Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Семинарда оқытудың интербелсенді әдістері туралы қытайлық студенттер ойларымен бөлісті

Семинарда оқытудың интербелсенді әдістері туралы қытайлық студенттер ойларымен бөлісті

Қазақ әдебиеті кафедрасының филиалы Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназияда «Жаңартылған білім мазмұны бойынша әдебиет пәндерін оқытудың интербелсенді әдістері» атты әдістемелік семинар өтті.

Семинар дуалды оқыту жүйесі бойынша аталған білім беру мекемесінде 2017-18 оқу жылының екінші жартыжылдығынан бастап дәріс тыңдап жүрген 5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студенттерінің теориялық білімін практикамен ұштау, нығайту мақсатында арнайы ұйымдастырылды. Алдымен, қазақ әдебиеті пәні бойынша мектеп мұғалімі І.Қ.Садықованың ашық сабағына қатысып, жоғары санатты ұстаз, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғ.Ж.Матенова мен әдістемелік бірлестік жетекшісі А.Болатбайқызының шеберлік сағаттарынан оқытудағы жаңаша әдіс-тәсілдер туралы мол мағлұмат алды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарды қойып, өзара пікір алысты. Сонымен қатар, қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңалықтармен бөлісіп, болашақ педагогтар өздеріне қажетті тың ақпарат алып, дуалды оқытудың тиімділігі туралы айтып өтті.

Аталған шараға академиялық ұтқырлық бойынша филология факультетінде 5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатқан Қытай Халық Республикасы Іле педагогикалық университетінен келген студенттер қос елдің орта білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерге тоқталды. Әсіресе, оқушыларды сабаққа қызықтыру, ынтасын арттыру, оқу мен оқыту сапасын арттыруда жасалып жатқан ғылыми-әдістемелік ізденістерден өздеріне рухани азық, терең білім, тәжірибе жинап жүргендеріне ырзашылығын білдірді.

Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы С.Ж.Ташимбаева Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген ел дамуының негізгі бағыттары, ұлт жоспарын орындауда ұстаздар қосатын үлесі, жастар бойында ұлттық сананы ояту, жас ұрпақтың туған халқына деген құрметтін ояту туралы баяндап, әдебиетті оқытудың тәрбиелік мәні қоғамдық сипаты жөнінде тағылымы мол дәріс оқыды.

Шараны ұйымдастырушы кафедра оқытушысы, магистр  Г.К.Тәңірбергенова жыл бойына кафедра филиалымен бірлесе атқарылған барлық ғылыми, әдістемелік бас қосулардың нәтижесі мен тиімділігі жөнінде, жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде талаптардың орындалуы мақсатында алда атқарылатын жұмыстардың барысына тоқталып, екі жақтың ынтымақтастық, әріптестік қарым-қатынастың арта беруіне тілектестік білдірді.

Семинарға қатысқан студенттерге, мектеп әкімшілігіне, пән мұғалімдеріне арнайы сертификаттар табыс етілді.