Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Бірқатар тестіленушіге артық уақыт берілді

Бірқатар тестіленушіге артық уақыт берілді

Қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы 102 мыңға жуық адам қатысты. Биылғы ҰБТ-ның бұрынғы­дан бір өзгешелігі – алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеуде негізгі 240 минуттан бөлек, қосым­ша тағы 40 минут уақыт берілді. Сонымен қатар атал­ған санаттағы түлектер үшін сызбаларсыз, диаграммалар­сыз және схемаларсыз тест нұсқалары арнайы әзірленді.

Қаңтар айындағы тестілеуде бақ сынаған 100-ден аса қаты­сушының ішінде негізінен ерекше білім беруді қажет ететін 99 адам бар. Былтыр осы кезең­де көру, есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған 33 талапкер тест тапсырған болатын. Яғни олардың қатары көбейіп келе­ді. Демек, мұндай үміткерлерге қосымша уақыт беру туралы өзгеріс осыған байланысты болуы мүмкін.

Биылғы бірінші ҰБТ-ның нәтижесіне келсек, талап­кер­лер­дің 70%-ға жуығы шекті балл жинады. Бұл былтырмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Осыған сәйкес орташа балдың көрсеткіші де 7%-ға артып, ша­мамен 68 балды құрады. Ең жоғары балл 135 болды.

Ұлттық тестілеу орта­лы­ғы­ның директоры Руслан Емел­баев: «Қысқы ҰБТ биыл­ғы 25 қаңтар мен 22 ақпан ара­лығында 42 өңірлік тестілеу орталығында өтті. Тес­тілеу осымен екінші жыл қа­тары­нан ­электронды формат­та жүргізі­ліп келеді. ҰБТ кезінде талапкерлер сұ­рақ­тарға қайта орала алады және қағаз бланк толтыруға уақыт жоғалтпайды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері жақсарып, орташа балл айтарлықтай өсті. Сондай-ақ электронды формат тестілеудің ашықтығын қам­тамасыз етуге мүмкіндік берді. Орнатылған камералар арқылы тестілеу кезінде ереже бұзу фактілері де айтарлықтай азайды. Түлектердің басым бөлігі өзіне және өз біліміне сенетіні қуантады», дейді.

Білім және ғылым ми­нис­трлігінің таратқан ақпара­ты­на сүйенсек, былтыр қаң­тар айындағы ҰБТ-мен салыс­тыр­ғанда биыл тыйым салын­ған заттарды алып кіру әрекеттерінің саны азайған. Смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өткісі келген 90 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге аз.

«ҰБТ үш деңгейлі жүйе бо­йынша өткізіледі: Face ID жеке басын сәйкестендіру ар­қы­лы, жеке куәлік бойынша, сон­дай-ақ тестілеу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Биыл тестілеу ал­ғаш рет «бір компьютер – екі камера – бір тестілеуші» қағидасы бойын­ша өткізілді. Егер бұрын тесті­леу барысы әр компьютердің үстінде орна­ласқан бір ғана камерадан бақыланса, енді ҰБТ кезінде жеке тұлғаны сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік бере­тін екінші (алдыңғы) камера орна­тылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін ауди­ториядан барлығы 229 адам шығарылып, олардың нәти­желері жойылды», деп хабарлайды жауапты ведомство.

Тағы бір айта кететіні, биыл­ғы бірінші ҰБТ-да тү­лек­тердің 78,3%-ы тестілеуді қазақ тілін­де, 21,5%-ы орыс тілінде, 0,16%-ы ағылшын тілінде тапсырған.

 

/egemen.kz/