Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Педагогикалық студия: Математика мұғалімдеріне арналған үздік сабақтар сайысы өтті

Педагогикалық студия: Математика мұғалімдеріне арналған үздік сабақтар сайысы өтті

Бүгін Жұбанов университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ә.К.Қағазбаеваның 75 жылдығына орай жалпы білім беретін мектептердің, кәсіптік лицейлер мен колледждердің математика мұғалімдерінің қатысуымен «Өмірдің кәсіби сатыларымен жоғары өрлеу» педагогикалық студиясы өтті.

Қатысушылар құрамында Ақтөбе қаласының № 8, 35, 125, 66, 23 орта мектептері, Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернаты, №3 Алға қазақ орта мектебі, №12 ЖББОМ Шалқар ауданы Қауылжыр ауылдық округі, Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі мұғалімдері бар.

Педагогикалық студияның жұмысы екі кезеңді қамтыды. Сайысқа барлығы 22 мұғалім атсалысып, екінші кезеңге 10 қатысушы өтті.
Үздік сабақтар сайысы барысында «Математика» кафедрасының оқытушылары тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, математиканы оқытудағы әдістер мен жаңа идеяларды іздеу, оқытушылардың ақпараттық–коммуникациялық технологияларды қолдану аясындағы кәсіби құзіреттіліктерін дамыту мәселелері талқыланды.

Әділқазылар сайыс қатысушыларының кәсіби шеберліктері мен құзіреттіліктерін, оқытушылардың өзіндік оқыту жүйелерін, педагогикалық шығармашылықтарының ұтымдылығы мен нәтижелілігін бағалады.

Сайыс соңында қатысушыларға сертификат табысталды.