Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Үздік университет үлгісі

Үздік университет үлгісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында Ұлыбританияда көш бастап тұрған ең көне техникалық оқу орындарының бірі Heriot-Watt университеті филиалының ашылуы университет беделін бірден халықаралық деңгейге көтеріп тастады. Бұл жауапкершілік жүгі ауыр, үлкен жобада университет ректоры Лаура Қарабасованың еңбегі айтуға тұрарлық.
Ел Президенті облысқа іссапары барысында Жұбанов университетіне арнайы барды. Онда Мемлекет басшысы ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен, халықаралық Heriot-Watt университеті филиалының жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Жас та болса, іскер, білікті, табанды басшы Лаура Қарабасова ректорлық қызметке тағайындалғалы бері «Адалдық», «әділдік» принциптерін берік ұстанды. Ең алдымен студенттерге білім берудегі жүйесіздіктерді реттеді. Ректордың тікелей басшылығымен, келіссөздерімен университетке «Болашақтың» 29 түлегі тартылды. Бүгінде университеттің 18 оқытушысы «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде білім алуда. Сондай-ақ 40 маман докторантурада оқып жатыр.
Жұбанов университеті еліміздегі 120-ға жуық жоғары оқу орнының арасында мемлекеттік грант саны бойынша алғашқы ондыққа енді.
Ғылымдағы жетістіктің өзі — бір төбе. Лаура Чапайқызының басшылығымен университетте алғаш рет ғылыми жобаларды ішкі қаржыландыру жүйесі енгізіліп, ғалымдарға қолдау көрсетудің жаңа механизмі жүзеге асырылуда.
Жыл аяғында облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе өңірінің дамуына үлес қосқан түрлі саланың мамандарын марапаттап, жылды қорытындылағаны белгілі. Сол ауқымды шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Жыл үздігі» атағына ие болды.
Біз Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Лаура Қарабасовамен аталған оқу орнының тыныс-тіршілігі туралы әңгімелескен едік. Сонымен…

Ең қымбат сый

— Лаура Чапайқызы, сіз басқаратын университеттің жұмысы жоғары бағаланып, оқу орны «Жыл үздігі» атанды. Марапатты қалай қабылдадыңыз?
— Расында, өткен жыл оқу ордамыз үшін жаңашылдықтар мен жетістіктерге толы болды. Үздіктердің қатарынан табылуда университетіміздің қызметкерлері мен студенттеріміздің еңбегі зор. Бұл жеңіс — командалық жұмыстың нәтижесі!
«Жыл үздігі» атануымыз 2021 жылы басталған трансформациялық жұмысымызға берілген лайықты баға деп айтуға болады. Өзім марапат, алғыс хат күтпей жұмыс істейтіндердің бірімін. Дегенмен бұл марапаттың жөні бөлек. Бұған дейін біраз сыйлыққа ие болсам да, «Жыл үздігі» атағы — менің ұжымыма берілген лайықты да әділ баға.
2021 жылы осы жұмысты бастағанда маған «жас басшы» ретінде күмәнмен қараған адамдар болды. Осы екі жылдың әрбір айы өте жауапты еді. Әсіресе трансформацияның ең алғашқы жылы күрделі өтті. Мұны осы жерде жүрген әріптестерім жақсы біледі. Үлкен ұжымның басын қосып (1300 адам еңбек етеді), бір мақсатқа бағыттау, әсіресе биік нәтижеге жұмылдыру оңай іс емес. Оның үстіне біздің университет көп оқу орнының бірі емес, Қазақстанның батыс аймағындағы іргелі университеттердің алдыңғы легінде тұр. Студент саны әрі көлемі жағынан Жұбанов университеті — еліміздегі аса ірі 6 жоғары оқу орнының бірі. Қалыптасқан дәстүрді, бар жетістігімізді сақтай отырып, университетті келесі кезеңге, биік белеске көтеру міндеті тұрды. Бүгінде біздің университетті ұлттық деңгейде танымал болып келе жатыр десем, артық айтқаным емес. Ал Heriot-Watt университетімен біріккен жобамыз біздің беделімізді тек ұлттық емес, халықаралық деңгейге көтерді.

Тарихи таңдау

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру маңызды екенін айтып, Үкіметке 2025 жылға дейін елімізде кем дегенде 5 шетелдік университеттің филиалын ашу туралы тапсырғаны белгілі. Таңдау қалай Жұбанов университетіне түсті?
— Ел Президенті Үкіметке тапсырма бергеннен кейін, министрлікке филиалды біздің университеттің базасында ашу туралы ұсыныс айттым. Менің ұсынысым министрлік тарапынан қолдау тапты. Тарихи таңдаудың біздің университет болғаны — облыс үшін үлкен абырой. Дереу дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. Қазір филиалда 300-ге жуық студент мемлекеттік грант негізінде 3 білім бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Мұндағы студенттердің 35 пайызы — ауыл мектебінің түлегі және 42 пайызы — қолдауға мұқтаж түрлі әлеуметтік санаттардағы жастар. Грант жеңіп алған талапкерлердің арасында тек ақтөбеліктер ғана емес, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола, Атырау, Жетісу облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері де бар. Британдық іргелі оқу орнының Эдинбург, Дубай, Малайзия және Ақтөбе филиалдарында оқыту бағдарламалары бірдей, жоғары сапалы стандартқа сай.
Әлемдік деңгейдегі, рейтингі мықты университет филиалын ашудағы басты мақсат — тек сонда оқитын 300 студентке халықаралық деңгейдегі сапалы білім беру ғана емес, университетімізді сол стандартқа көтеру.
Бізге артылған сенімді ақтау — үлкен міндет. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірге іссапары аясында біздің университетке арнайы келіп, студенттердің, ғалымдардың ғылыми жобаларымен танысып, филиал жұмысына оң баға берді. Бұл — біз үшін үлкен абырой, зор мақтаныш. Ел Президентінің келуі бізге күш-қуат, үлкен серпіліс берді. Сондай-ақ жауапкершілік салмағы еселене түскенін сездік.

Бірегей жобалар

— Әлгінде Heriot-Watt филиалының ашылуы университеттегі үздік жобалардың бірі ғана екенін айттыңыз. Білім беру үрдісіндегі басқа да үздік үлгіге, бірегей жобаларға тоқталсаңыз…
— Филиалдың ашылуына біз жүйелі академиялық трансформация жұмыстары арқылы үлкен дайындықпен келдік. Академиялық саясатты нығайтып, әділдік әрі адалдық приниптерін бекіттік. «Ереже — бір, талап — ортақ» деген ұстанымды барша университет қауымдастығына, ата-аналар және өңір жұртшылығына жеткіздік. Бір сөзбен айтқанда, университет дипломының құндылығын арттырдық.
Еліміздегі жүзден астам университеттің 17-сі ғана мүше академиялық адалдық лигасына қабылдандық. Сол қатаң сапа талаптарын орындап жатқан 17 ғана оқу орнының бірі — Жұбанов университеті.
Тағы бір жетістік — соңғы екі жылда университет қаржысына 200-ден астам оқытушымыздың ағылшын тілін тегін үйренуіне мүмкіндік жасадық. Біз Астанадан халықаралық деңгейде білім беретін ең мықты мамандарды шақырдық. Соның нәтижесі өз жемісін беріп жатыр. Біз даярлаған 18 маман «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жатыр. Тағы бір үлкен көрсеткіш 40 әріптесіміздің Астана, Алматыдағы ұлттық университеттер және өзге де оқу орындарының докторантуасына (грантқа ие болды) түсуіне ықпал жасадық. Мұндай жетістік бұрын-соңды университет тарихында болған жоқ.
Қазір университетте «Болашақтың» 29 түлегі жұмыс жасап жатыр. Олардың арасында PhD, яғни докторлар да бар. Мұндай мамандарды өңірге тарту — үлкен жұмыс. Олар негізгі жұмысынан бөлек, АҚШ, Ұлыбританияның жоғары оқу орындарымен бірігіп, құны бірнеше мың долларлық гранттарды ұтып алып, университет дамуына үлес қосуда.
Студенттер қолайлы ортада білім алуы үшін материалдық-техникалық базаны кезең-кезеңімен жаңартып келеміз. Оқу орнында кітапхана трансформациясы сәтті жүзеге асуда. 300-ден астам студентке оқу ақысына 25 пайыздан 100 пайызға дейінгі жеңілдіктер бердік.

Ғылымды қаржыландыру көлемі артты

— Жұбанов университеттінің ғылымдағы жетістіктері қандай?
— Соңғы жылдары елімізде ғылым саласына ерекше қолдау көрсетілуде.
Ғылым мен өндірісті интеграциялау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз. Өңірдегі бірнеше ірі кәсіпорынмен байланыс орнатылды. Біздің ғалымдар Ақтөбе өңірінің экологиялық мәселесін шешуге, өндіріс қалдықтарын өңдеуге, жаңа материалдарды өндіруге үлкен үлес қосып жатыр.
Қазір университет базасында Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылатын 26 ғылыми жоба (қаржыландыру көлемі — 1 289 191 387,09 теңге) жүзеге асырылуда. Жұбанов университетінің тарихында алғаш рет үлкен екі жобаны ұтып алдық. Нысаналы-бағдарламалық қаржыландыру грантының қаражаты да қомақты. Бұл жобалардың тақырыптары — «Жақсартылған қасиеттері бар эпоксидті нанокомпозиттерді құрудың ғылыми-технологиялық негіздерін әзірлеу» және «Күрделі әлем үшін білім беру аспектісінде педагогтердің үздіксіз кәсіби даму жүйесін құру: парадигма, әдіснама, цифрлық құралдар».
Қазір оқытушылардың ғылыммен алаңсыз айналысуына жағдай жасап жатырмыз. 2022 жылдан бастап оқытушы-зерттеуші квалификациясы енгізілді. Оқытушы-зерттеушілердің оқыту жүктемесі азайтылып, жалақысына айтарлықтай үстемеақы қосып беріледі. Нәтижесінде олардың ғылыммен айналысуға уақыты бар.
Алғаш рет конкурс арқылы өңір мәселесін шешуге бағытталған зерттеу жобаларын қолдау үшін ішкі қаржыландыру жүйесін енгіздік.
Соңғы 3 жылда қаржыландыру 7 есеге артты. Жоғары оқу орнының қызметкерлерінің айлығы соңғы екі жыл бойы тұрақты түрде 35 пайызға артты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

//aqtobegazeti.kz/