Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жазушымен жарқын жүздесу

Жазушымен жарқын жүздесу

Бүгін Жұбанов университеті студенттері әдебиет әлемінің қыр-сырымен қанықты. Олар белгілі жазушы Сәбит Досановпен кездесіп, сыр-сұхбат құрды.

Құрметті қонақты қарсы алған университет ректоры Лаура Қарабасова жазушының шығармашылығын құрмет тұтатынын айтып өтті.

Кездесу барысында Сәбит Досанов қазақ әдебиеті саласы жайында ашық-жарқын әңгіме тиегін ағытты. Жастар әдебиет әлеміндегі тұғырлы тұлғаның шығармашылығына қатысты сұрақтар қойып, сонымен қатар қаламгердің балалық шағы, армандары, үлгі тұтатын тұлғасы жайында сұрады. Қазіргі әдебиеттің жай-күйі, артықшылықтары мен кемшін тұстары жайында да әңгіме өрбіді. Қоғамға қандай тақырыптар өтімді, қаламгер қай салада қалам тербегені дұрыс деген сауалдар төңірегінде де жазушы студенттерге тұщымды жауаптар айтты. «Қандай тақырып болса да, жазылуына байланысты. Не жазам, не үшін жазам, қалай жазам? деген үш сұраққа шығарма толық жауап беруі тиіс»,- деді ол.

«Мен оптимист адаммын. Болашаққа сенемін. Қандай жағдайда да адам ең алдымен адам болып қалуы керек. Халқына адал қызмет еткен адам сол ұлы болады», — деген жазушы жастарға тағылымды ойларын жеткізді.

Қарымды қаламгердің қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Ол халықаралық М.Шолохов, С.Есенин, В.Шукшин, «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін», «Түркі әдеби қоры», «Алтын қалам» сыйлықтарының лауреаты, ҚР Мемлекеттің сыйлығының иегері. Әдебиеттің барлық жанрына қалам тартқан жазушы. Осы уақытқа дейін жазған шығармалары 50-ден астам томды құрайды екен.

Тағылымды шарадан жиналғандар рухани азық алды. Қаламгерден қолтаңба алып, естелік суретке түсіп тарқасты.