Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тұлпардың тұяғы

Тұлпардың тұяғы

Мерей

Тамырында тектілік тасып тұрған тұлпардың өзі де, жалы да, тіпті өзінен қалған тұяғы да текті болары сөзсіз. Тіл білімінің тұңғыш профессоры, кезінде білімнің биігіне шығып, солақай саясаттың жазықсыз құрбаны болған Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың тұяғы Асқар Жұбанов бүгінде атаның асыл жолын арқалап, білім шоғырын болашаққа мұра етіп қалдырып жатқандай.

Қазақ жадында «Жұбановтар әулеті» деген атпен сақталған саңлақтардың есімі қазіргі таңда өз биігін тауып, күн сайын бедерленіп келеді. Әдетте, ата жолымен жүрсін деген ниетте сәби атын әкенің өзі қойса, Асқар Құдайбергенұлы өз әкесі мен өз есімінің қойылуы жайында былай дейді: «Мен 1937 жылдың 13 қарашасында тусам, әкемізді 19 қарашада «халық жауы» деген жалған айыппен ұстап әкетті. Әкем мені тек перзентханадан алып келіп қана үлгерген екен. Керек десеңіз, әкем менің атымның Асқар екендігін де біле алмай кетіпті». Расында, Құдайберген Жұбанов өмір есігін жаңа ашқан жас сәбиінің дидарын ғана көріп, есімімен шақыра алмай кеткен.

Ал Асқар Жұбановтың есімінің қойылуының өзіндік бір тарихы бар. Ол жайында тіл маманы, филология ғылымдарының кандидаты, халық ағарту ісінің озық қызметкері Мүслима Құдайбергенқызы өткен шақтың сағынышты сәттерін ой елегінен өткізе отырып, былайша еске алады: «Ағасы бардың жағасы бар» деп халқымыз тегін айтпаған. Асқар алты баланың ең кішісі болғандықтан, алдындағы апа-ағалары шама-шарқына қарай әкесінің жоқтығын сездірмеуге тырыстық. Атын да өзіміз қойдық. Сол кезде Ақырап екеуміз А.С.Пушкиннің «Руслан и Людмила» деген поэмасын оқып жүргенбіз. Ақырап сол поэманың кейіпкерлері Руслан мен Ратмир деген аттың бірін қойғысы келді. Мен қарсы болдым. Маған бұл аттың екеуі де қазақ баласына жараспайтындай көрінді. Ақырап ойланып: «Ендеше Еуропаша Оскар деп қойсақ қайтеді?» — деді. Осы кезге дейін үндемей отырған Есет: «Оскарың қазақша Асқар болып кетеді ғой», — деп пікір айтты. Менің құлағыма жағып кетті, жүгіріп мамама бардым: «Мама, Асқар деген сөздің мағынасы қандай?» — дедім. Мамам: «Асқар деп тауды айтады. «Биік» деген сөз ғой», — деді. «Олай болса, біздің кішкентай ініміз қол жетпес биік болсын», — деп, атын Асқар қойдық».

Міне, енді кезінде апа-ағалары есім іздеп отырған кішкентай Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов бүгінде, шынымен де қол жетпес асқарға айналып, сексеннің сеңгірін еңсеріп отырған ел есіндегі ер, «Жұбановтар әулетінің» абыз ақсақалы.

«Шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқаннан тағдырдың тепкісін көрген кенже бала  Асқар өзінің екі аға, үш апасы, «халық жауының әйелі» атанған анасымен бірге Қазақстанның бір қиырынан екінші шетіне қоныс аударып, көшіп жүруге мәжбүр болды. Атажұрт — Ақтөбе өңірі, Алматы, солтүстіктегі Петропавл, қайтадан Алматы деп, қашан ардақты әке есімі «ақталғанша» бір жерде тұрақтатпады. Алдымен Құдекеңнің — Құдайберген Жұбановтың әкелік мейірімі мен тәрбиесін, Ахаңның — академик Ахмет Жұбановтың қамқорлығы мен көмегін, жақсылығын көріп өскен, қала берді, қанға біткен қайсарлықтың арқасында әкеден шиеттей жетім қалған алты сарыауыз балапанның жерде қалғаны жоқ: отыз жылдай Алматыдағы сурет училищесіне басшылық еткен Ақырап, профессор Есет, «Әліппенің» авторы, ұстаз Мүслима, экономист Қызғалдақ, Қырмызылар есімі еліміздің тарихымен бірге өрлеп жатыр. Солардың бірі — бүгінде әке ісін жалғастырып, қазақ тілі  білімінің тың саласының түренін тартып, тізгінін ұстап отырған профессор Асқар Жұбанов», —  дейді тектілердің тегін зерттеуші, академик Рабиға Сыздық.

«Сол кездері әкемнің туған інісі, белгілі композитор Ахмет Жұбанов жеңгесін де (анам – Раушан Оспанқызы) ағасының тағдыры күтіп тұрғанын сезіп, анамды алты баласымен (үлкені қызы 12 жаста, маған – 4 ай) Ақтөбе облысы, Жұрын районындағы әкемнің туған ауылы — Жаңатұрмыс колхозына көшіп кетуіне кеңес береді. Анам көнеді. Содан кейін Ахаң өзімнен үлкен апа-ағаларымды ауылдан Алматыға біртіндеп шақырып алып, орта мектептерін бітіртеді. Ең соңында біздер, яғни анам, Қырмызы және мен Ахмет ағамызбен келісілген уақыттан бұрынырақ Алматыға қайтып оралдық (1949 ж.). Сол жылы мен №18 қазақ орта мектеп-интернатының 4-сыныбына оқуға түстім», — дейді Асқар Жұбанов өзінің білім алу жолындағы ең алғашқы табалдырығына тоқтала отырып.

Сондай-ақ, ол білім алаңына келу жолының тарихынан да ұзақ сыр шертеді: «Мен Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетін 1960 жылы үздік бітірдім. Мамандығым — физика-математика пәндерінің мұғалімі. Сол жылдан бастап, аталған институттың жолдамасымен Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтының жоғары математика кафедрасында мұғалім-ассистент болып қызмет істедім. Осы институтта 7 жылдай жоғары математика пәнінен дәріс оқыдым. Сол кездерде Қазақтың Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында қызмет істейтін Есет Жұбанов деген ағам Мәскеу, Ленинградтан келген белгілі ғалымдардың тіл білімінің жаңа саласы — математикалық лингвистикадан оқыған дәрістеріне қатысуымды сұрады. Міне, сол дәрістерді тыңдағаннан кейін, математик мамандардың да тіл саласын зерттеуі аса қажет екендігі туралы жақсы түсінген болатынмын. Осы саланың белгілі қазақ ғалымы Қалдыбай Бектаев, институт директоры академик Ісмет Кеңесбаев, Бүкілодақтық «Тіл статистикасы» тобының ғылыми басшысы Р.Г. Пиотровский, тілші-ғалым ағайым Есет Жұбанов менің осы жаңа саланы таңдап, аспирантураға түскенімді жөн көріп, кеңес берген еді. Сөйтіп, жоғары оқу орнындағы мұғалімдігімді қойып, математикалық тіл білімі деген жаңа мамандық бойынша аспирантураға түстім. Белоруссия астанасы Минск қаласындағы Лингвистикалық университетте үш жыл іссапарда болып, осы саланың белгілі ғалымдарынан дәріс алдым.

Аспирантурада оқып жүріп, М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы тілдік бірліктердің статистикасын және олардың ықтималдықтар теориясының қандай заңдылықтарына бағынатындығын зерттеп, 1971 жылы «ЭЕМ көмегімен қазақ мәтінін статистика-лингвистикалық зерттеу» атты кандидаттық диссертацияны үздік қорғап шықтым. Сол кездегі Қазақ ҒА-ның  Тіл білімі институтының директоры Ісмет Кеңесбаевтың қолдауымен институтта қазақ тілі бойынша статистикалық зерттеулерді ЭЕМ көмегімен жүргізетін шағын құрамдағы ғылыми топқа алғашында Қ.Бектаев, сосын мен өзім ғылыми жетекшілік еттім. Нәтижесінде, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында сол кезде «Қолданбалы тіл білімі» (қазіргі кезде «Компьютерлік лингвистика») деп аталатын бөлім ашылып, ғылыми зерттеулердің сапасы айтарлықтай арта түсті. Осылайша мен өзімді, әкем — қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың тіл біліміндегі ғылыми жолын жалғастырып келемін деген ойдамын.

Кандидаттық диссертацияма ғылыми жетекшілік еткен ұстазым — физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Қалдыбай Бектаев болды. Қазақстанда математикалық лингвистика саласының дамуына және менің қол жеткізген ғылыми жетістіктеріме бұл ғалымның сіңірген еңбегі аса зор деуге болады.

2001 жылы «Қазақ мәтінінің мазмұнын формалдаудың негізгі принциптері» деген тақырыпта докторлық диссертацияны үздік қорғап шықтым. Ғылыми кеңесшім — Минск қаласындағы Лингвистикалық университеттің профессоры, математикалық лингвистика саласының белгілі ғалымы — Александр Васильевич Зубов болды.

Қорыта айтқанда, қазақ тілін жаңа бағыттардың әдіс-тәсілдерімен зерттеу, негізінен екі кезеңнен тұрады деуге болады, оның алғашқысы – «Қазақ тілінің статистикасы» бағытына байланысты болса, ал екіншісі — «Қазақ тілінің лексикография саласын автоматтандыру» мәселесіне тікелей қатысы бар. Бірінші кезеңде қазақ тілінің әртүрлі мәтіндері (стильдері) бойынша компьютер көмегімен түзілген жиілік сөздіктер негізінде әртүрлі статистикалық мәліметтер алынды, нәтижесінде бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. 1971 жылдан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында (менің тікелей ғылыми жетекшілігіммен және қатысуыммен) «Қазақ тілінің статистикасы», «Компьютерлік лингвистика», «Қазақ тілі деректерінің компьютерлік базасын құрастыру» және «Қазақ тілінің ұлттық корпусын құру» мәселелеріне қатысты ғылыми ізденістер жүргізілуде».

Асқар Жұбановтың ғылымдағы жолы туралы Мүслима Құдайбергенқызының айтқан сөзі бар: «Дегенмен, ойламаған жерден Асқарды әке жолы өзіне тартты. Олай деп отырғаным, Алматы Ғылым академиясының Тіл білімі институты дәуір талабына сай, қолданбалы тіл ғылымына байланысты аспирантура курсын ашты».

«Әрине, математик Асқардың тілшілік (математикалық-тілшілік, болмаса тілшілік-математикалық) жолды таңдауы оңай болмады. Алдымен, әке жолын қуып, туабітті тілші һәм әдебиетші бола білген, сөзі ұзын, қаламы жүйрік Есеттей ағасының үгіт-насихаты бір себепші болса, екіншіден, көзі көрмесе де құлағы қанық ғалым әкесін арбаған тіл ғылымының тұңғиығына  өзі де ең болмағанда бір рет сүңгіп шығуға аңсары ауғаны кәдік. Сөйтіп, 1967-1970 жылдары қазақ тілін кешенді зерттейтін жалғыз қарашаңырақ  — Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының күндізгі бөлімінің аспиранты болады және осы үш жылын одақтық деңгейдегі математикалық лингвистиканың үлкен орталығы — Минск қаласындағы Шет тілдер институтында өткізді. Осы жерде өзі секілді аспирант, бірақ кейін ғылым жолында ұстазындай бола білген А.В.Зубовпен табысып, күні бүгінге дейін араласып, ақылдасып тұрады. Ол жылдары статолингвистердің негізгі құралы – ЭЕМ (электронды есептеуіш машина), оның өзі қазақша «сөйлеп» көрген емес. Оған арнайы бағдарлама түзіп, түрлі сөз табына жататын сөздерді, сөз қолданыстарды машина көмегімен анықтап, неше түрлі жиілік, кері алфавиттік сөздіктер түзу сияқты тың істердің басында тұрған, тура мағынасындағы «пионер» ғалым Асқар Жұбанов болатын. Осылай тыңға түрен сала жүріп ол 1973 жылы кандидаттық жұмысын табысты қорғады және осы жолдағы ұзақ жылғы ізденістерін «Квантативная структура казахского текста» деген атпен («Ғылым», 1987) жарыққа шығарды. Осылайша қазақ ғалымы қазақ тілі мәтіндерін ЭЕМ-нің жасанды миында «қайнатып» алып, алғаш рет ана тіліміздегі  тілдік  бірліктердің (сөзформа, негіз сөз, әріп, әріп тіркесі, т.б.) автоматтанған жиілік сөздіктерін құрастырудың алгоритмі мен бағдарламасын жасап шығып, оны іске қосты.  Сонымен бірге қазақ мәтініне сүйене отырып жалпы түркі тілдері мәтіндерінің ықтималдық-статистикалық моделін жасап шығудың алғашқы нәтижелеріне қол жеткізілді. Математикалық статистика мамандары ғана түсіне алатын Нормаль, Пуассон, Шарлье үлестірілімдік заңдарына сүйене отырып, қазақ мәтініндегі зат есім мен етістіктердің алғашқы заңға бағынатынын, көпшілік жағдайда үстеу сөздердің Пуассон заңы мен Шарлье заңының В түріне байлаулы екеніне алғаш рет көз жеткізілді. Осылайша қазақ мәтініндегі мыңдаған сөзқолданыстардың кездейсоқ бас қосып, қайнаған материалдар емес, сөз таптарына ажыратылу, үлес салмағы тұрғысынан белгілі бір ықтималдық-статистикалық заңдылыққа бағынатыны дәлелденді», — дейді Рабиға Сыздықова.

Бір-бірін тілге тиек ете отырып сөйлейтін саңлақтардың айтқан әр сөзі біз үшін тарих, әрине. Мысалы, Асқар Жұбанов өзінің республика ҒА-ның Тіл білімі институтында аяқ астынан басталған әке жолы – тіл білімі саласындағы алғашқы қадамдарының куәсі болған тұлғалар жайында былай дейді: «Тіл білімі институтында әкемнің шәкірттері Мәулен Балақаевтың, Ғайнетдин Мұсабаевтың және әкемнің ғылыми шығармашылығымен тығыз айналысып жүрген Рабиға Сыздықова апамыздың қызмет ететіні, айта берсек, бұл институтта тіпті менің әкемді білмейтін жан жоқ екендігі менің төбемді көкке жеткізді, тұлабойымды сөзбен жеткізе алмайтындай, бір түсініксіз сезім, қуаныш билеп кетті. Өз шешіміме өзім риза болғандай болып, қазақтың «әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген мақалы есіме түсті. Іштей, өзім шешім шығардым – әкемді тірідей көрмесем де, көргендердің, әкем жайлы сөз ететін ғалымдардың арасында жүргенім дұрыс. Қазіргі уақытқа шейін осы шешіміме ризамын», — деп түйіндейді автор өзінің тіл білімі жолына ауысқанына қуанатынын айта отырып.

«Теңізді тамшысынан тануға болады» демекші, тектінің тұяғы туралы да айтар сөздің тамшысын айтып үлгерсек, біз үшін қуаныш болмақ. Өйткені Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов туралы түгел сөздің айтып тауысу мүмкін емес. Оның өмір жолы мен ғылым жолындағы басып өткен іздері, сексен жыл ішіндегі меңгерілген ілім мен білімнің биіктігі ғаламдағы ешбір ғылымға бергісіз дүние, ал асқар тұлғаның адамшылық алдындағы ар-ожданы бір төбе. Ғалымның ғылым жолындағы дайындаған шәкірттері жайлы өз алдына бөлек баяндауға болады.

«Өмірдің жақсы да, жаман да жақтарын басымнан кешірдім, бірақ оның қиын тұстарының бәрі де әкемнің нақақтан «халық жауы» аталуымен салыстырғанда түк те емес сияқты», — дейді ғалым. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, өзі де сом асыл — мықты ғалым, айтулы азамат, үлгілі ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы халқымыз мақтанышпен қастерлеп атайтын «Жұбановтар әулеті» деген қымбат атты жоғары ұстап, кейінгі ұрпақтарға жеткізе бермектігі бүгінгі күннің біз түйсінген бір ақиқаты деп білеміз.

 Мұхтар МИРОВ,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

источник