Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мерейді өсірген марапат

Мерейді өсірген марапат

Жұбанов университетінде ректордың жұмыс жиыны өткізілді. Жұмыс жиыны салтанатты шарамен басталды. Кезекті басқосуды оқу орнының басшысының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров кіріспе сөзімен ашты. Ол өз кезегінде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Балжан Давлетьяроваға білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісін табыстап, құттықтау тілегін жеткізді.

Салтанатты жиынға ғалымның шәкірті, университет түлегі, Мұғалжар №2 аудандық сотының төрағасы Алтынбек Сабыров қатысып, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.

Давлетьярова Балжан Хамидуллақызы — саналы ғұмырын жастар тәрбиесіне арнаған ғалым, бүгінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасында оқытушы қызметін атқарады.

Талай талантты жастарға шапағаты тиген, оның жолын қуған жастар да жетерлік. Өзінің білімі мен бай тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпаған Балжан Хамидуллақызының Ерлан Карин, Гүлзат Көбенова, Рахым Бекназаров сынды шәкірттері бүгінде әртүрлі саланың тұтқасын ұстаған білікті мамандар. Оның жазған еңбектері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай.

Балжан Давлетьярова — жүзге жуық монографияның және ғылыми, ғылыми-танымдық мақалалардың авторы. Неміс және түрік тілдерін еркін меңгерген маман. Ол тарих факультетінің қалыптасуына зор үлес қосқан ғалым, жұмыс жасаған уақыт ішінде өз пәнін жетік меңгерген, білімі мен біліктілігі жоғары ұстаз екендігін көрсетті. Қазақстан білім беру жүйесінде табысты жұмыс атқарып, үздік жетістіктерге қол жеткізді. Ол ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының, мемлекеттік қызметшілер істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі болды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Рухани жаңғыру» жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру институтының Ақтөбе өңірлік бөлімшесінде саяси жүйені демократияландыру мәселелері бойынша дәріс оқиды.

1984 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) «Неміс тілінде тарихты оқыту» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Ақтөбе педагогикалық институтында бастады. 1992 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің күндізгі аспирантурасын бітіргеннен кейін 07.00.01. – «Қоғамдық қозғалыстар мен саяси партиялар тарихы» мамандығы бойынша «Сеитқали Мендешевтің қоғамдық – саяси қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.

Балжан Давлетьярова —  Ақтөбе облысы әкімінің грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 40 жылдық мерейтойлық медалінің (2006 ж.), Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 50 жылдық мерейтойлық медалінің (2014 ж.), Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 85 жылдық мерейтойлық медалінің (2020 ж.) иегері.