Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Ерекше қажеттіліктері бар оқушыларға ҰБТ тапсыру жеңілдейді

Ерекше қажеттіліктері бар оқушыларға ҰБТ тапсыру жеңілдейді

2022 жылы ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар талапкерлердің ҰБТ тапсыруы жеңілдетіледі, сондай-ақ оларға тестілеуден өту үшін қосымша уақыт беріледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінде хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы ерекше қажеттіліктері бар талапкерлер ҰБТ-ны неғұрлым қолайлы жағдайларда өтуі үшін бірқатар шаралар қабылдайтын болады.

Осылайша, келесі жылы көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған оқуға түсушілер негізгі 240 минуттан басқа, тестілеу тапсырмаларын орындау үшін тағы 40 минут алады. Яғни, олар ҰБТ-ны басқаларға қарағанда ұзағырақ: 4 сағат 40 минут ішінде тапсыра алады.

«Біз үшін жұмыстағы ең басты бағдар — талапкерлердің мүдделері. Біз қазірдің өзінде ҰБТ-ны жылына бірнеше рет өткізіп жатырмыз және талапкерлердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін жағдай жасауды жалғастырудамыз. Олар үшін ҰБТ тапсыру уақыты тағы 40 минутқа ұзартылады», деді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Оның айтуынша, ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізіледі.

«Олар үшін сызбаларсыз, диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды. Бұған дейін бізге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай тапсырма берген болатын. Бұл өзгерістер олар үшін ҰБТ-дан өтуді айтарлықтай жеңілдетеді», деп қосты Руслан Емелбаев.

Білім министрлігінің хабарлауынша, 2022 жылы ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өткізіледі.

«Жұмыс орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын және қимылдарын жазу үшін қосымша алдыңғы веб-камера орнатылады. Фронтальды веб-камера оқуға түсушінің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде адамдардың ауыстырылуын болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет», дейді ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Ведомствода ҰБТ-2022 аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізілетінін түсіндірді.

«Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да бұзушылықтар фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады», деп қосты ведомствоның аспасөз қызметі.