Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Аққалқа Байдуллина: «Көптеген қоғамдық мәселелер құқықтық нигилизмнен туындайды»

Аққалқа Байдуллина: «Көптеген қоғамдық мәселелер құқықтық нигилизмнен туындайды»

Жұбанов университетінде «Қоғамның даму құралы ретінде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау және ілгерілету. Адам құқықтарының бұзылуын болдырмау, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина, Ақтөбе облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева, «Дәріс» ақпараттық-консультативтік орталығының өкілі Гүлнұр Идигеева, «Қызмет» Мемлекеттік , банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету Салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Рафхат Бисенов, университет студенттерінің Омбудсмені Темірлан Алдажаров және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты.

Жиында кіріспе сөз сөйлеген Аққалқа Байдуллина қатысушыларға адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің қызметі мен негізгі міндеттері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар батыс өңіріндегі іргелі университетпен ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы айтты.
— Осы жақында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Серіктестік аясында алдымызда көптеген міндеттер мен жоспарлар тұр. Сол жоспарларды жүзеге асырмас бұрын бүгінгідей диалогтық алаңда сіздермен кездесіп, көкейлеріңіздегі сұрақтарды біліп, мәселелердің шешімін табу үшін және құқықтық нигилизммен күресу мақсатында жиналып отырмыз, — деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысушылар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және ілгерілету, құқық бұзылуын болдырмау, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, құқықтық ағарту бағытында университет қабырғасында жүзеге асырылып жатқан шаралар және студенттердің құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері тақырыбында пікірлерімен бөлісті. Шараға қатысқан студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.