Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әзірбайжандық ғалым Жұбанов университетінің студенттеріне шеберлік сабағын өткізді

Әзірбайжандық ғалым Жұбанов университетінің студенттеріне шеберлік сабағын өткізді

Жұбанов университетіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «ҚР жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдарды тарту» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Әзірбайжан ғалымы Ильхам Исламоглы Назаров келді.

Ильхам Назаров М.Ф.Ахундов атындағы Әзірбайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, Әзірбайжан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, өнертану философиясының докторы. Шетелдік ғалым университеттің «Музыка және хореография» кафедрасының білім алушыларына екі апта уақыт бойы дәріс өткізеді.

Ильхам Назаров профессор-оқытушылар мен студенттерге шеберлік сабағы барысында контртенор, сопрано, дауыс диапазоны бас, баритон, сондай-ақ альт, контральто, меццо-сопрано және сопрано дауыстары бойынша тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар дауысты дұрыс қоя білу, өнерде қолдау көрсетудің маңызы, әнші болудағы педагогтің рөлі, отбасылық құндылықтар жайында баяндады. Жанды дауыста ән орындап, студенттерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

И.И. Назаров қазіргі таңда Баку музыка Академиясының «Жеке ән айту және опералық дайындық» кафедрасында академиялық және эстрадалық вокал бойынша аға оқытушы, сонымен қатар В.Гаджибейли орта арнайы музыка мектебінде, Г.Г.Шароев атындағы №35 музыкалық мектепте қызмет атқарады. Әлемнің 45-тен астам елінің опералық және концерттік сахналарында өнер көрсеткен. «International Baroque Music Competition», «М.Магомаев атындағы ІV халықаралық вокалистер байқауы», «Үлкен опера» телеконкурсы, «Дж.Гаджиев атындағы Халықаралық байқауы», «Best F.Schubert Interpreter» тағы да басқа Халықаралық байқаулардың жеңімпазы.