономика және құқық факультетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 4 курс студентімін, университетті бітіргесін мемлекеттік қызметте жұмыс жасап, елімнің игілігі үшін қызмет атқарамын. Ал пікірсайыс менің болашақ мамандығыма қандай пайдасын тигізе алады? Пікірсайыс ойындары арқылы менің бойымда сыни ойлау — бір ситуацияға жан-жақты қарап, шешім шығару, ораторлық шеберлік — халық алдында өзіңді еркін ұстау, ойыңды ашық, анық әрі нақты жеткізу, коммуникациялық дағдылар -халықпен байланыс орната білу, қоғамдағы әртүрлі адамдарға әртүрлі тәсіл арқылы өз ойымды жеткізе білу, қарым-қатынас орната білу секілді көптеген хард және софт дағдыларды қалыптастыра алдым және бұл өз кезегінде орасан зор пайдасын тигізетініне сенемін.

Жаңа жылға жоспарларыңыз?

-Әрбір жаңа жылға мен жоспар құрғанды ұнатамын, дағдыланып алдым десем де болады. Осы тұста әрдайым өзіммен алып жүретін блокнотымды ашып қарасам, 2022 жылдың 31 желтоқсан күні — «2023 жылы 3 республикалық пікірсайыс турнирінің финалында өнер көрсетемін» деппін және осы жылы 3 республикалық турнирде финалда өнер көрсетіп, жеңімпаз атаныппын, қызық иә?
Сол секілді 2024 жылға міндетті түрде жоспар құрамын. Қандай жоспарлар екенін ашық айтқым келмейді, бірақ мен Басқарма Төрағасы — Ректорымыз Қарабасова Лаура Чапайқызына берген уәдем бар еді: «4 курсты бітірген уақытқа дейін 1 республикалық турнирдің 1-ші орын иегері атанып, университетімізге 1 кубок әкелетін боламын» деген. 2024 жылғы ең басты мақсаттарымның бірі десем де болады, ал қалған жоспарларымды уақыт өте келе қол жеткізіп, сіздерге көрсететін боламын.

Zhubanov University облыстық газеті,

№12(492), желтоқсан, 2023 жыл.