Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Халық пен биліктің диалогы

Халық пен биліктің диалогы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде конституциялық реформаларды түсіндіру мәселелеріне арналған «Қазақстанда референдум өткізілуінің мақсаттары мен міндеттері» атты дөңгелек үстел өтті. Университет ұстаздары мен студенттері еліміз саяси өзгерістерді бастан кешіріп жатқан қазіргі уақытта әрбір тұрғынның дауысы маңызды екендігін баса айтты.

Филология ғылымдарының кандидаты, «Жұбановтану» ғы­­лы­ми-зерттеу орталығының же­­тек­ші­сі Мұхтар Миров 5 мау­сымда болатын референдумға университет ұжымы бір кісідей атсалысуға дайын деген пікірде. Осы кезге дейін оқу орны қа­бырғасында конституциялық реформаның 45 бағыты бойын­ша жүйелі іс-шаралар өт­кізіл­ген.

«Қазақстан қоғамы саяси ре­­­фор­малар табалдырығында тұр. Мұның негізгі бағыттары – суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тарту, билік өкілет­тік­терінің қайта бөлінісі, Пар­ла­менттің рөлі мен мәрте­бе­сінің өзгеруі, халықтың ел басқару ісіне араласуы, азаматтардың құқын қорғау тетіктерінің күшейтілуі. Біз енді қоғамдық-саяси жаңару бағытына бет түзейміз, рефор­малар жемісін халық көп кешік­пей сезіне бастайды», деді уни­вер­ситеттің қазақ тілі мен филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Гүлжан Шоқым.

Доцент Нұрбол Сәдуақас ре­фе­рен­думның тарихи мәні мен ма­ңызына тоқталды. «Конс­ти­туция мен басқа да маңызды заң­дар­ға өзгерістер ел тұрғын­да­ры­ның ұсыныс-пікірлері арқылы жолға қойылады. Сол үшін әр отандасымыздың референдумға қатысуы өте маңызды. Азамат­та­ры­мыз өте белсенді, кей ұлт жан­ашырлары қазақ тілінің мәр­те­бе­сін көтеру туралы да ұсыныс біл­дірді. Расында да, қазақ тілінің басқа тілдермен бәсекелестікке төтеп беруі үшін не істейміз деген сұрақ бәрімізді де ойландыруға тиіс», деді ол.

Құқықтану кафедрасының оқытушысы Лаура Тайжанова ел Конституциясына енгізуге ұсы­ныл­ған өзгерістер мен толық­ты­рулар бойынша түсіндірме жасады. Ол Конституциялық реформа қоғамның сұранысы мен ұсынысынан туындағанын айта келе, Президенттің саяси реформаларды жүзеге асыру мақсаты – билік пен халықтың арасында диалог құру екендігіне тоқталды.

Оқытушылық құрамды Конс­ти­­ту­циялық Кеңес пен Конс­ти­туциялық сот өкілеттіліктерінің айырмашылығы қызықтырды. Жаңа өзгеріс бойынша Конститу­ция­лық сот он судьядан тұрса, оның алтауын Парламент, төртеуін Президент тағайындайтын болады. Конституциялық Кеңеске қа­тысты сұрақтардың аудандар­ды аралағанда бірнеше рет кө­те­ріл­генін атап өтті универ­ситет оқытушысы, доцент Нұрдәулет Алдашев. Оның айтуынша, жұрт Конс­титуциялық сот пен Конс­ти­туциялық Кеңестің айырма­шы­лығын білгісі келеді. Ендігі жерде Конституциялық сот та­ғайын­дайтын судьялар тәуелсіз бо­лады, құқықтық органдардың заңдары мен шешімдерін осы жоғары құзырлы орган ғана жоя алады. Конституциялық Кеңесте қаралған мәселе бұрын тіке­лей Президент төраға­лы­ғы­мен ше­ші­ліп, Кеңес төра­ғасы көте­ріл­ген мәселенің Консти­ту­ция­ға сәйкес не сәйкес еместігін анықтаумен шектелетін.

Оқытушылық құрам мен студенттер қоғам күткен өзгерістер заң­мен бекітілсе, оны орындау әрбір саналы азаматтың жауап­кер­шілігіне жататындығын атады. Пікірталасқа қатысушылар референдум азаматтық қоғам­ға жетектейтін жол деген қоры­тын­ды­ға келді.

Ақтөбе облысы

/egemen.kz/