Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбелік чемпиондар бас қосты

Ақтөбелік чемпиондар бас қосты

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтөбеде «Спортшы жолы» атты форум өтті. Жекпе-жек сарайында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, спорт ардагерлері, танымал спортшылар мен олардың ата-аналары, жас спортшылар қатысты.

Шара тәуелсіздік жылдары түрлі халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп, Қазақстанның Туын көтерген спортшыларымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды.

— 1991 жылы егемендігіміз жария етілген тұста болашағымыз қалай болар екен деп ойлағанымыз рас. Елдің болашағына күмән келтіргендер де болды. Тәуелсіздік алған тұста, ең алдымен, спортшылардың еңсесі көтерілді. Олар «Өз Туымыз бар, өз еліміздің намысын қорғайтын болдық» деп қуанды. Шекара ашылғанмен, бізде әлемдік жарыстарға шығатын мүмкіндік болған жоқ. Бірақ біз Елбасының сындарлы саясатының арқасында бүгінгідей дәрежеге жеттік. Біле білсеңіздер, еліміздің байрағы өзге елдің төрінде тек ел Президенті барғанда және спортшыларымыз жеңіске жеткен сәтте ғана көтеріледі. Бұл — тек спортшының ғана емес, тұтас ұлттың жетістігі.

Мен осы ретте балаларына сенім артып, спорт жолын таңдауға ерік берген ата-аналар қауымына ерекше алғыс айтқым келеді, — деген қала әкімі Асхат Шахаров 2021 жылдың қорытындысы бойынша жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен жаттықтырушыларды түрлі номинациялар бойынша марапаттады.

Шара барысында ақтөбелік чемпиондардың жұлдызды сәттері баяндалған бейнеролик көрсетіліп, олардың аналарының жылы лебіздерін тыңдады.

Форум барысында самбодан әлем чемпионы Есет Қуановтың анасы Гүлнара Қуановамен сөйлесудің сәті түсті.

— Есетті спортқа жетектеп әкелген әкесі. Бірақ жас кезімде ұлым болса, міндетті түрде спортқа беремін деп ойлайтын едім. Бүгінгі таңда екі ұлым да спорт саласында жүр. Балам әр жарысқа кеткен сайын, үйде тілеуін тілеп отырамын. Тікелей эфирде өтіп жатқан жарыстарын міндетті түрде қараймын. Бүгінгі шараға «Есеттің анасы» деп шақырған ұйымдастырушыларға рақмет. Есет — халықтың баласы, — деді ол.

Есет Қуанов — Ақтөбе қаласының тумасы. 1992 жылы 8 тамызда дүниеге келген. Есеттің есімі батыр атамыз Есет Көкіұлының құрметіне қойылған. Спортшы дүниеге келерден бірнеше апта бұрын Есет Көкіұлының 325 жылдығы тойланыпты. Ағайын-туыс ырым қылып, балаға батырдың есімін береді. Ал батыр бабамыздың есімін иеленген спортшы Есет атамыздың 350 жылдығы тойланып жатқан сәтте әлем чемпионатында жеңіске жетіп,  алтын медальды иеленді. Одан кейін де бірнеше әлемдік жарыстарда үздік нәтижелерген қол жеткізіп жүр. Есеттің ендігі арманы — олимпиада шыңын бағындыру.

Облыстық спорт және денешынықтыру басқармасы берген мәліметке сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында өткен 5 олимпиада ойындарына 18 ақтөбелік  спортшы қатысқан екен. Нәтиже бойынша, қоржынға 1 алтын, 2 қола медаль түсіпті.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ

/aqtobegazeti.kz/