Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жастар Президент бастамаларын талқылады

Жастар Президент бастамаларын талқылады

Ақтөбе облысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру жұмыстары бойынша келген Мәжіліс депутаттары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен, студенттермен кездесті.  Жиында Президенттің бес әлеуметтік бастамасының білім беру саласына, жастарға қатысты тұстары талқыланды.

Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаевтың айтуынша, қазір Астанада Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудың алғышарттары жасалып жатыр: қаржыландыру мәселесі, заңдарға, Үкімет қаулылары мен министрліктердің бұйрықтарына өзгерістер енгізу жұмыстары қолға алынған.

— Үндеуде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері қаралып отыр. Осы бағыттағы «7-20-25» бағдарламасы қалың көпшіліктің үй алуға деген жаппай қолжетімділігін арттыруды мақсат етеді. Қазір осы бағдарламаның механизмдері зерттеліп, артық-кем тұстары сараланып жатыр. Осыған қатысты заңдарға, құжаттарға өзгерістер енгізілген кезде салық өсімі артып кетпей ме, 25 жылға алған несиені мерзімінен бұрын өтеуге бола ма, халық үшін қандай шешім қолайлы болады, осы секілді түрлі мәселелердің шешімін табу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Келесі бастама — жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. Осы бағытта елімізде жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөлінбек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі. Жаңа экономикалық саясат нанотехнологтар, инженерлер, ІТ-технологтар сынды түрлі мамандарды қажет етіп отыр. Өнеркәсіп қарқынды дамып келеді, мәселен, осыдан 15 жыл бұрын елімізде машина құрылысы саласында тек 70 зауыт қана жұмыс істеген болса, бүгін олардың саны 1500-ге жетті. Бұл — соңғы 10 жылда салынған зауыттар. Бүгінде Астана, Алматы, Петропавл, Павлодар, Қарағанды секілді бірнеше қалада жүздеген машина құрылысы зауыттары қарқынды жұмыс істеп тұр. Ақтөбенің өзінде 20 зауыт бар екен. Олардың барлығына білікті техникалық мамандар қажет. Жалпы алғанда еліміз бойынша ең кем дегенде 12 мың техникалық маманға сұраныс бар, — деді депутат.

Техникалық мамандықтар бойынша диплом алған студенттердің бірден жұмысқа орналасып кетуі де оңай емес. Ақпараттық технология саласында күн сайын өзгерістер болып жатыр. Сол үшін теория мен практика қатар жүргізілуі тиіс. Университет студенттері Мәжіліс депутаттарына: «Техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер жалпы білім бағдарламасының тек 30 пайызын ғана теорияға, қалған 70 пайызын практикаға арнаса екен»,  — деген тілегін жеткізді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің айтуынша, оқу орны өңірдегі 23 өнеркәсіп орнымен техникалық мамандарды тәжірибеден өткізу бойынша меморандумға қол қойған.

Жастар үшін тағы бір жағымды бастама — студенттік жатақханалардың көбейетіндігі. Елбасының Үндеуінде айтылғандай, алдағы жылдары жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі аясында жатақханалар салу жұмыстарын бастайды. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салынуы тиіс.

Бауыржан Ердембековтің айтуынша, қазір оқу орны студенттердің жатақханаға деген сұранысын толық өтеп отыр. «Өткен жылы желтоқсанда 500 орындық «Студенттер үйі» пайдаланылуға берілді, мамыр айында жөндеуден өткен 500 орындық жатақханамыз қайта ашылады», — деді ректор. Бүгінде аталған оқу орнының үш жатақханасында екі мыңға жуық студент тұрып жатыр. Университет басшылығының айтуынша, алдағы оқу жылында бірінші курсқа 5 мыңға жуық студент қабылданбақ.

— Алдымызға осындай үлкен жоспар қойып отырмыз. Олардың қатарында тек Ақтөбенің ғана емес, көршілес облыстардан, «Серпін» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан келетін студенттер бар. Бұған қоса жақында біздің мамандар Қарақалпақстанға барып келді. «Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында» Қарақалпақстандағы қаракөздерімізге біздің университетте оқуға мүмкіндік беріп отырмыз, яғни сол жақтан келген бауырларымызға бірінші оқу жылында 100 пайыз жеңілдік жасаймыз. Бұл университетіміздің Президенттің бастамаларына қосқан үлесі, — деді Б.Ердембеков.

Кездесу барысында сөз алған философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы Елбасының бес әлеуметтік бастамасы оқу орнының оқытушылық құрамы арасында қызу талқыланып жатқанын айта келіп, кейбір күрделі мәселелерге тоқталды:

— Экономикалық жетістіктер халыққа не беріп отыр? Біріккен Ұлттар Ұйымы өткен жылы экономикалық саясаттың адам өміріне қаншалықты әсер етіп отырғандығын анықтау үшін 188 елдің адамдамуының индексін есептеп шығарды. Бұл адамдардың өмір сүру деңгейі, жан басына шаққандағы табыс және өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші бойынша анықталады. Қазақстан осы тізімде 56-орында тұр. Бұл индекске сай, елімізде жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс-22 мың доллар. Бұл, әрине, жаман көрсеткіш емес, дегенмен, бір адам жылына 43 мың доллар, бір адам жылына 1 мың доллар ғана табатын болса, екеуінің орташа жылдық табысы 22 мың доллардан шығады. Бұл — әлеуметтік әділетсіздік. Міне, Президенттің бастамалары осындай әділетсіздіктерді болдырмау үшін жасалған жоба деп ойлаймын. Бұл бастаманы іске асыру барысында барлық мәселелер толық талқылануы тиіс. Елімізде кейбір әлеуметтік топтардың табысы тым аз, ал керісінше, кейбір салаларға үйіп-төгіп қаржы беріп жатыр. Мәселен, мұнай мен газ саласында қызмет ететіндердің табысы өте жақсы, ал олардың балаларына білім беретін оқытушылардың жалақысы мардымсыз. Бұл — күрделі мәселе. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы осындай әділетсіздіктерді жоюға, ел ішіндегі татулықты, бірлікті арттыруға септігін тигізер деп ойлаймын, — деді профессор.

Кездесу барысында шағын несие беру талаптары, мұғалімдердің жалақысын көтеру сынды мәселелер де айтылды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

источник