Пятница, Декабрь 2, 2022
Басты > Жаңалықтар > Университет Ішкі істер департаментімен ынтымақтастық орнатты

Университет Ішкі істер департаментімен ынтымақтастық орнатты

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  конференц-залында Ақтөбе облысы бойынша Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Қаныбек Жақсығалиев пен орынбасары Жанна Макаревич университет басшыларымен кездесті.

 

Университет ректоры, профессор  Бауыржан Аманкелдіұлы алдымен қонақтарға жиынға қатысушыларды таныстырып өтті.

«Біздің университетте 11000-ға жуық студент бар, 7000-ға жуық студент күндізгі бөлімде оқиды, ал 1500-дай студент жатақханада тұрады.  Сол арқылы Студенттік отряд құру жоспарда бар. Оған біркелкі киім, қанша адам бөлу керек мәселесін қарастырамыз. Біздің университет – үлкен ұжым. Сіздермен бірге жұмыс жасаймыз, көмектесеміз. Қазір біздер Меморандумға қол қоямыз, сол арқылы Ақтөбе облысы бойынша Ішкі істер департаментімен байланысты күшейтеміз деген ойдамыз», — деді университет ректоры.

Кездесу барысында  Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Қаныбек Сисенғалиұлы да өз тарапынан «Студенттік отряд» құру туралы ұсынысын жеткізіп,  атқарылатын жұмыстар мен оларға көрсетілетін қолдау туралы айтты.

Сонымен қатар, студенттік отрядта белсенділігімен көзге түскен студенттерге арнайы киім тіктіріп, арнайы «Жұбанов стипендиясы», «Жұбанов гранты», «Дельфин» бассейніне тегін абонементтер беру, шетелдерге студенттер жіберу мәселесі және студенттердің құқық бұзушылықтарының алдын-алу туралы сөз болды.

Кездесу соңында екі жақты меморандумға қол қойды.

Содан соң Ақтөбе облысы бойынша Ішкі істер департаментінің өкілдері университеттің  Студенттер сарайында әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен «Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында профилактикалық кездесуге қатысты.

 

 

Кездесуде университеттің ғылыми инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров сөз бастап, Ішкі істер департаментінің өкілдері баяндама оқыды.

 

 

Шара барысында Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Қаныбек Жақсығалиев Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсеткен және басқа да шараларда белсенділік танытқан университеттің профессор-оқытушылары мен студенттеріне Мақтау қағазын тапсырды.