Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жанардың арманындағы Қазақстан

Жанардың арманындағы Қазақстан

25 қазан — Республика күні қарсаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбына эссе жазудан конкурс жарияланды.
Конкурс жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, мемлекеттің жарқын болашағына деген сенімін арттыруға бағытталған болатын.
Қазақстан бойынша конкурсқа 100 жас қатысып, 5 ЖОО студенті​ жеңімпаз атанды. Бес жеңімпаздың бірі — Zhubanov University
«Химия-биология» білім бағдарламасының 3-курс студенті Жанар Абдуллаева. Конкурс жеңімпазымен эксклюзив сұқбат. Жанардың арманындағы Қазақстан қандай екенін білген​ Гүлнара Дауылбайқызы.

Жанар, қуанышыңыз құтты болсын! Сіз армандаған Қазақстанды қалай суреттегеніңіз жайында айтып берсеңіз..

-Құттықтауларыңызға көп-көп рақмет!
Мен Қазақстанның келер шағы​ жастардың қолында екенін жаздым. Жаңа Қазақстанда менің замандастарым туған тілін құрметтейді, өз тілінде еркін сөйлейді, сонымен бірге әлемдегі ең озық, кем дегенде үш тілді меңгереді, бірақ Отанын шетелге айырбастамайды, иманы мен дініне берік болады, ата-баба мұра қылған салт-дәстүрімізді жаңғырта жүріп, аянбай еңбек етеді. Осындай жастар ғана елін сүйіп, оның дамуына бар күшін салады.

Эсседе сіз жазған мәселелер белгілі жайттар. Соның қайсысының шешіміне өз үлесіңізді қосып жүрсіз?

— Қазір «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген сөз жиі айтылады және мен бұл сөзбен толықтай келісемін. Осы уақытқа дейін еріктілер қатарында болдым, олардың жұмысымен етене таныспын, мен білетін жұмыстардың ішіндегі ең сауабы мол жұмыс​ екендігіне көзім жетті.
Ең бастысы өз тілімді жетік білемін деп кеудемді керіп мақтана аламын, дегенмен қазақ тілінің сөз байлығы өте мол, әрі қарай игерсем деймін.​ Сонымен қатар әлемдік тілдерді меңгеруде өз бетімше жұмыс жасап жатырмын. Көптен бері ойлап жүрген жоспарым да бар. Ол алдағы уақытта тәрбиелік мәні бар туындыларымның жинағын кітап қылып жарияласам деген мақсат.
Оқуымды ойдағыдай аяқтап, елімнің дамып, өркендеуіне өз үлесімді қосарыма сенімдімін.

Конкурста жеңімпаз атанған құрбы-құрдастарыңызбен жақын танысып, конкурс тақырыбына байланысты өзара пікірлесу мүмкіндігі болды ма?

-Бұл байқауға 100-ден аса жас қатысты. Соның ішінде 5-еуіміз дара шығып, жеңімпаз атандық.​ Жеңімпаздар​ Қазақстанның әр аймағынан: Тараз, Көкшетау, Қызылорда, Екібастұз және мен Ақтөбеден жиналдық. Мен жеңімпаз студенттермен Нобель сыйлығының лауреаттарымен бірге ұйымдастырылған​ таңғы ас кезінде таныстым,​ жазған эсселеріміздің мазмұнын талдадық. Соңында біз армандаған Қазақстан бір ел екеніне көз жеткізіп, бір толқында ойланатынымызды байқадық.
Сонымен қатар марапаттау рәсіміне барған уақытта ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі​ ​ Қуаныш Ерғалиев​ әрқайсымыздың эссемізді жеке оқып таныс болғанын айтты және эссені бағалаушы тіл мамандары​ ерекшелігімізді атап өтті. Соның ішінде менің эссемнің ерекшелігі соңына жалғаған жыр жолдарымда екенін айтқан болатын.

Фотоларыңыздан көрдік, атақты адамдармен бірге тұрсыз. Олар жастарға не туралы мотивация берді?

-ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі конкурс жеңімпаздарына Нобель сыйлығының лауреаттарымен таңғы аста, бір дастарқан басында отырып, қызықтырған сауалдарымызға жауап алуға мүмкіндік берді.
Шараға 2007 жылғы әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты, Инчхон университетінің профессоры Рае Квон Чунг, U.S.Elite International бас директоры Трейша Торп және жаһандық «Мұғалім-2021» сыйлығының иегері Кейша Торп, бас футуролог және SAP Future Hub басшысы Мартин Везовски​ тағы да басқа ғалымдар қатысып, конкурс қатысушыларына жылы лебіздерін арнап, Қазақстан экономикасы мен экологиясына қатысты​ мәселелер туралы өзіндік пікірлерімен бөлісіп, біздің сұрақтарымызға жауап берді.
Мен үшін осындай әлемдік тұлғалармен бір дастарқан басында отыру үлкен мәртебе болды!

Сіз армандайтын Қазақстанда шамамен қашан өмір сүреміз деп ойлайсыз?

-Бұл сұраққа өлең жолдарымен жауап қатқанды жөн көрдім:
Маған арман болған мына болашақ,
Біраз уақыт кетіп қалад(ы)​ болжасақ,
5 немесе 10 жыл​ кетер көп болса,
Тоқтаусыз мен жырлай берем егер де,
Шіркін мынау ел тағдырын қозғасақ…
Жазбамдағы көп нәрсе емес, зер салсақ,
Орындалмас қиял емес, аңдасақ,
Бұл арманның туар күні​ болмас алыс,
Ұрпақтың тәрбиесін қолға алсақ!

«Жанардың арманындағы Қазақстанды» бірге құрайық, Жанар! Сұқбатыңызға рақмет!

Zhubanov University облыстық газеті, №10(478).