Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бизнесті дамытуға жол ашық

Бизнесті дамытуға жол ашық

Ақтөбе өңіріндегі Жұбанов университеті жанынан ашылған Стартап академиясы жастарды бизнеске баулиды. Бұл үшін университет басшылығы тарапынан қолдау да жасалған.

Бүгін  университет ұжымы мен жас стартапшылар «Тәуелсіз ел – жастары кәсіпкерлікке» атты салтанатты жиында бас қосты.  Аталмыш шара оқу орнының  85 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Салтанатты шара аясында Жастар сарайының Атриум залында қолөнершілер мен  жас стартапшылардың өнімдер көрмесі ұйымдастырылып,  көпшілік назарына ұсынылды.

Кездесуде университет ректоры Бауыржан Ердембеков облысымыздың бренд тауарларын көбейтіп, оны тиімді пайдалануға болатынын атап өтті.

— Басты мақсатымыз — осы алаңнан болашақ кәсіпкерлерді даярлап, бизнестің қыр-сырын үйрету. Бұл жерде идеялар мен жобалар тоғысып жатуы керек. Біз студенттеріміздің 50 пайызын осы алаңнан өткізетін болсақ, жақсы нәтижеге қол жеткізгеніміз, — дейді университет ректоры.

Сөз соңында оқу орнының басшысы университет студенттерінің кәсіпкерлік дағдыларын үйрету және жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасалғанын атап өтіп, жас стартапшыларға жетістіктер мен сәттілік тіледі.

Осы орайда  өңірдегі Стартап академиясы ректор Бауыржан Ердембековтің бастамасымен ашылғанын айта кеткен жөн. Былтыр Жастар жылының алғашқы айында ашылған Стартап академиясы студенттердің дамуына мол мүмкіндік беріп отыр. Мұнда тігін цехы, биологиялық зертхана, мүсін жасау шеберханасы және аспаздық бөлмелері жабдықталған. Қазіргі кезде стартап академиясы өздері ойластырған жобаларға сәйкес өңірдегі бренд тауарлар түрін көбейтіп, оны тиімді түрде пайдалану жолдарын белгіледі.

Сондай-ақ, мұнда олардың инновациялық жобалары қолдау тауып, идеялары іске асады.  Өңірдегі аталған оқу орнындағы стартап академиясы  аз уақыттың ішінде инновациялық идеясы және нақты жобалары бар білімгерлерді шоғырландырып, оларға ары қарай даму бағыттарын көрсетіп отыр. Мұнда әбден аяқтан тұрып, кәсібін дөңгелетіп әкеткен кәсіпкерлер шеберлік сағаттарын өткізеді. Әр салада жетістікке жеткен жастар мотивациялық сессиялар ұйымдастырады. Жалпы, құлшынысы бар әрбір жас осы жерде көмек алады. Яғни академияда бизнестің қыр-сырын үйретуден бөлек құқықтық көмек те көрсетіледі. Жастар ойға алған ісін соңына дейін жеткізу үшін жағдай жасалады.

Өз кезегінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова талантты жастарды қолдау мақсатында университетте қолға алынған бастамаларға ризашылығын жеткізіп, студенттердің  игі істердің қатарынан табылатындығына сенім білдірді.

— Кіші және орта кәсіпкерлік – экономиканың нағыз локомотиві, әрі қозғаушы күші. Ол локомотивтің моторы – жастар. Кәсіпкерлікке ұмтылған жастарда жоғары белсенділік, инновациялық ойлау, нарық жаңалықтарын игеруге жылдам икемделу, нарықтың өзгермелі талаптарына сәйкес экономикалық білімін жетілдіріп, тәуекелге бас тігуге бейімділік секілді қасиеттер мен мінез болуы қажет. Сондықтан бұл қасиеттер біздің Қазақстан жастарының, оның ішінде  Жұбанов университеті жастарының қолынан келеді. Сондықтан да олардың алатын асулары көп деп ойлаймын және мен оған сенемін!,- деді.

Бүгінгі шарада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен  «Қ.Жұбанов» медалімен марапатталды.

Басқосуда  жас стартапшылар өз  жобасымен таныстырып, болашаққа қойған мақсаттарымен бөлісті. Стартап академиясы арқылы  жеке кәсіп ашып, тұрақты түрде табыс тауып жүрген жастар көп. Олар өздерін кәсіпкерлікте университет тарапынан да зор көмек көрсетіліп жатқанын айтады.

Университеттегі стартап-жобалар Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасымен бірлескен түрде жүзеге асырылып келеді. Түптей келгенде, мұндай жұмыстар оқу орнының өңірдегі интеллектуалды ресурстарды шоғырландыру орталығына айналуына мүмкіндік береді.