Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өңірдегі жастар саясаты басты назарға алынды

Өңірдегі жастар саясаты басты назарға алынды

Бүгін Жұбанов университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшесі Геннадий Шиповских белсенді жастармен кездесті.

Кездесуде Ақтөбе облысында этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру мәселелері талқыланды.

Басқарма мүшесі, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рақым Бекназаров жиынға қатысушыларға келген қонақты таныстырып, өңірде жастар саясаты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға, жетістіктер жайында айтып өтті.
«Бүгінде біз Ақтөбенің ғана емес, тұтастай Қазақстанның абыройын әлемге асқақтатып жүрген, туып-өскен жерінің болашағына бей-жай қарамай, бойына мемлекетшілдіктің рухын сіңірген нағыз патриот жерлестерімізді мақтан тұтамыз. Оның ішінде әлемнің жарық жұлдызы Димаш Құдайбергенді ерекше атап өту артық болмас», — деді Рақым Ағыбайұлы.

Басқосуда Геннадий Шиповских мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жайында сөйледі. Қонаққа белсенділер көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

Сондай-ақ, кездесуде жастардың жұмысқа орналасу деңгейі, жұмыссыздықты жою мақсатында жасалып жатқан жобалар жайында айтылды. Бәсекеге қабілетті болуы үшін сапалы білім берудің өте маңыздылығы да тілге тиек болды. Жиналғандар облыста жастардың бизнес идеяларына қолдау көрсету үшін қандай жобалар жүзеге асатындығы жөнінде мәліметтер алды. Сонымен қатар өңірде жастар арасында волонтерлық қозғалыстың кеңінен дамып келе жатқандығы сөз болды.

Кездесу соңында Ақтөбе облысы бойынша қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген жоғары оқу орны және колледж студенттері марапатталды. Олардың ішінде Жұбанов университеті филология факультетінің студенті Тугай Шахмаров бар.