Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Нанотүтікшелердің қасиеттерін зерттеп жүр

Нанотүтікшелердің қасиеттерін зерттеп жүр

Отандық ғалым Дәулет Сергеевтің зерттеулері Advance in Nano Research («Нанозерттеулер саласындағы жетістіктер») жетекші ғылыми журналында жарияланды. Ол Жұбанов университетінің профессоры.

Q1 квартилі бойынша Web of Science Scientometric деректер базасында және Scopus мәліметтер қорында 96-пайыздық көрсеткіші бар бұл басылым ғылыми ортада ең жоғары бағаланған журналдардың бірі.

Материалдардың радиациялық физикасы орталығының жетекшісі, профессор Қуанышбек Шүнкеев бұл көрсеткіш қазіргі Қазақстандағы ғылыми қызметтің ең жоғары көрсеткіші екенін айтады. Сондай-ақ, мұндай ғылыми басылымдар орташа зерттеулерді қажет етпейді, олар нанотехнологияда қолдануға болатын нағыз серпінді жұмыстарды жариялайды.

Халықаралық ғылыми журналда басылған «Телескопиялық полипризманға негізделген бір өлшемді Шоттки нанодиодтары» мақаласын әдеттегідей ғалымдар тобы емес, бір ғана автор жазды. Демек бұл да жұмыстың құндылығы арта түспек.
Дәулет Сергеевтің зерттеулері болашағы зор наноэлектрониканың бір өлшемді белсенді элементтерін құруда модельдеу нәтижесінің пайдасы зор болатын нанотүтікшелердің қасиеттерін зерттеуге негізделген. Ол өзінің ғылыми қызметін Жұбанов университетінің Материалдардың радиациялық физикасы орталығында жүргзуде. Бүгінде 37-ге жуық ғылыми жарияланымдардың авторы.
«Сергеевті жиі жас ғалым деп атайды, бірақ 39 жасында ол өзінің кәсіби деңгейін әлемдік деңгейде дәлелдеген білікті ғалым. Бұл өз кезегінде Ақтөбе ғылыми мектебінің жетілуін көрсетеді және оның дамуы жалғаса беретініне кепілдік береді», – деп қосады Қуанышбек Шүнкеев.

Дәулет Мақсатұлы жетекшілік ететін «Бірегей электрлік және магниттік қасиеттері бар наножүйелердің кванттық-тасымалдаушылық сипаттамаларын зерттеу» жобасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыруын жеңіп алған.

 

/nauka.kz/