Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жыл үздіктері

Жыл үздіктері

Ағымдағы жылдың 1-наурызында 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің үздік ғылыми қызметкелері мен оқытушылары марапатталды. Марапаттау рәсімі Түркістан қаласында өткізілді.
Іс-шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жеңімпаздарды құттықтап сөз сөйледі.

-Көктемнің алғашқы күні, әрі Алғыс айту мерекесінде Қазақстанның білім және ғылым саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айту мақсатында сіздерді қасиетті Түркістан қаласында жинадық. Біздің ғалымдар күн сайын отандық ғылымның игілігі үшін жұмыс істеп, жобалар әзірлейді және тамаша нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл – қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш. Біздің мақсатымыз – халықтың ғылымға, ғалымдарға және жалпы жоғары білім жүйесіне деген сенімін қалпына келтіру. Осы жолда кішкентай болса да, бірақ сенімді қадамдармен жүріп келеміз. Мәселен, 1-2 айдың ішінде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы күшіне енеді.
Сондай-ақ, сәуір айында Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы, үлкен ғылыми көрме өтеді. Біз сіздермен мақтанамыз, сондықтан еңбектеріңізді насихаттау жолындағы ортақ жұмысымыз қарқынды түрде жалғасады, — деді министр.
«Үздік ғылыми қызметкер-2023» мен «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы-2023»  байқауларының жеңімпаздарының есімдері желтоқсан айының соңында белгілі болды.
Байқауға еліміздің 80 жоғары оқу орнынан барлығы 768 үміткер қатысты.
Республикалық конкурстық комиссия үздіктерді таңдауда электрондық оқу ресурстарын, оқу материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және т. б. сияқты көрсеткіштерін бағалады.
Байқау нәтижесінде ғылыми-зерттеу институттарының, ЖОО-ның және ұйымдардың ғылыми бөлімшелерінің 50 ғалымы және Қазақстанның 43 ЖОО-нан 150 оқытушы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 аек көлемінде сыйақы алды және арнайы төсбелгіге ие болды.
Олардың қатарында Zhubanov University 4 оқытушысы бар.
Журналист Гүлнара Қараша жеңімпаздардың әрқайсысын жеке құттықтап, жыл үздіктерін табысқа жетелеген жеке жолымен танысқан еді. 

Сабира ИСАКОВА
«Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор

БҰЛ СЫЙЛЫҚ «МҰҚАҒАЛИ ТІЛІ СӨЗДІГІ» ҮШІН БЕРІЛДІ

— Сабира Сагынбековна, Біріккен Араб Әмірлігінің ірі қаласы, атақты Дубай қаласында екенсіз, қандай мақсатпен жүрсіз? Алдымен білгіміз келіп тұрғаны осы.

— 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру байқауында «Әзіл-оспақ дискурсындағы этникалық стереотиптер мен күлкі категориясы: салғастырмалы аспекті» тақырыбындағы жобамыз мақұлданған еді. Жоба әзіл-оспақ дискурсындағы этникалық стереотиптер мен күлкі категориясын салғастырмалы (қазақ, орыс, араб, ағылшын, француз тілдері) аспектіде зерттеуге арналған. Осы жобаның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бойынша Дубай қаласына іссапармен он күнге келдік. Дубай қаласындағы шейх Мухаммед ибн Рашид атындағы кітапхана, «Әр-Рашидиа» қоғамдық кітапханасы, «Дубай» қоғамдық кітапханасында араб тіліндегі әзіл-оспақ пен күлкі категориясы туралы жазылған ғылыми еңбектермен таныстық. Жоба бойынша жазылатын монографияға материал жинадық. Араб тіліндегі әзіл әңгімелерді жинау үстіндеміз.

-Енді осы айда қол жеткізген үлкен жетістігіңізге құтты болсын дейміз. 2023 жылдың Үздік ғылыми қызметкері атанып, кеудеңізге төсбелгі тақтыңыз. Республика бойынша 50 ғалымға берілген марапат екен. Керемет.

— Рақмет! 2023 жылдың қорытындысы бойынша гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк ғылыми зерттеуіміз үшiн Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атандық, ҚР ҒжЖБ министрі С. Нұрбектің қолынан Ш.Уалиханов төсбелгісін тақтым. Бұл сыйлық 2019 жылы жарық көрген «Мұқағали тілі сөздігі» үшін берілді. Сөздіктің жауапты редакторы, ұстазым – филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, сөздік жасаудың хас шебері Байынқол Қалиев. Сөздік жасау ісіне филология ғылымдарының докторы, профессор Жансейіт Түймебаев пен филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы да қатысты. Сөздікті 5 жыл көлемінде, ешқандай төлемақы алмастан, ешкімнің тапсырысынсыз, өз идеямыз бойынша жасап шықтық. «Мұқағали тілі сөздігі» қазақ лексикографиясына қосылған құнды еңбек болып саналады. Осындай еңбектің Ғылым Академиясы мен министрлік тарапынан бағалануы ерекше қуаныш әрі ғылымды қолдау деп ойлаймыз.

-Француз тілі маманы екеніңізді білдік. Шетел тілін білудің ғылымдағы табысқа септігі бар ғой негізі. Тілдік біліміңізді пайдаланатын кездер көп шығар?

— Әрине, шет тілін білу арқылы сонау 1995 жылы студент кезімде әлемдегі сән мен сұлулықтың символы саналатын Париж қаласында болып, Рен университетінде білім алғанмын. Шет тілін білу адамның рухани өсуіне, кәсіби шеберлігін шыңдауға, қарым-қатынас қабілетін арттыруға көмектеседі. Тілдік білімді пайдаланудың нақты дәлелі жобаға ұсынған тақырыбымыз деп айтуға болады, өйткені қазақ, орыс, араб, ағылшын және француз тілдеріндегі әзіл әңгімелерді салғастырмалы зерттеу ғылыми қауымдастық тарапынан қызығушылық танытып отыр. Өйткені құрылысы әр түрлі бес тіл материалын салғастырып зерттеу тіл білімі теориясы мен практикасына құнды тұжырымдар мен қажетті өнімдер әкелері сөзсіз. Менің шәкірттерім де бірнеше тілді меңгерген мамандар. Мәселен, алғашқы шәкіртім,  Ph.D.  Нұргүл Құлтанбаева қазақ және араб тілдерінің, Бибігүл Хасангалиева, Жанар Жетесова, Ақмарал Тұхтарова, Нарқозы Қартжан ағылшын тілінің, Есім Кенесов қазақ тілінің мамандары.

-Ғылыми-зерттеу саласындағы ең басты нәтижелеріңіз туралы айтсаңыз.

— Ғылыми-зерттеу саласындағы жетістіктерім ретінде 2000 жылы кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін, 2004 жылы «Тіл білімі» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын, 2008 жылы докторлық диссертация қорғап, филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, 2022 жылы «Тіл білімі» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағын алғанымды айта аламын. 90-нан астам еңбектің, оның ішінде 3 монография,  5 оқу құралы, 3 электронды оқулықтың, 3 сөздіктің  авторымын  Ғылыми еңбектерім шетелдік WoS (3 мақала,  h-1) және Scopus ( 9 мақала, h-6) базаларында жарыққа шыққан. Ғылым саласындағы еңбектерім бағаланып, 2013 жылы «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» грантының иегері атандым. Биыл гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк ғылыми зерттеуім үшiн Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атандым.

-Мемлекетімізде жас ғалымдарға қамқорлық көрсету жағы жақсарып жатыр. Біраз жеңілдіктер бар. Сіздің кезіңізде ғылыми дәреже мен атаққа мінезділер ғана жетті ғой. Ғылымға жолыңыз қалай басталды?

— Дұрыс айтасыз, біздің кезімізде қазіргідей ғылымды қолдау көп болған жоқ. Ол кезең еліміз егемендік алған алғашқы жылдар еді. Жоғары оқу орнын бітірген соң өзім білім алған жоғары оқу орнында оқытушылық қызметте қалдым. Бір жыл еңбек етіп аспирантураға түстім. Күндіз-түні іздену мен еңбектің және ғылыми жетекшімнің арқасында кандидаттық диссертациямды бір жарым жылда мерзімінен бұрын аяқтап, қорғауға шықтым. Ол кезде аспирантура 3 жыл оқитын едік. Ғылыми жетекшінің жас ғалымның қалыптасуындағы орны ерекше деп есептеймін. Ғылым жолымда әрі зиялы, әрі қатал, әрі талапшыл және әкең сияқты қамқор ғылыми жетекшімнің болуы бірінші Алланың сыйы деп санаймын.

-Өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп жүрген боларсыз?

— 2022 жылы алғашқы шәкіртім Құлтанбаева Нұргүл докторлық диссертациясын сәтті қорғап, Ph.D. дәрежесін алды. Тухтарова Ақмарал мен Қартжан Нарқозы осы жылы қорғауға шығуды жоспарлап отыр. Хасангалиева Бибігүл, Жетесова Жанар, Есім Кенесов докторантурада білім алып жатыр.

-ЖОО Үздік оқытушысы атағын 2013 жылы алып кетіпсіз. Бұл конкурсқа тағы қатыспақ ойыңыз жоқ па?

— Иә, қатысуға болады, оны өмір көрсетеді. Қатысуға мүмкіндігім жетеді деп есептеймін. Бірақ жастардың қатысуына да мүмкіндік бергеніміз дұрыс сияқты.

Айнұр КУШКИМБАЕВА
«Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті, Ph.D.

БИІККЕ ШЫҚҚАН СӘТТЕ ЕСІМЕ ӘУЕЛІ ӘКЕМ, СОСЫН ЕНЕМ ТҮСЕДІ

-Айнұр Серікбайқызы, өткен 2023 жылдың қорытындысы бойынша «ЖОО Үздік оқытушысы» атағын жеңіп алдыңыз. Гранттық қаржыңызды қалай жұмсамақ ниеттесіз?

-Гранттық қаржымды жұмсау үшін алдын ала жоспар құрылып қойылған болатын. Атап айтсам, «Қазақ әдебиетін оқытудың интерактивті –модульдік технологиялары» оқу құралын, ағылшын тілінде «THE LANGUAGE PERSONALITY OF MUKHTAR AUEZOV (on the basis of drama works)» монографиясын, «Аймақтық әдебиеттану» оқулығын шығаруға, Түркияның Стамбул университетіне барып тәжірибе алмасуға, өз білімімді көтеру сияқты жұмыстарға жұмсалады.

-Өмір белестеріңізге қарап отырсам, еліміздің бірнеше аймақтарында тұрған екенсіз. Соған қарағанда комфорттық зонадан шығу жағдайларына эмоционалды жағынан бейім жан болар деген ой түйдім. Әлде олай емес пе?

-Ия, комфорттық зонадан шығу жағдайларына бейіммін. Себебі өмірде әр түрлі жағдайлар болады. Жұбайымның жұмыс орнына байланысты көшуге мәжбүр боламыз, алайда осы Ақтөбе облысынан көп ұзаған жоқпыз. Шығыс Қазақстан жақта докторантураны бітірген соң барып, жұмыс істеуім қажет болды, бірақ отбасы жағдайыма байланысты ұзақ болмадым. Алматы қаласында докторантура оқып жүрген кезімде тұрдым.

-Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша сабақтарда қандай жаңашылдықтар бар? Қазіргі заманғы ақын-жазушылардың шығармашылығы талдана ма? Оны сұрап отырғаным, бұрын бұл бағытта ұстанатын идеология болды, бүгін қалай дегенім еді.

-Мен қазір «Қазақ әдебиеті» кафедрасында жұмыс жасап жүргендіктен, білім алушыларға Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәнінен сабақ беремін. Қазір заман талабына сай  әдебиетті жаңа технологиялармен оқыту жүзеге асуда. Біз даярлап жатқан білім алушылар педагогикалық бағытта болғандықтан, жаңартылған білім бағдарламасын оқытуға міндеттіміз. Жас маман мектепке барғанда қазіргі заманауи технологиялардан хабардар болып баруы керек. «Қазақ тілі мен әдебиетін IT және цифрлық ресурстар арқылы оқыту» деген пән де бар. Онда  ақын- жазушылардың өмірін, шығармаларын қазіргі  жаңа технологиялар арқылы оқытамыз. Ақын, жазушылардың шығармашылығы әрине талданады. Қазір антропоөзектік парадигмаға сәйкес ақын, жазушының тілдік тұлғасын оқыту өзекті. Бұнда қаламгердің тіл байлығы, сөз қолданысы арқылы автор бейнесін ашу маңызды болып саналады.

-Ғылыми ізденістерге қызығушылығыңыз неден басталды?

-Мен негізі институт бітірген соң орта мектепте 18 жыл жұмыс жасап келген тәжірибелі мұғаліммін. Әрине мектепте жұмыс жасап жүріп, ғылыммен айналыстым десем сенбессіздер. Бірақ мектепте оқушыларымды Дарын, Кіші ғылым академиясына дайындап жүріп, ғылымға деген ынтам ашыла түсті. 1996 жылы М. Әуезовтің 100 жылдығына арналған мектеп мұғалімдері арасында «Ең таңдаулы әуезовтанушы» деген  байқауға қатыстым. Міне, сол байқауға дайындық барысында, мен Д. Досжанның «Жалын» журналына шыққан «Бесігіңді түзе» деген публицистикалық жазбасымен бастан-аяқ танысып, құныға оқып шықтым. Ұлы жазушы М.Әуезовті зерттеуге деген ықыласым сол кезде оянды. Кейін докторлық диссертациямды М. Әуезовтің тілдік тұлғасы бойынша қорғадым.

-Жастармен жұмыс істеу  сізге қандай сезімдер сыйлайды?

-Студент жастармен жұмыс жасау  маған ерекше ләззат сыйлайды. Әсіресе болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне мектеп туралы, жас балаларға білім берудің қаншалықты жауаптылығын, олар тек қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі ғана емес, сол мектептің жаны, жас ұрпақты тәрбиелеуші Ұстаз екенін ерінбей қайталап айта беремін. Мұғалім болу үшін баланы жақсы көру керек деймін.

-Әр жеңістің соңында үлкен еңбек тұрады. Еңбек етуге жағдай жасаған қамқор жандар тұрады. Бір биікке шыққан сәтте риза көңілмен кімді(кімдерді) еске аласыз?

-Менің әкем өте еңбекқор адам болатын. Ол бізге, балаларына кішкентайымыздан «адам адал еңбек арқылы ғана үлкен жетістіктерге жетеді» деп құлағымызға құйып өсірді. Әкемнен кейін енем, яғни жұбайымның анасы. Ол кісі ауырып жатып, кетерінде менің жұбайыма «мына келінді оқытатын жеріне оқыт, бұл ғылыммен айналысатын адам ғой», — деп тапсырып кеткен екен. Міне, сол енемнің сөзін жерге қалдырмай, мені жұбайым магистратура, докторантурада оқып, білім алуыма бар жағдайымды жасады. Биікке шыққан сәтте есіме әуелі әкем, сосын енем түседі. «Әже, мен сіздің маған артқан сеніміңізді ақтадым», -деймін ішімнен әр жетістікке жеткен сайын.

-Ұжымшыл адам ұжымда сыйлы.
Ұжымыңыздың сізге деген ықыласын көрдік. Негізі бұл өмірде бақыт кілтін таптыңыз ба? Тағы армандарыңыз қандай?

-Менің ұжымым – ерекше бауырмал, қамқор ұжым. Бір-бірін қызғану, көре алмау деген қасиеттер бізде жоқ. Қайта жетіспесіңді жеткізіп, барды асырып отырады. Мен қазір ғылыми жоба ұтып алуыма байланысты аз ғана сағатпен жүрмін. Көп уақытымды жобамды жүзеге асыруға арнаймын. Кафедрада көп сағатым жоқ. Алайда кафедрама барғым келіп тұрады. Нағыз бақыт деген осы шығар? Жұмыс жасап жүрген ортаңда сені іздеп, сен оларсыз жүре алмайтын болсаң, одан артық қандай бақыт керек. Менің отбасымда құдай қосқан қосағым, Аллаға шүкір бала-шағам, немерелерім бар. Осының барлығы үлкен бақытты құрайды деп ойлаймын. Армандарым әлі де көп. «Ұлтты тәрбиелегің келсе, қызыңды тәрбиеле», — дейді қазақ, мен қазақ қыздарына арналған инабатты қыздар мектебін ашқым келеді. Ол мектепте халқымыздың салт-дәстүрін, отбасындағы қарым-қатынасты, ене мен келін, жаңа түскен келін мен отбасы  мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас туралы білім бергім келеді.

Асқарбек ИМАНЧИЕВ
«Математика» кафедрасының оқытушысы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

 

МАТЕМАТИКАҒА БАЛА КЕЗІМНЕН ӘУЕС БОЛУЫМА НАҒАШЫЛАРЫМ СЕБЕП БОЛДЫ

-Асқарбек Ермекұлы, ЖОО Үздік оқытушы атағына әбден лайықсыз, құттықтаймын! Осы жеңіс басқа жетістіктеріңізден өзгеше болуы керек.

-Әрине, «Үздік оқытушы» атағына ие болу  мен үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар, осы атаққа сай болу үшін маған зор жауапкершілік жүктейді. ЖОО саласындағы әріптестерімізді  ынталандыру үшін ұйымдастырылатын конкурс. Нәтижесінде жеңімпаздардың ғылыми мақалалар жариялауына, т.б. шығармашылық жұмыстармен кеңінен айналысуына жол ашады.
2000 жылдардың басында аспирантурада оқып жүргенде, «Ұлттық Ғылым Академиясының Хабаршысы»  ғылыми журналында алғашқы мақаламыз шыққанда қатты қуанғанымыз бар.
Уақыты келгенде кандидаттық диссертациямызды қорғап, қолымызға дипломды алғанда да шаттанғанымыз бар.
Міне, осы жолы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолынан «Үздік оқытушы» атағын алу да біз үшін бір мәртебе болды.
Бұл дәрежеге көтерілуде әріптестеріміздің берген ақыл-кеңесі, бағыт-бағдары, қолдаулары болғанын айта кеткен жөн деп санаймын.

-Математиканы бала кезіңізден сүйеді екенсіз. Мамандық таңдауда қателеспеудің дұрыс екенін сізге қарап пайымдаймыз. Мамандығыңызбен бақытты сияқты көрініп тұрасыз.

-Математикаға бала кезімнен әуес болуыма нағашыларым, математика пәні мұғалімдері болғаны себеп болды деп ойлаймын. Бала кезімізде үйіне барғанда әртүрлі қызықты есептер беріп, біздің ойымызды жүйрік болуға баулитын. Соның әсері болар 6 класты бітірген соң  мендей ауыл баласы бірден Алматыдағы Республикалық физика-математикалық мектебінің (РФМШ) оқушысы болып шыға келді. Сол мектепті бітірген оқушылардың ішінен мен сияқты ғылым, білім жолына түсіп, әсіресе математика саласында жетістікке жеткендері баршылық.

-27-ші жыл сабақ бересіз. Жастардың ынтасы көңіліңізден шыға ма?

-1996 жылы осы өзіміздің Қ.Жұбанов атындағы университетті бітіріп, сол жылы «Математикалық анализ» кафедрасына оқытушы болып қабылдандым. Кешегі студенттің бірден оқытушы болғанының тиімді тұстары, жас маман студент-жастармен тез тіл табысады, олардың қажеттіліктерін терең түсінеді.  Міне биыл еңбек жолымның 27-ші оқу жылы да аяқталып қалды. Осы уақыт аралығында жастарымыздың білім алуға ынтасы уақыт өткен сайын заман талабына сай артып келеді деп зор сеніммен айта аламын.
Жастардың оқуға ынтасы жоғары болу үшін оларды әлеуметтік жағдайлар алаңдатпауы керек. Біздің жас мемлекетімізде жастарға үнемі көңіл бөлініп, қамқорлық артып келеді. Бұрынғы жылдары кей студенттерге жатақханадан орын жетпей қалып, бұл өз кезегінде сабақ үлгеріміне әсер етіп жататын. Бүгінде бұл мәселе шешімін толық тапты десе де болады.

-Робототехника, жасанды интеллект турасындағы математик ретінде ойларыңызды естіп қаламыз. Сол туралы айтып өтсеңіз.

-Қазіргі заманда ғылымның басында IT саласы тұр десек болады. Техника, медицина, басқа да ғылым салаларының дамуына робототехника, жасанды интеллект секілді бағдарламашы мамандар қажет. Ал саланы жақсы меңгеру үшін логика, ұшқыр ой, анализ, талдау болу керек. Бұны тек математика саласынан табасыз.Сондықтан бұл мамандықтарда математикалық анализ, алгебра, дискретті математика сияқты маңызды пәндер алдымен оқытылады. Қысқаша айтсақ, жақсы IT маманы болу үшін математикадан білімі жоғары болуы тиіс.

-Кәсіби бағдар жұмыстарына белсене араласасыз. Математик мамандығына байланысты талапкер қойған ең қызық сұрақ есіңізде ме? Қалай деп жауап бердіңіз.

-Кәсіби бағдар жұмысы университеттегі маңызды жұмыстардың бірі. Оқушыларға кәсіби бағдар бағытында, қабілетін анықтау үшін математика пәнінен шеберлік сабағын жиі өткізіп тұрамыз. Оншақты жыл бұрын сондай бір физика-математика бағытындағы класқа сабақ өткізіп, олардың математика пәніне қабілеті жоғары екенін байқадым. Таңдаған мамандығы жайлы сұрап едім, көпшілігі мұнай саласын таңдап отыр екен. «Математика пәні мұғалімі жетіспейді, неге мұғалім болмайсыздар?» десем, тек айлығының аздығына бола барғысы келмейді екен. «Сіздердің балаларыңызды кім сонда математикадан оқытуы керек?,- деп қайыра сұрақ қойдым. Аңтарылып қалды. «Сіздер оқу бітіргенше мұғалім айлығы мұнайшы айлығынан кем болмайды»,- деп бір-екеуін мұғалім болуға үгіттедім. Олар бүгінде керемет, мақтаулы математика пәні мұғалімдері. Кейінгі жылдары үкіметіміз шынында да мұғалімдер мәртебесін көтеріп жатқаны қуантады.

-Үздік ұстаздың үздік ұстазы кім екен?

-Бізді ғылым жолына бағыттаған, студент кезімде университетте сабақ берген, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, сол жылдардағы факультет деканы Жайшылық Алмағамбетұлы Сартабанов бастаған, факультеттің профессор-оқытушылар қауымы дер едім. Дәл сол уақытта  профессор-математик Кенжеғали Кенжебайұлы Кенжебаевтың ректор болып тағайындалғаны да математика саласында жүрген жас мамандардың  ғылыммен айналысуына  кең жол ашты деп есептеймін. Университетімізбен Ұлттық Ғылым Академиясы, Математика институты арасында үлкен көпір пайда болды. Сол көпір арқылы Академияның Ғылыми кеңесінде көптеген ақтөбелік жас ғалымдар диссертацияларын қорғады. Сол Ұлттық Ғылым Академиясындағы ақыл-кеңес берген ғалымдарды да үздік ұстаздардың үздік ұстаздары дер едім.

-Әдетте адамның әр жетістігі алдағы жетістікке негіз болады. Тағы қандай байқауларға қатысып жатырсыз?

-Бұл алған белесімізде тұрып қалмай, одан әрі еліміздегі ғылымды дамытуға, өсіп келе жатқан жас буынды ғылым жолына бағыттауға, әрдайым университетіміздің мәртебесін көтеруге одан әрі қызметімізді жалғастыра береміз деп ойлаймын.

Захира НУГАЕВА
Оқытушы-зерттеуші, Ph.D.

ҒЫЛЫММЕН ШЫНАЙЫ АЙНАЛЫСУДЫҢ БАСТАМАСЫ — ДОКТОРАНТУРА

-Захира Туребаевна, ЖОО үздік оқытушысы атағыңыз құтты болсын, жас болсаңыз да табыс биігінен көргенімізге қуаныштымыз.

-Рақмет! Жоғары оқу орындарының оқытушыларын ынталандыру мақсатында жыл сайын «ЖОО үздік оқытушысы», «Үздік ғылыми қызметкер» және басқа да атаулы сыйлықақылар мен стипендиялар бойынша конкурстар болып тұрады. Осы жылы, біздің университетімізден 3 оқытушы «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы -2023» атағына ие болды. Олардың қатарында менің де болғаныма өте қуаныштымын. Әрине, бұл жерде біздің ұжымның еңбегін ескеру керек, осы конкурсқа қатысуға әріптестерімнің көмегі көп болды, университет басшылығына да қолдау көрсетіп, жағдай жасағаны үшін үлкен рақмет айтамын!

-Ғылымдағы жоғары дәреже деп есептелетін  Scopus және Web of Science сервисіндегі журналдарға 10 мақалаңыз шығыпты,  h-индексіңіз – 4-ке тең. Бұл жақсы нәтиже. Қай жылдар сіз үшін ғылыми сала жағынан өнімді болды?

-Оқуымды бітіре салып, білімімді жалғастыру мақсатында магистратураға түстім. Ғылыми ортамен танысуым осы магистратурадан басталды. Дегенмен, студент кезімде оқушыларды қосымша дайындай жүріп, мұғалім болу қолымнан келетіндігіне көзім жетіп, мектепке жұмысқа орналастым. Әрине, 7 жыл мектептегі тәжірибе педагог болып қалыптасуыма жақсы ықпал еткенімен, ғылымнан алшақтатқандай сезілді. Сол себепті, жоғары оқу орнына қайта келу мүмкіндігі туған кезде өзімді сынап көруді шештім. 2017 жылы «Математика» кафедрасына оқытушы ретінде жұмысқа қабылдандым. Алғашқы жылы кафедра, университет ұйымдастырған әртүрлі ғылыми-әдістемелік сайыстар, семинарлар мен конференциялар, және қоғамдық  іс-шараларға қатысып жүрдім. 2017-2018 оқу жылында университетімізге Түркияның, Орталық Шығыс техникалық университетінің профессоры, доктор Ахмет Марат Убайдуллаұлы келіп лекция және семинарлар өткізді. Сол сабақтарға қатыса жүріп, Марат ағайдың ғылыми бағытымен танысып, зерттеу тақырыбына қызығып, көп іздене бастадым. Ғылыммен шынайы айналысудың бастамасы  — докторантура.   2018 жылы  докторантураға түсіп, жетекшілерім Тлеубергенова Мадина Алмухановна және Ахмет Марат Убайдуллаұлы бірігіп қойған есептерін зерттеумен айналыса бастадым.  Ғалымның жұмысының нәтижесі, көрсеткіші оның рейтингі жоғары халықаралық журналдарда мақала жариялауымен және еңбегіне өзге зерттеушілердің сілтеме беру санымен өлшенетіні белгілі. 2019 жылдан бастап зерттеу бағытым бойынша ғылыми жобаларға қатыса бастадым. Соның нәтижесінде 2020 жылы жетекшілеріммен бірге алғашқы нәтижелерім Scopus және Web of Science сынды беделді дерекқорларға енетін жоғарғы рейтингті журналдарда жариялана бастады. Қазіргі уақытта да, зерттеу жалғасып, жақсы нәтижелер алынып жатыр.

-Педагогикалық қызметіңіз мектептен басталыпты. Жас маманды шыңдайтын орта. Ұстаздық жолдың бастауын да еске алсаңыз.

-Иә, алғашқы қызметім орта мектепте мұғалімдіктен басталды. Қаламыздағы №36 қазақ орта мектебінде,  №10 жалпы білім беретін орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болдым. Мектепте негізінен жоғары сыныптарға, яғни 9-11 сыныптарға сабақ жүргіздім. Жыл сайын  ҰБТ сынды маңызды емтихандарға, ғылыми жобалар мен пәндік олипиадаларға оқушыларды дайындайтынмын.  Жүлделі орындар алғандары да жетерлік. Мұғалімнің жұмысы, нәтижесі бірден көрінетін жұмыс емес. Мектеп бітірген оқушыларымның жеткен жетістіктерін көру және сол жетістікте менің кішігірім болса да қатысым бар екенін сезіну, бұл керемет әсер.

-Оқытушы-зерттеуші екенсіз, зерттеу нысанаңыз туралы да айтып берсеңіз.

-Қазіргі таңда елімізде ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Әлемнің орнықты тәжірибесіне, сол әлемдік ғылымды өз ілімімен мойындатқан отандық және шетелдік ғалымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, еліміздегі ғылым мен оның қолданыс аясын дамыту мен жандандыру бүгінгі күннің басты мәселесі. Бүгінде ғылым немесе өндірістің қай саласымен айналысамын десеңіз де бар мүмкіндік жасалған. Бір ғана ғылым саласын алып қарайтын болсақ, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан гранттық қаржыландырулардың өзі зерттеушіге берілген үлкен мүмкіндік. Өткен оқу жылынан бастап университетімізде «Оқытушы-зерттеуші» біліктілігі енгізілді. Бұл университетіміздің ғылыммен айналысамын дейтін зерттеушілері үшін зор бастама болды.
Зерттеу бағытым туралы айтар болсам, біздің зерттеу тобымыз қазіргі уақытта, сызықтық және сызықтық емес дифференциалдық теңдеулердің  сапалық теориясын зерттеу, олардың шешімдерін сандық модельдеу, болжанбайтындық және хаос теориясын зерттеу, нейрондық желілер, нейрондық желілердегі көпкомпонентті және болжанбайтын тербелістерді зерттеу және  сандық модельдеумен айналысады. Осы бағытта зерттеулеріміз гранттық қаржыландыруларға ие болып, салмақты нәтижелер алынуда.

-Есте ескі стереотип қалып қойған. Математик десе көз алдымызға ер кісілер келеді. Бұл салмақты пәнді таңдауыңызға себеп болды ма?

-Иә, бұл шынымен де ескірген және қате стереотип. Математика, кез келген басқа білім саласы сияқты, жынысқа байланысты емес. Математика тарихында осы ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті математик әйелдер көп болды. Мысалы, Софья Ковалевская,  Эмми Нётер, Софи Жермен, Джулия Боумэн сияқты математиктерді және математиканың дамуына елеулі үлес қосқан басқа да әйелдерді айтсақ болады. Алысқа бармай-ақ, мысал ретінде өзіміздің кафедрамызды алып қарасақ, жартысынан көбі әйел профессор-оқытушылар, доктор және ғылым кандидаттары қызмет етеді. Әрбір адамның оқуға деген қызығушылығы мен ынтасы болса, тамаша математик немесе басқа саланың білікті маманы болуға мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

-Жақсы ұстаз – шамшырақ. Кімді ең бас ұстаз тұтасыз?

-Әрине, кез келген маман иесі ең алдымен адами қасиетке ие болуы, шынайы болуы керек деп ойлаймын. Ең бірінші ата — анамның адалдығы мен адамгершілік қасиетін үлгі тұтамын. Кәсіби бағыттағы жетістіктерге жетуімде мектеп қабырғасында жүргенде білім негізін қалап, болашаққа жолдама берген мұғалімдерімнің, одан кейін жоғары оқу орнында оқып жүрген кезімде жол сілтеп, бағыт-бағдар берген оқытушыларымның үлесі көп. Біз үнемі білім алып, дамып келеміз, бір-бірімізді қолдау және шабыттандыру арқылы үйренеміз және өсеміз. Осы орайда, өзім білім алып шыққан үш сатылы (баклавриат, магистратура және докторантура) білім ордасы, біздің Математика кафедрасының профессор-оқытушыларымен жұмыс жасау мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік екенін айтқым келеді. Бәріне алғыс білдіремін!
Ғылым жолындағы мен үшін орны бөлек ұстазым туралы тоқталайын. Университетке келіп ғылымға бас бұра бастағанда бағыттаушы жетекшіңнің болғаны үлкен жетістік.  Маған осы қиын жолда бағыт көрсетіп қана қоймай, мақала жазу, зерттеу сынды ғылыми сауаттылық пен қоса тек  адал еңбек ету арқылы ғана жетістікке жетуге болатынын үйреткен ұстазым – Ахмет Марат Убайдуллаұлы.  Ағай үнемі, кез келген жұмысқа зергер сияқты қараңыз дейді, яғни, қиыншықлыққа төзімділікпен қарау және тек тынымсыз еңбек арқылы ғана ойлаған нәтижеге жетуге болатынын бойыма сіңіріп келеді. Математикаға қызығушылығымды арттырып, сенім мен шабыт ұялатқан ұстазыма ерекше алғыс айтқым келеді.

  -Егер құпия болмаса, ұтқан гранттық қаржыны қандай мақсатқа жаратпақ ойыңыз бар?

-Жоспарлар көп, зерттеу бағыты бойынша басқа ел ғалымдарының тәжірибесімен танысу мақсатында ғылыми тағылымдамаға баруды жоспарлап отырмын.

 

Zhubanov University газеті,

№3(495), наурыз, 2024 ж.