Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ахмет Жұбановтың құрметіне арналды

Ахмет Жұбановтың құрметіне арналды

Отызыншы жылдары халық композиторларының еңбектерін іздестіріп, еліміздің шалғай жерлеріне барып, асыл қазынамызды жинақтап, халықтың мұрасына айналдырған Ахмет Қуанұлының еңбегі ұшан-теңіз.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов — қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық артисі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик.

Ол Ақтөбе облысы Темір ауданында 1906 жылы 29 сәуірде өмірге келген. Ахмет Қуанұлы қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп тануда, жорып түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, кезеңдік мәні бар қажыр-қайрат көрсеткен тұлға.

1938 жылдан бастап Ахмет Жұбанов композиторлық жұмыспен айналысып, жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш — Баян сұлу» драмасына, Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектакліне, «Амангелді» кинофильміне музыка жазды. Камералық шығармалардың ішінде «Қазақтың жеті биі», «Тәжіктің он биі» сияқты фортепианоға арналған, «Ария», «Көктем», «Жезкиік», «Романс» сияқты қобызға арналған шығармаларының қазақ өнерінде алатын орны ерекше.

Ахмет Қуанұлы  қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Вокальдік сюитасы», «Абай сюитасы» және  тағы да басқа шығармалары бар.  А.Жұбановтың қазақ музыка тарихына сіңірген еңбегі орасан зор. Композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық симфониялық және вокальдық шығармалардың авторы.

Алғашқы музыкалық әліппе, қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыкалық сынақ шеберханасы, Ғылым академиясындағы өнертану секторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет жөне өнер институтының музыка бөлімі, Қазақтың халық аспаптары оркестрі, Қазақтың мемлекеттік филармониясы, Қазақ консерваториясы, ондағы халық аспаптары кафедрасы, Қазақтың музыкалық театры, қазақ музыкасы туралы оқу құралдары, осының бәрінің ұйтқысы Ахмет Жұбанов болды. Ұлттық өнеріміздің жанашыры, белгілі композитор Ахмет Жұбанов өлшеусіз еңбегінің арқасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ бірнеше ордендермен марапатталды.

Қазақ өнеріне өзіндік үлес қосып, өнер мен мәдениеттің өркендеуіне күш-жігер жұмсаған қазақ халқының біртуар дарынды ұлы — Ахмет Қуанұлы Жұбановтың өнегелі де өміршең еңбегі ғасырлар қойнауында үлкен қазына болып сақталатын баға жетпес құнды дүние.

Соған орай, бүгін Жұбанов университетінің 85 жылдық мерейтойына орай  және  Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды  насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» жобасы аясында кәсіби-шығармашылық факультетінде әйгілі композитор, профессор Ахмет Жұбанов атындағы кабинет  ашылды.

Университеттің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының меңгерушісі Жайнагүл Қартбаеваның айтуынша, жаңа  кабинетте «Музыкалық білім» және «Хореография» мамандығының студенттері білім алады. Заманауи құралдармен жабдықталған бұл оқу кабинетінде білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған.  Сондай-ақ мұнда біліктілікті арттыру, үздік оқытушылардың жұмыс тәжірибесін зерделеу және жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Жұбанов университетінің мерейтойы аясында жаратылыстану факультетінде «Эксперименттік экология», «Ботаникалық зертхана» және «Өсімдіктер физиологиясы» кабинеттері қолданысқа берілді.