Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өмірімнің бір бақыты

Өмірімнің бір бақыты

Zhubanov University​ «Физика» кафедрасының меңгерушісі, «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» мамандығы бойынша философия докторы (Ph.D.) Аймаганбетова Зухра​ Кураниевнаға жақында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің шешімімен «Физика» мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы берілді. Сондай-ақ ғалым «ЖОО үздік оқытушысы-2022» республикалық конкурсының жеңімпазы.

Зухра Аймаганбетова университетте 18 жылдан астам уақыт еңбек етеді. Ғылыми жарияланымдарының саны – 50. Хирша бойынша индексі — 6. Соңғы кезде табыстан табысқа жетіп жатқан ғалыммен кездесіп, қызыққан сұрақтарына жауап алған журналист Гүлнара Қараша.

-Физика ғылымына қызығушылығыңыз кездейсоқтықтан ба, мәселен, университетте оқытушы болғасын ғылыммен шұғылдану керек деген қажеттіктен туындауы мүмкін. Әлде әуел баста физика саласында ғылыммен шұғылданып, нәтижеге жетемін деп мақсат еттіңіз бе?

-Физика пәні менің өзімнің қалауым. Мектеп бітіріп​ мамандық таңдағанда осы физиканы таңдадым,​ менің әкем де, анам да физика пәнінің мұғалімдері. Дегенмен, мен осы мамандықты таңдағанда ата-анам бұл мамандықтың қиындығы мол, әрі қыз балаға тіл, әдебиет, тарих пәндері​ қолайлырақ​ болар деп ұсыныс айтқан болатын. Алайда менің қалауымның​ шынайылығын сезген ата-анам қарсы болмай, қайта осы мамандықты жетік меңгеруіме көп қолдау көрсетті.
Қазір олар зейнеткерлер. Уақыт өте мамандығымды игеру барысында ғылыммен шұғылдануға ықыласым ауды.

Соңғы жылдары ғылыммен айналысу трендке айналып барады, көзқарасыңыз?

-Соңғы жылдары ғылыммен айналысу​ трендке айналып бара жатқаны рас. Өз басым бұл бағытты қолдаймын.​ Өйткені ғылыммен айналысу қазіргі заман талабы. Еліміз өркениетті​ елдер қатарына қосылу үшін алғашқы шарт – білім мен ғылымды дамыту.

Ғылымдағы​ бағытыңыз және неге дәл осы тақырып?

-Қазіргі таңда техника ғылымдарының дамуымен қоса конденсияланған күй физикасы да өзекті мәселе болып отыр. Менің аспирантура, магистратура және докторантура бойынша ғылыми жетекшім — сілтілігалоидты кристалдарды зерттеу саласы бойынша беделді ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев. Қ.Ш. Шүңкеевтің​ атақты ғылыми мектебінен өттім.Университетке 2006 жылы келгенде маған осы зерттеу тақырыбымды ғылыми жетекшім ұсынған болатын. Бекітілген тақырыбым бойынша ізденістер жүргізу кезінде қызығушылығым артып, зерттеу жұмыстарына ұласып, ғылыми жобаларға қатысудамын.

«Физика» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалғаныңызға ұзақ уақыт болмаған тәрізді. Қандай білім бағдарламалары жасақталған? Салаға қызығатын жастар қатары көп пе? Қыздар ше?

-«Физика» кафедрасының меңгерушісі болып 2019 жылы тағайындалған болатынмын. Үлкен ұжымға басшылық ету әрине оңай емес. Дегенмен өзімнің ғылыми жолымды да қатар алып келе жатырмын. Оның дәлелі, жақында «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы — 2022» және «Физика» мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор атақтарын алуым.
Білім бағдарламаларына келетін болсам, «Физика» кафедрасында педагогикалық бағытта және ғылым бағытында «Физика» білім бағдарламасы бойынша бакалавриат, магистратура және ғылым бағытында докторантура бар. Салаға қызығатын жастар саны жылдан-жылға өсуде. Қабылданған студенттер саны әсіресе ғылым бағытында жыл өткен сайын көбеюде. Әрине, қыздар саны көп, өйткені жалпы статистика бойынша да елімізде қыздар саны көп қой.
Барлық білім бағдарламалары «Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі» КЕМ рейтингісі бойынша алдыңғы қатарда.
Сондай-ақ, кафедра жетістіктеріне де тоқтала кететін болсам, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ЖОО оқу бағдарламалар рейтингісінде алдыңғы орындамыз.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жыл сайын «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсы өткізіледі.​ Сол конкурста жыл сайын біздің кафедра оқытушылары жеңімпаз атанып жүр. Биылғы жылы кафедра профессоры Қ. Ш. Шүңкеев пен мен «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы — 2022» атағына ие болдық. Кафедра доценті А.К. Жубаев және мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Алғыс хатымен марапатталдық.
Осы оқу жылында кафедра оқытушысы М.К.Ахметова ҚР БҒМ «Жас ғалым» грантын иеленді. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.З. Бекешев университет тарихында алғаш рет 2022-2024 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық саланы бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға ие болды. Кафедрада ҚР ҒЖБ қаржыландыратын 5 ғылыми жоба іске асырылуда.
Университетімізде жыл сайын кафедралар арасында конкурс өткізіледі. Сол конкурста кафедрамыз жыл сайын «Үздік кафедра» номинациясын иеленіп келе жатыр.​

Осының алдында физикаға қызығатын қыздар саны туралы жай сұрамадым. Өйткені, бұрын физиканы нәзік жандарға лайық көрмейтін стереотип бар еді. Себебі физика ғылымында лабораториялық тәжірибелер көп уақыт​ бөлуді қажет етеді. Қазір қалай? Өзіңіз қалай үлгеріп жүрсіз? Отбасыңыз бар..

-Бұрынырақта​ физиканы​ нәзік жандарға онша лайық көрмейтін стереотип болғаны рас. Дегенмен бұл көзқарас соңғы кездері өзгеріп келеді.​ Соның айғағы физика саласын таңдаушылар арасында нәзік жандар көбейді. Әрине отбасылы адамға, оның үстіне әйел адамға ғылыммен айналысу оңай емес. Дегенмен оған шындап бет бұрған соң​ қиыншылықтарға төтеп беру​ қажет​ болды.​ Жұбайым, атам​ мен енем де менің ғылыммен айналысуыма көп қолдау көрсетті, осы жанашыр жандарымның арқасында отбасымызда қолайлы атмосфера орнықты. Жұбайым​ әскери қызметкер, үлкен қызым және ұлым жоғарғы оқу орындарында студенттер, кіші​ қызымыз мектеп оқушысы. Осылайша отбасыммен бақыттымын. Ал ғылым менің өмірімнің келесі, бір бақыты.

Zhubanov University облыстық газеті, №1(481), 2023 ж.