Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > ҚР Президенті сайлауының қорытындысы: Педагогикалық білім берудің даму перспективалары

ҚР Президенті сайлауының қорытындысы: Педагогикалық білім берудің даму перспективалары

Тәуелсіз қазақ елінің тарихында айтулы маңызды оқиға 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтті. ҚР Орталық сайлау комиссиясы отырысында Президент сайлауының түпкілікті қорытындысы жарияланып, сайлау нәтижесі бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басымдық танытты. Қазақстан халқы ерікті түрде өз таңдауын жасады, бұл таңдау  қазақстандықтар үшін алдағы жеті жылға елдің түрлі саладағы даму бағытын айқындап, ел тағдырын Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырудағы маңызды  қадам болды.

Сайлаушылардың  81,31%-ы дауыс беріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайта сайлануы жаңадан бастау алған қоғамдық-саяси маңызды істердің қарқынын сақтауға және Қазақстан халқының мүддесі үшін жарияланған реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктің берілуі. Қазақстан халқының таңдауы – бұл  ұлт  тәуелсіздігін сақтап қалудағы тұрақтылық пен елдің бірлігін, ынтымақтастықтығын нығайтудағы, оның келешектегі даму бағыттарын айқындайтын жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы сенімді таңдаудың жасалуы. Осы ретте мен бұл жеңісті ең алдымен, осы мемлекеттің азаматы, қоғамның мүшесі, ана ретінде, екіншіден адам капиталын құрушы педагогика ғылымының өкілі ғалым-педагог ретінде отандастарымның, келешек ұрпақтың жарқын болашағы мен игілігі үшін мемлекет басшысы қолға алған жаңа реформалардың, жаңа тұжырымдамалық идеялардың жаңғыру үдерісінің заңды жалғасын табуы деп  қабылдаймын.

Елдің дамуы қашан да, ең алдымен білім беру жүйесі арқылы бағаланады. XXI ғасырдағы алдыңғы қатардағы, дамыған ел дегеніміз  білімді, белсенді, денсаулығы мықты, еңбекқор азаматтары бар, ұлттық рухы биік мемлекет екендігі сөзсіз. Тәуелсіз ел тірегі білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірде күн тәртібінде тұрған басты мәселенің бірі – білім беру мен ғылымды дамыту. Осындай игілікті істердің көшбасшысы ұстаздар қауымының кәсіби даярлығы сапасын қамтамасыз етудегі алдағы мақсат, міндеттердің мемлекеттік деңгейде қолдау табуы өте маңызды.

Отандық жоғары оқу орындарының басты міндеттерінің бірі – болашақ мұғалім мамандар тұлғасын үздіксіз қалыптастырудың негізгі кезеңдеріне ерекше мән беріп, оны дамытудың озық әлемдік тәжірибесін пайдалану, ұлттық құндылықтарға негізделген білім мен тәрбиенің бағыттары мен жолдарын анықтап, жаңа моделін ұсыну. Педагог  мамандарды даярлау сапасын қамтамасыз етуде ең алдымен уақыт талабына сай білім алушылар сұранысын қанағаттандыратын жүйелі, сапалы, міндетті білімнің берілуі маңызды болмақ. Білім берудің жоғары деңгейі – кәсіби шеберліктің сөзсіз құрамдас бөлігі және оның түпкі нәтижесі түлектердің кәсіби-педагогтік қызметке дайындығының сапалы болуы. Бұл орайда педагогикалық мамандар даярлайтын жоғары мектептер алдына қойылып отырған мемлекет талабы бұрынғыдан да күшейіп отыр.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас педагогтардың  кәсіби біліктілік деңгейін анықтау мақсатында қосымша тестілеуден өтіп, «Педагог» біліктілігін алуға міндеттелуі кадрлар даярлау ісінде санның емес, сапаның маңызды мәнге иелік етуінің уақыты келгенін көрсетуде. Демек, төрт жыл бойы мұғалім ма­мандығын оқыған студент мек­тепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыруға міндетті. Жас маманды жұмысқа қабылдаудағы бұл жаңа ереже педагогикалық бағытта маман даярлайтын жо­ғары оқу орындарының жұмысына жаңа серпін беретін талаптың артқандығының дәлелі. Университеттер үшін жаңа талаптар олардың жұмысының деңгейі мен сапасын айқындаушы басты көрсеткішке айналуда. Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов: «Біз жоғары оқу орында­ры­ның білім беру қызметінің сапа­сын жақсарту мақсатында, мек­тепте қызмет етуге тек мықтылар келуі үшін жұмысты әрі қарай жал­ғастырамыз», — деп ескертті. Демек, сыннан сүрін­гендер «ұстаз» деген атқа ие бола алмайды. Ал  бұл біріншіден, ЖОО-ғы педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын саналы таңдауға деген жас талапкерлердің, олардың ата-аналарының, екіншіден, жоғары мектеп басшылығы мен академиялық ұжымның студенттерге сапалы білім берудегі жауапкершілігін арттырары сөзсіз.

Бұл орайда елдегі жоғары педагогикалық білім берудің сапасын арттыру мен жас ұрпаққа тәрбие беріп, адам капиталын қалыптастыру «индустриясының» өсу қарқыны күшейіп келеді. Елімізде озық цифрлық педагогикалық технологияларға негізделген үздіксіз кәсіби педагогикалық білім берудің тиімді жүйесін құру жұмысы қолға алынып, мемлекет басшысы мен үкіметтің тарапынан қоғамға қажетті терең білімді, біліктілігі жоғары мамандар даярлап шығару ісіне арнайы мемлекет тарапынан гранттар бөлініп, жан-жақты қолдаулар жүзеге асуда. Демек, бүгінгі және келешектегі ЖОО-да біз даярлаған маман-педагогтің жаңа типі – зиялылықтың, жоғары мәдениеттіліктің және шығармашылыққа икемді жан-жақты жетілген кемел тұлғаның озық үлгісі болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламалары мен Қазақстан халқына жасаған әр жылдардағы Жолдауларында жас қазақстандықтарға берілетін білім мен тәрбие мәселелесіне, еліміздегі барлық деңгейдегі білімнің сапасына айрықша көңіл бөліп, басым бағыттардың қатарында басты назарда ұстап,  білімнің сапасы табысты ұлт болудың  бір маңызды шарты деп бағалады.

Дегенмен, ХХІ ғасыр ұрпағының бойында ұлттық рухты оятып, ұлттық сананы тәрбиелеу жастардың түрлі кәсіби саладағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруда және халқымызға тән ұлттық кодты сақтап, жан-жақты білімді ұрпақ қалыптастыру мемлекеттің де, еліміздегі әлеуметтік институттар жүйесінің де, адам тәрбиесімен айналысатын Педагогика ғылымының да  көздеген түпкі ортақ мақсаты ретінде жүзеге асуы тиіс.

Ол үшін мемлекет басшысы айтқандай әр азамат әр салада халықтың сенімін  ақтауы керек. Елімізде жаңа саяси кезеңнің бастау алуы келер ұрпақтың жарқын болашағының кепілі. Барша еліміздің азаматтары жауапкершілікпен тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсу жолында түрлі саладағы реформалардың жүзеге асуында күш біріктіріп, жұмыла еңбек етеді деген сенімдемін. Бұл сенімді ақтап, «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген формуланы берік ұстана отырып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басшылығы және профессорлық-оқытушылық құрам «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», отандық педагогикалық білім берудің жаңа көкжиектерін бағындыруда белсенді еңбек етеді. Кейінгі ұрпағына «Бірлік бар жерде, тірлік бар деп» қалдырған өсиеті ел өркендеуінің берік негізі – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын ынтымақта екенін ескерткен бабалар аманаты болатын.

Мемлекет басшысының ағымдағы жылы жасалған жаңа Жолдауына, сайлауалды бағдарламасына сәйкес  алдағы уақытта барлық күш-жігер Әділетті Қазақстанды құру ісінде қоғамдағы мұғалімдердің рөлінің айрықша екендігін атап көрсетумен қатар, бұл саладағы еңбек етіп жатырған әр азаматтың мүддесін қорғауға және ынталандыруға бағытталады. Әрі осы сала өкілдерінің алдына үлкен қоғамдық жаңа міндеттер артады. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көптеген жұмыстар жасалуда және олар болашақта өзінің заңды жалғасын табады деген сенімдемін.

 

 

Гульшат Бахтиярова,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті

Педагогика, психология және бастауыш оқыту кафедрасының меңгерушісі,

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент