Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жастар саясаты > Халықаралық жастар күні құтты болсын!

Халықаралық жастар күні құтты болсын!

Бүгін — Халықаралық жастар күні. 1999 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Ассамблеясы Жастар істері жөніндегі министрлердің Дүниежүзілік конференциясында тамыздың 12-сін Халықаралық жастар күні деп жариялау туралы ұсынысын қолдады. 2000 жылдан бастап бұл күн мерзімді түрде аталып келеді.

Жастар – біздің болашағымыз. Демек жастарға әркез қолдау таныту, олардың білімді де білікті болып қалыптасуына жағдай жасау біздің басты парызымыз. Сонымен қатар жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие беру — бүгінгі күннің басты талабы. Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», — дейді. Сондықтан жастардың тәрбиесіне де аса мән беруіміз қажет. Жас буын тәрбие мен сапалы білім берудің жалпыға ортақ игілік екенін түсінуі керек.

Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамнан өз орнын табуы қажет. Ендігі кезекте тәрбиенің мазмұны мен жастарды тәрбиелеу барысында олардың дүниетанымын қалыптастыруға және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударылуы тиіс. Біздің міндетіміз — қазақ жастарының тәуелсіз елдің бүгінге дейінгі жетістіктерімен және айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуына жағдай жасау.

Бәсекеге қабілетті, білімді әрі тәжірибесі мол мамандарды даярлауға қажет ресурстар университетімізде жеткілікті. Кез келген жас маман өзі таңдап алған кәсібінің қыр-сырын ғана емес, сол саладағы жаңа технологияларды, жаңаша ойлауды, белгілі ортаға икемді қарым-қатынастарды қалыптастыруды үйреніп, заман талабына сай қолдана білсе, бәсекеге қабілетті болары сөзсіз. Абай айтқан «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» ұғымының мәні де осы, мемлекетті өркениетке бастайтын игілік идеясына келіп тіреледі.

Жастар күні құтты болсын!

 

Құрметпен,

Жұбанов университеті ректорының м.а. Рахым БЕКНАЗАРОВ